Қаратаудағы қараусыз қалған ғимарат әкімдік меншігіне тегін тарту етілді

«Жомарт түлек» жобасы аясында таластық кәсіпкер Досан Рымтаев иелігіндегі қараусыз қалған қонақ үй ғимаратын аудан әкімдігіне тегін тарту етті.
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен облыста «Жомарт түлек» жобасы қолға алынған болатын. Ондағы мақсат-туған жерден түлеп ұшқан, түрлі салада табысты еңбек етіп жүрген түлектердің өмір жолын жас ұрпаққа үлгі ету, сонымен қатар, осы азаматтардың атсалысуымен туған жердің әлеуметтік мәселелеріне қатысты шараларды қабылдау және маңызды жобаларды іске асыру еді.
Туған жердің дамуына үлес қосып жүрген танымал азаматтардың басын қосқан «Жомарт түлек-2021» форумы Қаратау қаласында да ұйымдастырылды. Шараға кіндік қаны Талас топырағына тамып кейін елімізге белгілі болған тұлғалармен қатар, қайырымды істерге ұйытқы болып жүрген кәсіпкерлер қатысты.
Форумда түлектердің аймақтың дамуына қосқан үлестерін ерекше атап өткен аудан әкімі Қанатбек Мәдібек олардың еңбектеріне табыс тіледі.

 

Шара барысында сөз алған жазушы, журналист, Жамбыл облысының мемлекеттік архивінің директоры Көсемәлі Сәттібайұлы туған жерін көркейтуге қолдау танытып жүрген азаматтарға ризашылығын жеткізді.
–Әр азамат өз қабілетіне қарай көмек танытады. Мәселен, шығармашылық адамдары елдің есінде қалатын, өлмес туындылар сыйлайды, сөз қалдырады. Кәсіпкерлер демеушілік көмектерін көрсетеді. Кейінге үлгі болатын осындай азаматтар саны артса, еліміз көркейеді,-дей келе «бітер істің басына, жақсы келер қасына» демекші аудан басшылығына жаңадан келген Қанатбек Қайшыбекұлына Қаратау қаласының қақ ортасында қашаннан бері қараусыз тұрған ғимараттардың мәселесі шешіліп, халық кәдесіне жаратуды қолға алсаңыз деген тілегін де жеткізген болатын. Осы орайда қайырымды істің қасынан табылып, көптің алғысын арқалап жүрген белгілі кәсіпкер, ауданның Құрметті азаматы Досан Рымтаев көтерілген бастаманы қолдайтындығын жеткізді. Ізінше өзі басқаратын серіктестік меншігіндегі жоғарыда сөз болған ғимараттың бірі бұрынғы «Қаратау» қонақ үйін халықтың игілігіне тарту етті.

 

«Осы ғимаратты жақында бір азаматтар 60 миллион теңгеге сатыңыз деп сұрағанда бермей қойғам. Көсемәлі ағамыз орынды мәселе көтеріп отыр екен, аудан үшін аянып қалар жайым жоқ. Жергілікті әкімдікке аталған ғимаратты тегін тарту етемін. Тіпті, жөндеу жұмыстарына да атсалысамын» -деді халқы қаласа ханы түйесін соятын ұлттың ұрпағы.
Расында Қаратау қаласының қақ ортасындағы ғимарат бір кездері зәулім қонақ үй болған. Қаланың кескініне келбет, сәніне салтанат қосып тұрған. Кейін тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда жекенің қолына өтіп, қараусыз қалды. Тәуелсіздік жылдары Таласты басқарған талай әкім мемлекет меншігіне ала алмай кеткен ғимараттың орайы осылайша оңай шешілді. Досан Тасболатұлының ауданға жасаған мұндай тосын сыйына қатысушылар ризашылығын білдірді.Түптеп келгенде «Жомарт түлек» жобасын қолға алудағы мақсат та-осы.