Қарқаралыдағы Құнанбай қажы мешіті күмбезінің  ең алғашқы айшығы табылды

Қарқаралыдағы Құнанбай қажы мешіті күмбезінің ең алғашқы айшығы табылды. Қолды болған құнды жәдігерді көп іздеген жергілікті өлкетанушы, оны Қытайға металлға өткізіп жіберген жерінен тауып алған.

Мына айшық Құнанбай қажы мешітінің күмбеізнде өткен ғасырдың 30-шы жылдарына дейін тұрған. Кейін кеңес үкіметінің дінге қарсы саясаты жүріп, қызыл әскер жендеттері оны атып түсірген. Сол оқиғаның куәгері Сәдуақас есімді діндар ақсақал айшықты үйіне апарып, өмірінің соңына дейін көзінің қарашығындай сақтапты. Мұны белгілі ғалым Ағжан Машани білген әрі ол үйде бірнеше мәрте қонақ болған. Кейін мешіт ашыларда күмбезге айшықты қайта орнатуды ұсынған.

Белгілі өлкетанушы Ерлан Мұстафинің айтуынша: Ақжан Машани  осы айшықтың тарихын, қай  үйде екенін білген, бір туысына звондап, менде келемін мешіттің ашылуына, сол үйден барып алыңдар айшықты, орнына ілеміз деген. Бір себептермен Ақжан Машани  бара алмай, содан айшық жоғалады.

 

 

 

Өлкетанушы Ерлан Мұстафин кісі қолына өтіп кеткен тарихи жәдігерді көп іздеген. Ол туралы тарихи деректерді, естеліктерді жиыстырыпты. Ақыры аз күнде Қытайға өткелі жатқан металл арасынан тауып алған. Көнекөз жәдігерді бұған дейін көргендер жазбай таныпты.

Қазір айшық Ерлан Мұстафиннің үйінде сақтаулы. Келешекте мешіттің өзіне табыстамақ. Өлкетанушы алдағы уақытта Құнанбай қажы мешітінің тарихи құжатын және онда ертеректе имам болған тұлғалар туралы деректерді топтастырмақ. Ол үшін сол кездегі мүфтият жұмыс істеген Башқұртстанның Уфа қаласына сапарға шықпақ.

«Рухани жаңғыру» аясында ел тарихын  асқақтатуға, рухани дүниелерді қызғыштай қорғап жүрген Ерландай азаматқа алғысымыз шексіз.

Жомарт Шаймұрат