Қарттарын қадірлеген ел ардақты
Халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы «Ұстаздық — ұлық емес, ұлы қызмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді… Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз” деген.
Өткен аптада Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық Қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатында «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» атты кеш өтті.
Бұған бұрын осы мекемеде жұмыс істеген ардагер ұстаздар шақырылды. Шара қонақтарға арналған концерттік бағдарламамен басталды. Кездесу барысында ардагерлер өздері қызмет еткен жылдарын сағынышпен еске алып, естеліктерін ортаға салды.
«Ұстазын ұмытпаған шәкірт — ешқашан ұмытылмайтын тарих» демекші, бұл кеште шәкірттері ардақты ұстаздарына ерекше құрмет көрсетті. Керемет сыйластық жарасым тапқан кеш көпшіліктің көңіліне әдемі әсер қалдырды.
Аталмыш білім ордасынан ҚР Мәдениет және Спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Мақпал Жүнісова, Бибігүл Нүсіпжанова, Толқын Забирова, Пернебек Шегебаев, Нұркен Әшіров, Хадиша Оңалбаева, Арман Жүдебаев, Ернар Мыңтаев, Арман Дүйсенов секілді белгілі өнер жұлдыздары білім алған. Сондай-ақ, тағы бірқатар түлектердің елімізден тысқары шығып, Англия, Швецария елдерінде өнер көрсетіп жүргенін айта кеткеніміз жөн.
Осындай шара ұйымдастырып отырған өнер ордасында жолы мен жөні бөлек аяулы ұстаздар — шәкірттерінің мақтанышы ғана емес, бүкіл ел мақтанышы болып қала бермек.
Айта кететін жайт, «Ардагер ұстазға алғыс айту күні» атты шараны бірінші болып, осы өнер ордасы қолға алып отыр. Осындай алғыс айтуды өзге де білім ошақтары қолға алса, нұр үстіне нұр болмай ма?..
Гүлшат Бақытжанқызы