«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы отандық бизнесті қолдау үшін жасалды

Елорда әкімдігінде отандық тауар өндірушілерді қолдайтын «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының тетіктері талқыланған брифинг өтті. Бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында республикаға 600 миллиард теңге бөлінді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы жайлы Нұр-Сұлтан қ. Иневстициялар және кәспкерлікті дамыту басқармасының басшысы Ерлан Бекмұрзаев, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Нұр-Сұлтан қаласындағы аймақтық филиалының директоры Нұрсұлтан Абдолла және Нұр-Сұлтан қаласы Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Алмат Жүнісов баяндады.

«Қарапайым заттар экономикасы» жеңілдікті бағдарламасын іске асыру отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында ағымдағы жылы басталды. Ол 6% жылдық мөлшерлемемен жеңілдетілген несиелер ұсынады. Бағдарлама үшін екінші деңгейлі 9 банкке жалпы республика бойынша 600 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражат келесі бағыттардағы басым жобаларды қаржыландыруға үлестірілді:

— агроөнеркәсіптік кешендегі өңдеу — 100 млрд. теңге;

— агроөнеркәсіптік кешеніндегі өндіріс — 100 млрд. теңге;

— өңдеуші өнеркәсіп пен қызмет көрсету — 400 млрд. теңге.

Бағдарлама шарттарына сәйкес, банк несиені 15%-бен береді, оның 9%-ы «Даму» қорымен субсидияланады.