«Қарақаттың» өнерпаздары әдемі кеш сыйлады
Оралда ашылған «Қарақат» мектеп-студиясының балғын өнерпаздары «Қала күні – 2021» іс-шаралары аясында концерттік бағдарлама ұйымдастырды.
Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында өткен кешке Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі қолдау көрсетті. Аталған бөлімнің баспасөз қызметі хабарлағандай, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында сүйікті шаһарымыздың күніне орайластырылған мерекелік шараны ұйымдастыруға қалалық мәдени-ағарту бірлестігі ұйытқы болды.
Мерекелік шараға аталмыш бөлімнің басшысы Серік Қайырлиев қатысып, «Қарақат» мектеп-студиясының ұжымына қала әкімі А.Шыныбековтың алғыс хатын табыстады. Бүгінде өнер орталығы талай жеткіншекті білім нәрімен сусындатып, балалардың болашақ өміріне бағыт-бағдар беріп келеді. Он үш жылдық тарихы бар «Қарақат» мектеп-студиясы еліміздің 12 қаласында жұмыс жасап, қазақтың ән өнерін дәріптеуге үлес қосуда.
Өнер орталығынан ән мен биден тәлім алып жүрген кішкентай Тұмарым Алтынбек бұл кеште «Тәуелсіз ел ұраны» әнін орындады. Немересінің сахнадағы өнерін тамашалаған әжесі Тәтті Стамғазиева өнерлі балапанның бойындағы талантын шыңдаған жетекшілеріне ризашылығын білдірді. – Менің немерем «Қарақат» мектеп-студиясында мемлекеттік негізде оқып жүр. Оның енді ғана ұшқындай бастаған өнері мен дарынын ерте байқап, осындай мүмкіндік жасаған жетекшілері Аманбек Самалбекұлы мен Айнара Айбарқызына алғысым шексіз. Мұндағы әрбір баланың жұлдызы келешекте биіктен жарқырарына сенемін, – деді Тұмарымның әжесі.
Ләззат ҚАЖЫМОВА
БҚО Орал қаласы