Қарақатқа қасиетті мешітті даңғаза жасауға жол берген кім?

Елге танымал әнші Қарақат Әбілдинаның мешіт ішінде той жасаймын деп, басы дауға қалды. Отандық БАҚ-тар жарыса жазды, телеарналардан көрсетті. 39 жасқа толған туған күнімен қосып, қазақтың «құрсақ шашу» дәстүрін жаңғыртпақ болған әртістің Құдай үйінде хормен ән салуы халықтың наразылығын тудырды. Жұрт мұсылман әдебіне жат амалға жол берген мешіт имамдарын айыптаса, енді бірі Қарақаттың шектен шыққан әрекетін сынға алды. Бұған кім кінәлі? Ал Құдай үйінде сауық құруға шариғатта рұқсат бар ма? Өнерде есімдері елге мәлім, орамал таққан қыз-келіншектер мешіт астындағы мейрамханада ән салды. Аста-төк дастарханның басында жалғыз еркек — туған күн иесі Қарақаттың жары Қыдырәлі Болманов қана болды. Оны да қыз-қырқын даңғаза әнмен қарсы алды. Халықты ашындырғаны да осы. Мешіт қызметкерлері танымал әншіге туған күнін әрі кетсе ұлттық аспаппен сүйемелдеп, адал жолмен атқаруына рұқсат беріпті. Даттаушылар да, жақтаушылар да көп. Көбісінің айтқандарының жөні бар. Қарақат қызым ақталып та жатты. Отыз шақты әйел айқай-шу шығарғанша, жарлы-жақыбайларды шақырып ас беріп, құран оқытса, сол сауап іс болушы еді деп ойлаймын. Біріншіден, тойшыл қазағым «құрсақ шашу беру» дәстүрі, меніңше, босанарға аз уақыт қалғанда болмаушы ма еді? «Қазан жарыс» беріп жатушы еді апалар. Аты дардай бас қаладағы бас мешітте осындай шараның өтуі ұят-ақ. «Атың шықпаса, жер өрте» дегендей, әлемге масқара болдық-ау.

Қарақаттың да уәжін тыңдап көрейік. «Мен мешітке барып, тазарғым келді», — дейді. Күлкілі емес пе? Қарақаттың өнеріне еш таласым жоқ. Бесінші баласын дүниеге әкелгелі отыр, қазақтың санын көбейтуге үлкен үлес қосып отыр. Бірақ жүкті әйелге біраз шектеулер бар. Мешітке барып сайран салу, оған Қыдырәлінің келіп, гүл тапсырып, бетінен сүюі, әйелдердің шаштары жалбырап,айқайлап селфилетуі көкейге қонбайды. Алланың үйіне барып туған күн тойлағанда Алла оның жүрегін тазартпайды. Күнəсіне күнə қоспаса. Мешіт — Алланың үйі. Алланың үйі тек Аллаға құлшылық жасау үшін ғана. Имамдар неге оған рұқсат берді? Той тойлау деген не масқара?!

Дегенмен, әншінің өзі Алла үйінде ән салғаннан әбестік көрмейтін сыңайлы. Тіпті ол ниетім түзу еді деп ақталды. Ал дінтанушылар мұндайға мүлдем жол берілмеуі тиіс еді дейді.

Кеңшілік Тышхан, дінтанушы:

— Бұндай іс-шараларға «халал» деп ат қою дұрыс емес. Жалпы, дін деген — судың бөгені сияқты нәрсе. Оған иненің көзіндей тесік ашсаң, бөген бұзылады.
Елден береке кетерде есерлер осылай қасиетіңді қадірлейді. Қасиетті орынның қасиетін кетірмей өзінің қатаң тәртібін сақтау керек емеспе…?! Егер қатаң тәртіппен жауаптыларды жазалап қолға алмаса,ертең бұданда сорақысы болады!

Атын шығарғысы келсе, жетім балалар үйіне барып, дастарқан жайғаны дұрыс болар еді. Сосын қонақтарын да сонда шақырсын. Балалар олардың да өнерін тыңдап, мәз болар еді. Мұнысы еш ақылға сыймайды. Әй, қызым-ай! Жұрттан бөлектеніп, көзге түссем, атым елдің аузында болса екен деген астамшылық кінəлі. «Қыдырдың туған күніне тоқал әперем» деп, айды аспанға бір шығарып күлкіге қалды, «Баламның атын Иманғали қойдым» деп, ақталып, тағы күлкі болды, ендігісі мынау. Жүкті əйел, мақтаулы əнші бұлай жасар деп ойламаған болар мешіт әкімшілігі. Халық аса құрметтейтін Майра, Айнұр, Тамара, Алтынайлар да тойда жүр. «Қазаннан қақпақ кетсе…» дейді халқымыз. Ойпырмай, жын ойнақ жасар басқа жер таппай қалды ма? Астанада халал тойханалар бар.

Мұсылман бауыры тағы қателікке ұрынбауы үшін сын айтылды. Қарақат ханым халыққа ренжімесін, қайта қуансын, халық оның қателігін түзеуге асықты. Осыдан сабақ алуымыз керек.

Қарақат емес, ҚМДБ немесе Қыдырәлі мырза, бәріміз кінәліміз!

Халықтың жанайқайы өте орынды. «Қырық жыл қырғын болса да, алмасын Құдай қырыңды» деген. Аш болсақ та, жоқ болсақ та, тоқ болсақ та, асыл дінімізге, Алланың үйіне үлкен жауапкершілікпен қарауымыз керек!.. Қасиетті орынның қасиетін кетірмесек, ағайын!

Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ,

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған