ҚАРТТАРДЫ ҚЫЖЫРТУ – ЖАСТАРҒА АБЫРОЙ ӘПЕРМЕЙДІ
«Ауылыңда қарт болса жазып қойған хатпен тең» деген бабалардан жеткен тәмсілді бүгінгі жастар қаперге алып жүр ме осы? Әй, қайдам. «Бас – басына би болған өңшең қиқым, мінекей бұзған жоқ па елдің сиқын» деген Абайды енді түсіне бастағандаймыз. Көпке топырақ шашпайын, бірақ жастар арасында «Шалдар кетіңдер!», «Орындарыңды жастарға беріңдер» деген ұраншылдық басым тәрізді. Ондағы ойлары – зейнетке жасың жетті, енді өз орныңды білге саяды. Дұрыс та шығар. Бірақ қаншама жылғы еңбегін елемей, істеген жұмысына баға бермей, жасы жеткен кісіні «атынан аударып тастау» жас – өскінге жараса ма? «Әкеңе не істесең, алдыңа сол келеді» дегенді білетін ұрпақ мұндай қадамға баруы мүмкін бе? Әлемдік жаңалықтардан хабардар жастар батыс пен шығыстағы, аузын айға білеген Америка құрлығындағы билік сатысындағы ұрпақтың «Қариялар мен әжелердің» ақыл –кеңесіне құлақ асып отырғанын түсінбеуі қалай? Менің бұл сөзімнен елді қариялар басқарсын деген сөз шықпауы керек. Алайда қарияның өмірлік тәжірибесін жаңа билік, жастар билігі – санасына сіңіріп, керегін алып, керек емесін күресінге лақтырып жатса жарасар деген ой ғана.
Бауыржан Момышұлы бір сөзінде: «Біріншіден, бесік жырын айтатын келіндердің азайып бара жатқанынан қорқамын, екіншіден немересіне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын, үшіншіден дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын. Өйткені бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр болама деп қорқамын…» деген екен.
Қазақ ұрпағына ұлағатты тәрбие бере алған, ұлтжанды ұл, қылықты қыз тәрбиелеген халық. Ал қазір біз сол ғасырлар бойғы ұлы құндылықтарымыздан ажырап барамыз. Бұл — бүгінгі қоғам дертіне айналып барады.
Қазақ – қариясын сыйлаған халық. Қарияның батасынсыз, даналығынсыз қазақ қоғамында қордалы байламдар жасалып, іс басталмаған. Атам заманнан бері келе жатқан игі дәстүр бұл. Осы бір көнеден келе жатқан үйлесім мен үлкенді сыйлау дүниетанымы бүгіндері өзгеріске ұшырап, қарияны сыйлаған дәстүр ескінің сарқыншағы іспетті ақырындап, ғасырлардың қойнауына еніп бара жатқанын байқамау мүмкін емес.
Иә, заман өзгерді. Ұлттық құндылықтардың орны ауысты. Интернет заманы да өз дегенін жасап жатыр. Ізгілік пен қоса сұрқиялық та өз отауын тігіп әуре. Жақсылық пен жамандықта қоңсы қонды. Ескіні есіркеу, жаңаны жарылқау көбейді. «Әке тұрып ұл сөйлейтін, шеше тұрып қыз сөйлейтін» дәуірге аяқ бастық. Мұның бәрі қазір құлағы қылтиып көрініп жатқан дүниелер. «Қайда барамыз?» деген сұрақ көп қазір. Жаһандану ғасырынан ұлтымызды сақтап қалатын да, ақтап алатын да – бабалар мұрасы ғана. Оны көзіміздің қарашығындай сақтасақ қана ұлт болып ұйысып, халық боп туысып қала аламыз. Әйтпесе бәрі бекер.
Биліктегі «қарттарға» шабуыл соңғы уақытта үдей түскені рас. Әсіресе биылғы праймеризде «Қарттардың жағасынан алу, сақалына жармасу» қатты байқалды. Иә, қарттардың да арасында түрлі деңгейдегі кісілер бар. Жақсы қартайып, үлгілі ісімен, тағылымды жүріс — тұрысымен бала-шағасына ғана емес, дүйім бір елге ақсақал атанған Әбіштей даналар, Төрегелдідей ағалар, Шерхандай даралар, Амангелдідей дара ұлдар аз ба? Қазақ барда жайсаң қарттық, көшбасшы ақсақалдық жасай беруі заңдылық. Бұл ата-бабадан келе жатқан даңғыл жол!
Ақылгөй қариялыққа күйе жақтырып, арызбен ауызын бақтырып жүрген шалдарға айтар сөзім жоқ. «Бір құмалақ болып» бір қарын майды шірітіп жатқан солар ғой.
Шахановша толғасам «Сақал шашын күнге ағартқан қарттар бар, жасы жүзге келгенмен…». Ондай шалдардан пәтуәлі сөз, абыройлы тағылым күтудің өзі ұят. Немересіндей қыздарға әзілдеп, дүние үшін жоғарыға жалтақтап, арсыз күлкіге бой алдырып, ішкені арақ болса олардың ауызынан шыққан сөзде не қасиет болады? Бірақ ол үшін барша ізетті қарттарға күйе жағу обал емес пе? Жастар осыны ойлауы керек.
Жасырмай айтайын, елдік мәселеге бей-жай қарап, тек өзінің қарынының тоқтығымен дүниені өлшейтін қарттардың кесірінен қаншама қоғамдық мәселелер тоқырап тұр. Жастар, «ақ бастарға» қарайды. «Ақ бастар» жақтастарға қарайды. «Ұрпағым деп елжірейтін, ел мен жердің қамын жейтін» қарияларға ел мұқтаж. Халық зәру. Жастар құмар!
Ұлағатты ұрпақ өсіру — ұлтқа сын! Жаһандануға жұтылып, ізгі қасиеттерді бітіріп, өзге халықтарға есеміз кетіп, ұтылып қалмасақ жарар еді өстіп жүріп.
«Ауылыңда қарт болса, жазып қойған хатпен тең», — деп айта аламыз ба бүгінде? Неге қарияларымыздың батасы құнсызданып, ақылы мен ойы арзандап, жастарды жалықтырып мылжыңдап кетті? Сөзінің салмағы бар дейтін ақсақалдарымыздың үні неге бәсең? Төлендей (Әбдік) төбелі, Төреғалидай (Шарманов) сүбелі, Амангелдідей (Айталы) айдарлы, Бақтықожадай (Ізмұхамедов) жайдарлы, Мұхтардай (Шаханов) мұнаралы, Дулаттай (Исабеков) тұғырлы, Өмірзақтай (Озғанбаев) ұғымды қариялардың сөзіне құлақ асып жүрген кімің бар? Жақсы қартайып, үйінде жантайып жатқандар да аз емес тізе берсек.
Жұмыс барысында ел аралап жүріп қариялардың қаусағанын, шал-шауқандардың қызыққа тоймай дүние-боқты «аңсағанын» көріп түңілемін кейде. Мынау істер жастарға жұғысты болса, сорымыз ғой деп қынжыламын.
Ер-азаматтарға жөн сілтер жайым жоқ. Бірақ әдемі қартая білу де Алланың пендесіне берген үлкен сыйы ма деймін. Аңызға бергісіз әңгімелерге, ақсақал-абыздардың, батагөй қарттардың (жоғары оқу орындарын тамамдамаса да) білімі мен біліктілігіне, қажыры мен қайратына, ақылы мен парасатына бүгінгі жастарды сендіре алармыз ба, тәйірі! Олардың ұлағатты істеріне, адалдықтарына, көпшіл көңілдеріне, кешірімді келбеттеріне, бекзат болмыстарына, ақыл-парасаттарына, қайырымды қалыптарына бүгінгі қоғам зәру болып отыр ғой.
КЕЙ ҚАРТТАРДЫҢ ЕЗДІГІНЕ КЕҢЕСТІК РЕЖИМ КІНӘЛІ?
Жастарға салсақ, «шалдар кетпей» теңдік жоқ. Бәрін бүлдіріп жүрген солар дегенге саятын қауесет көп. «Ел анасы» дейтін жасқа келгендіктен кейде ащы да болса айтуға мәжбүрмін. Бассыздықты, қиянатты көріп тұрып үнсіз қалу – арлы адамның ісі емес қой. Ізгі жолдан таймаған, ар — ұятын сақтаған аға буын өкілдері де шама — шарқыларынша жазып та, айтып та жүр. Кеңес заманында айтылған сын қаралатын, қазір ешкім газет бетін ашпайтын секілді көрінеді маған
Бүгінде президентке ашық хат жазу деген не тәйірі. Кез келген жаза алады. Сөйте тұра бізде демократия жоқ дейтіндерге не шара! Көңіліңді қалдыратыны: айтылған сөз – атылған оқтай болмай тұрғаны ғана.
«Қариялар жоғалыңдар» дейтін жастарға айтарым, жөнін айтып, түзу сөйлейтін, шындықты жоқтайтын ақсақалдар жоғалмасын. Олар жоғалса, жөн сілтейтін «компосың» жоғалғаны. Мұқағали ақын «Араздасып ағайын кетер еді, бір қария болмаса бір ауылда» дегенді ерігіп жазбаған болар!
Әйтседе бұлақтай мөлдір ақылын ешкім тыңдамаса, көргені мен білгенін құндамаса, тәтті аузының дәмін, даналы сөзінің кәдірін кетіріп қызыл өңеш болғысы келмейді көп қарияның. Оларды тыңдайтын жастар бар ма өзі?!
Қәзіргі таңда «бір отанның» сөзін сөйлемейтін ақсақалдарды, әкім қаралар, билік тарапы көп «жарнамаламайды». Турасын айтсам жария етпейді! Сондықтанда Олар көрінбейді. Қарттардың бәрі азып — тозды деу асылық әңгіме ғой негізі.
Ақылды қариялар ел ішінде тыныштық сақтап жүр. Сұрағанға жөнімен кеңесін беріп, жастардың тәртібімен айналысып, ағайын — туыстың арасын жалғап, сөзі өтетін жерге дейін айтып жүрген қариялар жоқ емес бар!
Сөзге тоқтайтын адам болса, уәжге мойынсұнған билік болса, ақсақалда табылар ел ішінен. Бірақ өзіміз көріп жүргендей билік үлкеннің сөзі мен ісін емес, қолпаштағанды көбірек қолдайды. Оған шүлен таратқандай марапат үлестіргенде көзіміз бірнеше мәрте жетті. Тұғырлы жанның тұшымды сөзі елге жетпегесін қарияның беделі, ақ жаулықты әженің берері азаймағанда қайтеді!
Басқа – басқа, кешегі «Жыныс ауыстыру» деген пәле шыққанда ҚМДБ үнсіз қалды, қайтейін, жоғарыға жалтақтаған болар дедім, алайда бұрынғы муфтилер, қадірлі ақсақалдар, иманы кәміл молдалар Рәтбек қажы мен Дербісалин қажыға не жорық! Үнсіздік қолдағанды білдіретін емеуірін екенін олардың білмеуі мүмкін бе? Дінімізде жоқ, салт-дәстүрімізге жат «жаңалықтарға» қасқайып қарсы шықса, ел алдында, жамағат алдында қандай абыройлы іс болар еді. Әттең тонның келтесі – ай деймін баяғы.
«Патша біреу, оған тіреу» болатын (Шерағаңның сөзі) «оқыған», билік «партасында» мығым отырған, елді ынтымақ пен бірлікке шақыратын қариялардың да азайып бара жатқаны жастар түгілі, егде жастағы менің көңіліме кірбің ұялатады.
Ащынғаннан шығады ащы дауысым демекші, ел мен ердің, ез бен ақымақтың халықтың көз алдында ойына келгендерін жасап жатқанын көргенде жолбарыстай атылмасам да, аналық жолдан жығылмай өз пікірімді айтып келемін. Әріге бармай-ақ қояиын, кешегі «жыныс ауыстыру» мен қордай оқиғасында қариялар неге үнсіз қалды? Елге жөн сілтейтін, жастарға үлгі болатын қарттардың түрі осы болса жетіскен екенбіз» деп ашына мақала жазуым да тегін емес еді. (10.12.2020. «Жыныс ауыстыру – ұлттық жарға жығады») https://qazdauiri.kz/archives/24110 .
Жазғаныма селт еткен билікті көрмедім, «ах ұрып» өкінген министрді сезбедім, сенікі дұрыс деген билікке жақын қарттарды көрмедім, алайда ел – іші алтын қазына ғой, «Апа – ау, көптің көкейіндегі даналық сөзді айтыпсыз, қарттарға тән ірілікті көрсетіпсіз, жастарға тағылымды ой тастапсыз» деп хабарласқан ағайынға рахмет. Қай кезде де көзін тауып жаза білген адамның тірегі де, сенері де, қозғаушысы да, қорғаушысы да халық қой! Ел аман болсын! Ел аман болса жазғанымыз кейінгі ұрпаққа тарих болып жетер деген сенімдемін.
Ұлттық мұраттарды сөз ететін жерде көзімен жер шұқылап қалатын шалдардан елге, жерге қандай пайда бар? Ұлт тағдыры, жер тағдыры сынға түскенде сенім артқан қарттарымыз бұғып қалады дейтін сындар жиі айтылады жастар тарапынан. «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» демекпін оларға.
Кеше ғана тәуелсіздік күні тойланды. Тойланды деген аты ғана – «театрлық көрініс» орнады. Қуанышымызды қызғанғандай, көршіміз Ресейдің шовенистері аузына келгенін айтып жатты. Солтүстікті «олжалады», қазақтың жерін «кеңестен қалған сый» деп «қанжығалады». Сонда Парламенттегі «қарттарымыз», билік басында жүрген «баптағандарымыз», Мәжіліс сайлауынан үміткер 5 партиямыз тымырайып үнсіз қалды. Бұл жайында келесі мақаламда жазатын болғандықтан, осы жерден доғарамын. Бұдан асқан жігерсіздік, рухсыздық қазақ даласында болған емесін тілге тиек етіп отырмын.
Басқаны қайдам, жастарды қан-жоса қылған Желтоқсан көтерілісі кезінде бірде-бір ақсақал алаңға шығып, жастарға аталы сөз айта алмады. Кешегі Жаңаөзенде халық көтеріліп жатқанда басу айтар, тоқтам айтар қария табылмағаны жүректі ауыртты. Оралмандар мәселесінде де аяғын аңдып басқан шалдарды шыққыр көзіміз көрді. Тіл мәселесінде тартынып, алайда әкім – қараға «алқынып» жететін шал – шауқанға жастардың өкпелеуі де орынды, ренжіуі де толымды. Кешегі қордай оқиғасында бұғып қалып, «Жыныс ауыстыру» жайлы министр айтқанда «тынып» қалған, бірақ кейін ұрандатып шыққан қариялардан да жастар түңілгені тағы рас. Мұндай мысалдарды ондап емес, жүздеп келтіруге болады.
Жастар бұл үшін ез қарттарды емес, бойындағы намысы мен арлы ісін «жұтып қойған» кеңестік режимді күстаналасын! Әлі күнге құлдық санадан арылмаған аталарын аясын! Сөйте тұра сол кездің өзінде еркіндігін сақтаған қариялар болғандығын естерінен шығармаса екен дегім келеді.
(22 қантар 2017) марзімді баспасөзде «Сақалын сатқан кәріден еңбегін сатқан бала артық» деген мақала жазғам. Сонда бүгінгі қарттардың кескін – келбетін ашуға күш салғанмын. Уақыттарыңыз болып жатса оқыңыздар. Мархабат! https://jasqazaq.kz/2017/01/22/sa-alyn-sat-an-k-riden-e-begin-sat-an-bala-arty/
АУЫЛ ӘКІМІНЕН АСЫП СӨЙЛЕЙ АЛМАҒАН ҚАРИЯДА НЕ ҚАСИЕТ ҚАЛДЫ?
Қазақ – табиғатында кеңдікті, дарқан¬дықты жақсы көретін халық. Қарттарын ұлықтаған халық. Сон¬дықтан ұлымыздың қанындағы адами құндылықтар, барлық қасиеттер кең болу, жомарттық, адалдық, ар, намыс, ұят, адамгершілік, абырой, тәрбие ұғымдарымен астасып жатыр. «Кең болсаң, кем болмайсың», «Біреудің ала жібін аттама», «Малым – жанымның садақасы, жаным – арымның садақасы», «Жарлы болсаң да, арлы бол», «Өлімнен ұят күшті», «Қолыңмен істегеніңді мойныңмен көтер», «Ел болам десең, бесігіңді түзе» және т.б. мақал-мәтелдерді, даналық сөздерді құлағына құйып өсетін қазақ философиясы аталмыш адами құндылықтарды жоғары қояды. Себебі сөз арқылы, сөздің астарымен мәні зор ұғымдарды жеткізудің шебері атанған қазақ халқының тілмен тәрбиелеу құдіреті күшті. Сондықтан қазақтың әрбір даналық сөзінде үлкен тарихи оқиға, философиялық терең ой, ұлттық тәрбие негізі жатыр. Қазақ қоғамдастығында қалыптасқан адамгершілік ұғымдары жалпыадамзаттың құндылықтарымен үндеседі. «Әсіресе жас ұрпақтарды адамгерші¬лік¬ке тән құндылықтарға сөзбен былайша тәрбиелейді: – елді, жұртты сыйлау (көпті жаман¬даған көмусіз қалады, елді жамандаған елеусіз қалады, т.б.); қарттарды құрметтеу (ақ сақалды, сары тісті бол; кәрілікке жет; ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең, т.б.); – ұжымшыл болу (жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен жүріп адас, у ішсең руыңмен), досқа адалдық, көршімен сыйластыққа, т.б. тәрбиелеудің, яғни әлеу¬мет¬тендірудің негізі болды. Осыны жастар есінде ұстаса лайым.
Жаһанданау дәуірі мұның бәрінен жұрдай етіп, ұлттық кодты опырып, ізетті қарияларды сапырып, кешегі құдайсыз «кеңестік» жүйені көрген «балғын жастарды», (бүгінгі қарттарды) тарих сахнасына алып шықты. Солардың көбі алпыста өзін «мас санап», жетпісте өзін «жас санап» жүргендер. Жастарға жағымды қырымен емес, жағымпаз кейіптерімен көрініп, қарттықтың қадірін, даналықтың нар жүгін шөгеріп жүргені жаныма батады. Мұны көрген жастардың «Бәленің бәрі шалдардан» деуіне, қариялардың қытымырлығы мен қыңырлығы жол ашып тұрғандай көрінеді. Әйтпесе ұлағатты әке көрген, инабатты шеше көрген ұл мен қыздың қазыналы қарияны балағаттауы, жағасына жармасуы, сақалынан алуы – ата-дәстүрімізде жоқ айуандық емей немене?!
Бүгінгі жас – ертеңгі қарт. Осы заңдылыққа бас иген қазақ қашаннан үлкенді сыйлауда тәспісінен жаңылмаған. Халқымыздың «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» немесе «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді» секілді пәлсапалық мәні зор қағидаларының жасқа да, жасамысқа да бағдаршам іспеттес болуы соның жарқын айғағы. Аузы дуалы ақсақалы бар ел жастарының қашанда жөнсіздік пен жолсыздыққа бой ұрмасы хақ. Бұған бала тәрбиесіне ерекше ден қойған бабаларымыздың «атаңнан бота қалмасын, бата қалсын», «түбіріне қарай бұтағы, тегіне қарай ұрпағы» деген қанатты сөздері дәлел. Әрі бізге бұл тағылымдар тарих беттерінен белгілі.
Қазақта «Бал бұлақтан мейірің қана ішіп жатқанда, оның бастау алған қайнарын ұмытпа» деген мәнді тәмсіл бар. Ол қайнар ата-бабаларымыздың дәстүрлі жолы. Сондықтан аузы дуалы ақсақалдардың ақыл-кеңесіне құлақ асу, өмірден көрген-түйгені мол ақсақалдарымызды ардақтау – міндетіміз. Мұны жастардың да біліп, қанаттанып жүргені абзал іс.
Ақсақалдар өткен замандарда қоғамды біріктіруші күш болғандығы аян. Рулар мен ұлттар арасындағы татулық, ағайынның бірлігі тек ақсалдардың ұлылығы мен даналығына тәуелді болған десек қателеспейміз. Бір ақсақалдың сөзіне бүтін бір ру, бүтін бір ел тоқтаған. Бұл қасиеттер мен салауаттылық сол замандағы қарияларымыздың данагөйлігін, шешендігін, кемеңгер, қайраткерлігін білдіреді. Ақсалдар өз ісімен, өшпес өнегесімен өз ортасына ғана емес, бүгінгі ұрпаққа үлгі болды.
Қарияларымыздың қайраткерлігінің, даналығының арқасында ұлтымыздан ұлағатты ғұламалар, жігерлі батырлар мен шешендер, даналар туды. Кешегі өткен осындай ұлағатты ақсақалдардың ғибратқа толы ғұмырын жалғастыру, өнегесі мен ұлағатын ұрпаққа аманат ету бүгінгі біздің замандастардың ұрпақ алдындағы абыройлы міндетіне айналып отыр. Кезінде көпті көрген қариялардың ақылын тыңдап, өмірлік тәжірибелерін пайдаланған. Олар кез келген мәселені салт-дәстүр арқылы реттеп отырған. Рулар арасындағы жанжалды, жетім-жесір мәселесін шешетін. Солардың шығарған шешіміне ешкім қарсылық танытпаған. Осыдан ауыл қарияларының қаншалықты қадірлі болғанын байқауға болады. Дегенмен қазақ өміріне жаhандану енгелі бері қарттарды тыңдап, құрметтемек тұрмақ, керексіз қылып барады. Ауыл әкімінен асып сөйлей алмаған қарияның өз ауылына сыйлы болуы ақылға сия ма?
Қазір материалдық жағдаймен санасатын кезең, яғни, үйде қарт адамның сыйлы болуы үшін оның зейнетақы алуы маңызды. «Күлшелі бала сүйкімді» дегендей, үйге табыс әкелетін адамға деген құрмет сол кезде еселей түседі. Бұл да көшпенді халықтың отырықшылықтан тапқан пайдасы. Әйтпесе қай қазақ әке — шешесін зейнетақысы үшін бағып- қағыпты.
БҮГІНГІ ЖАСТАР МҰСА ПАЙҒАМБАРДАН ТАҒЫЛЫМ АЛСЫН!
ТҮЙІН: Қайбір жылдары жеке басқа табынудың озық үлгісін көрсетіп жүрген түркіменбашы қарттардың зейнетақысын алып тастағаны бар. Онысымен қоймай, үйдің үлкен кісілерін балалары бағуы керек деп жарлық шығарып тастады. Алайда одан кейін халықтың жағдайы мүлдем төмендеп кетті. Сөйтсек, зейнеткерлер халықтың күн көрісіне әсер етіпті. Бала мен келін қартты емес, қарт керісінше келін мен баланы асырапты. Міне, мәселе қайда жатыр. Мұны неге айтып жатырмын, қай заманда да қарттар жастарға масыл болмаған, қайта қажетіне жарайтын асылдары болған.
Атағы дүркіреп тұрған азаматтардың қартайғанда өмірінің соңғы сәттерін қарттар үйінде өткізгенін де көрдік. Солардың бірі – белгілі жазушы ағамыз еді. Ұлы – миллионер. «Әкеңнің қарттар үйінде тұрғанына намыстанбайсың ба?» дегендерге: «Ол менің тек биологиялық тұрғыдан ғана әкем болып саналады. Мен оны үйден қуғам жоқ. Өзі тұрғысы келмеді» деп жауап бергені есіме түсіп тұрғаны. Қандай үлкен трагедия! Ғаламдық эгоистік пиғыл осылай асқақтай берсе, бүгінгі «шүлдірлегендер» мен мұрнының астынан «міңгірлегендер» салт-дәстүрің былай қалып, адами құндылықтан ажырап, ата-анасын бағудан «қалжырап» кете ме деп қорқамын.
Бала кезімізде ақ сақалды аталарымыз бен ақ шашты әжелеріміздің «Жасымда қаншалықты бейнет берсең, қартайғанымда соның зейнетін көрсете көр», – деп жаратқанға жалбарынып отырғандарына талай куә болдық. Бұған қоса олар адам баласының әдемі қартая білуінің өзі баға жетпес бақыт екенін әр сөздеріне тұздық ететін. Сол уақыттары бұл қылықтарына күле қарап, кәрі адамға әдеміліктің не қажеті бар дейтінбіз. Сөйтсек қарттар сөзінің жаны бар екен.
Адамның жаратылғаны секілді әркімнің әртүрлі қартаятыны заңдылық. Біреулер шал тартқан шағында үрім-бұтағының ғана емес күллі жұрттың ықыласына бөленіп, ардақтысына айналса, кейбіреулердің бала-шағаның берекесін қашырып жүріп берекесіз шал-кемпір атанатыны шындық.
«Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» деген қазақтың нақыл сөзін бірнеше рет сөзіме арқау еттім. Қазыналы қарттардың әрбір айтқан өнегелі сөздері, тағылымды іс-әрекеттері, елінің, туған жерінің өсіп-өркендеуіне арнаған өлшеусіз еңбек жолдары, бір сөзбен айтқанда бүкіл болмысы тұнып тұрған тарих. Қазақ қоғамында ақсақалдар — елдік пен өнегелі өмір тәжірибесінің қайнар көзі. Қарттар қашанда елді береке-бірлікке, ырыс-ынтымаққа жұмылдыра білген. «Қарты бар елдің — қазынасы бар» деген қазақ.
Тәуелсіз еліміздің қарыштай дамып, әлем елдері арасынан өзінің орнын белгілеп, дамыған 30 елдің қатарына енуіне кешегі өткен бабаларымыз бен бүгінде елдің ортасында жүрген алдыңғы буын қарияларымыздың еңбектері еселі. Осынау елдің тыныштығы мен тұтастығының, бірлігі мен берекесінің сақталуына өз үлестерін қосып отырған қарттарға лайықты құрмет көрсету – бүгінгі ұрпақтың парызы.
Дана халқымыз үлкенге құрмет көрсетуді тәрбиенің негізі санап, ақсақалдың керек-жарағын әзірлеп, оның қызметіне жарап, батасын алуды ерекше мәртебе тұтқаны белгілі. Қарттарға қамқорлық – біздің халқымыздың санасына терең сіңген асыл қасиет қой шіркін. Бір кездері қарттық жайлы, қарттардың міндеті жайлы жазған мақалам мына сілтеме де тұр. https://qazdauiri.kz/archives/15422 «АУЫЛЫҢДА ҚАРТ БОЛСА, ЖАЗЫП ҚОЙҒАН ХАТПЕН ТЕҢ»… 25/10/201
Бүгінгі қарттарды биліктен ығыстырып, «жаңашылдықты» аңсап жүрген жастардың көпке топырақ шашпай – ақ, әдептен аспай – ақ, бәрін рет-ретімен жасауына не кедергі? Ізгі қарттардан ақыл сұрап, өзіне тартып жақынсырап отырса, ақылы мен білімін, тәжірибесі мен үлгілі өмірін жүрек қалыбына құйған жастың алар асуы биік.
Ауыр болса да айтайын, қазіргі ақсақалдардың көбі Кеңес одағының «шекпенінен» шыққан, ұлтсыздық тәрбиесімен саналары әбден уланған, құдайсыздық бәйтерегінің 70 жылда берген жемісі! Әйтпесе, бір үзім нанды бөліп жеген, асарлатып үй-жай салған, жетімін жылатпай, жесірін қаңғыртпай, тентегін тізгіндеп, шайпауын ауыздықтаған сол кездегі ауылдан сыртқа жаманаттың желі есетін бе еді? Жоқ, еспейтін. Өйткені дуалы ауыз қарияның әр сөзі заң болатын. Бірге өскен замандастары да сөзге төрелік беретін. Бірін-бірі қуаттап, дем беріп отыратын. Бүгінгідей «бас-басына би болып» айтыспайтын. Тартыспайтын. Әлгі көсем қарияның айтқаны бұлжымай орындалатын. Көпті ауызға қарату (оның ішінде есері де, естісі де бар) оңай шаруа емесі айтпаса да белгілі. (Жақсы мен жаман әлімсақтан жағаласып келеді емес пе қу тірлікте!) Иә, қай кезде де иманы кәміл жанға ғана елге төрелік айтқан жарасар. Көпке сөзі өтетін әлгіндей қариялар барлық жағынан да құрметтеуге лайық болатын. Бес уақыт намазы, берекелі шаңырағы, тәрбиелі ұрпағы, салиқалы бәйбішесімен жарасым тауып отырғанының өзі бір тағылым еді-ау олардың. Иә, бұл өткен күндерден естелік қана. Көзге жас үйіріп, сағына беретінім сондықтан. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, қазыналы қариялардың тезінен өткен, көзін көрген, тәлімін алған бүгінгі шашын бояған, қырма сақал «шалдардың» қылығына күйінетіндер көбейіп барады. Ауылдағы «ерке» шалмен, қаладағы «тентек» шалдың аражігін ажырату мүмкін болмай тұр.
Бүгінгі жастар қарттарды қыжырта бермегені дұрыс сияқты. Бүкірді көр ғана түзейді дегенді атамыз қазақ бекер айтпаған –ау.
Бір заманда Мұса пайғамбар перғауындардың тепкісінде болған халқын ертіп шөл даланы бірнеше жыл кезіпті. Соңынан ергендер де әбден шаршапты. Бірақ Мұса пайғамбар тоқтамапты. Тағы да бірнеше жылдар өтіпті. Өрбіген ұрпақ есейіп, ақыл-ойы толысқанда, тепкі көрген, құл — құтан болған адамдар азайғанда бір жақсы жерге ат басын тірепті. Сөйтіп өсіп-өркендепті.
Мұны ғалымдар былайша тәпсірлепті. Құлдық көрген, жапа шеккен, қиындық көрген халықтың бойындағы қорқыныш оңайлықпен кетпейді. Оны көрген ұрпақтың да ұнжырғасы көтерілмек емес. Мұсаның шөл даланы ұзақ жылдар кезуі ұрпақ алмастыру, ескі жараның орны тез жазылуын күтуі екен.
Бұл сөзімнен бүгінгі жастар ғибырат алса деймін. Бәрі бір күнде болмайтынын сезінсе деймін. …
Сөзімнің соңын былай түйіндемекпін: Халық арасында қарттыққа қатысты аңыздар кең таралған. Соның бірі былай өрбиді. Бір күні хан жасы 60-тан асқан қарияларды күтіп-бағуға кететін қаржыны үнемдеу мақсатында оларды өлтіруге жарлық шығарады. Әкесін өлтіруге қимаған баласын көріп, шал мырс етіп «Дәл жиырма жыл бұрын дәл осы жерде мен де әкемді өлтіріп едім. Басыма келді деп күледі. Мұны естіген жігіт әкесін сандыққа салып, бағады. Бір күні жорыққа аттанар кезде сандықтағы әкесін бірге алып жүруіне тура келеді. Жолда шаршаған жауынгерлер бір дарияның жағасына келіп тоқтады. Сонда мөлдір су астында жатқан гаухар тасқа ханның көзі түседі. Оны алып шығу үшін терең дарияның түбіне сүңгіген сарбаздардың бірде бір қайтпайды. Сонда әкесі сыртта не болып жатқанын сұрайды. Баласы болған жайды, өзінің кезегі де келіп қалғанын айтады.Сонда әкесі дарияның жағасында ағаш бар ма дейді? Баласы «ия» дейді. Сонда шал баласына: «Дарияның түбінен емес, ағаштың басындағы құстың ұясынан гаухар тасты табасың» дейді. Баласы дәл солай істеп, гаухар тасты әкеп береді. Хан жігіттен гаухар тастың ағаш басындағы ұяда жатқанын қайдан білгенін, неге ерте айтпағанын сұрайды. Жігіт амалсыз сандыққа тығып бағып жүрген жасы алпыстан асқан әкесінің кеңесімен тапқаннын айтады. Хан риза болып, қарияларды өлтіру туралы жарлықтың күші жойылғанын жариялайды. Содан бері халық арасында «алпысқа келгеннен ақыл сұра» деген нақыл сөз қалған екен.
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері
Сәуле Мешітбайқызы