Қарағандының екі тұрғыны ана тілінің дамуына қосқан үлесі үшін марапатталды
Қазақстанда биыл алғаш рет ана тілінің дамуына қосқан үлесі үшін наградалар табыс етілді. «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісін 16 адам – лингвистер, қоғам қайраткерлері, ғалымдар, педагогтар иеленді.
Осы марапаттың алғашқы иегерлерінің арасында екі қарағандылық бар – тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлнарайым Қаңтарбекова және облыстық тілдерді оқыту орталығының директоры Алмагүл Игенова.
Төсбелгілерді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов тапсырды.
– Соңғы жылдары қоғамдық ұйымдардан мемлекеттік тілді дамыту мәселелерін көтеретін азаматтарға салалық наградалар әзірлеу туралы ұсыныстар келіп түсті. Біз бұл бастаманы қолдадық. Шешім мемлекеттік деңгейде қабылданды, – деді министр салтанатты жиында.
Ведомстволық марапат ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілді. «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен тілдерді дамыту саласында кемінде 10 жыл жұмыс өтілі бар қызметкерлер, тіл саясатын дамытуға ерекше үлес қосқан және тілдерді дамыту саласын жетілдіруге белсенді қатысқан азаматтар марапатталады.
Жомарт Шаймұрат