Қашанғы құл боламыз?…
Қазақ неге бірін-бірі жек көреді?
Өткенде бір інішек: «Екі жапон қосылса бірігіп компания құрады. Екі қазақ қосылса үшіншісін жамандайды» деп қарап тұр. Қатты айтып, тиып тастадым.
Өкпелеп қалды, білем…
Соның ертесіне ел алдында жүрген бір азаматтардың ортасына түсіп қалдым. Сонда ортамызда жоқ ел алдында жүрген басқа бір азаматтардың атына ауыр сөздер айтылды. Шыдай алмай, бұл жолы да сөзге араластым:
– Кім қателеспейді? Кім адаспайды? Ағат басқандардың бәрін айыптай берсек, айналып үйірін тапқандарды сыртқа тепсек, олар амалсыздан қас болмай ма? Сөйтіп жауласып, бір-бірімізді дос көрмесек, ісіміздің бәрі бос болмай ма, жүрегіміз тас болмай ма?
Ол азаматтар да көңіліне алып қалды, түсінем…
Ата мен апаның тәрбиесін көргендіктен бе, адамның көңіліне қарағышпын. Бұған дейін ондай ұнамайтын әңгімелерді естігенде үндемей қоя салатынмын. «Шөлмек мың күнде емес, бір күнде сынады» демекші осы екі жайт менің ішімдегі шыдам шөлмегінің шытынағанын көрсеткендей.
Менің де жастықпен, мастықпен басқалар туралы ғайбат айтқан кездерім болған. Бірақ соңғы он жылда өзіме ешкімді ЖАМАНДАМАУ, ЖАЗҒЫРМАУ, АЙЫПТАМАУды ұстаным етіп алдым. Өйткені, өзімнің де, өзгелердің де періште емес екенін түсіндім. Әркім өз түсінігі, білімі, ақылы, тәрбиесі, пайдасы тұрғысынан әрекет ететінін ұқтым. Бірақ, осы біздегі бір-бірімізді көре алмаушылықтың, жақсыларды жамандаудың, таланттарды тұсаулаудың түп-төркіні қайда екенін ұға алмай жүретінмін. Кеше Ғани досыммен әңгімелесіп отырып, санама саңылау түсті.
– Үйге келіп, теледидарды қосып едім, кино болып жатыр екен, – деп әңгімесін бастады Ғанекең. – Орталанып қалыпты. Сонда бір ақ нәсілді бай америкалық өзінің афроамерикалық құлына өлімнен құтқарғаны үшін бостандық береді. Сөйтіп, оны қалыңдығын әкелу үшін қасына дос қып ертіп алады. Екеуі бір ақ нәсілді америкалықтың үйіне келеді. Оның да қара құлдары бар екен. Солардың басшысы еңгезердей бір афроамерикалық екен. Ол ақ нәсілдінің қасындағы еркін жүрген, жақсы киінген қандасын көріп, оны танымаса да жақтырмай қалады. Бірден қожайынының құлағына сыбырлап: “Мынаған сенуге болмайды, пәлен-пәштуен” деп көңіліне күдік дәнін себеді. «Дәл осы жерде басыма сарт ете қалды, біздегі көре алмаушылықтың тамыры қайдан басталатыны», – деп Ғанекең маған қарағанда, мен де басымды шайқай бердім. Міне, мәселе қайда жатыр? Құлдық сананың салдары ғой бәрі.
Иә, бір-бірін жамандау біздің бұрынғы батыр бабалардың бойында жоқ ғадет еді. Олар «білген сырын сыртқа жаймайтын, сыртынан бір ауыз сөз айтып күлмейтін». Екіжүзділік ездің еншісі деп білетін. Түз тағысындай мықты, сексеуілдей қатты еді. Патшалық Ресей отарлаушылары оларды біріне-бірін айдап салып талатты, бір-біріне ұрып сындырды. Солай биледі, жаншып-төстеді.
Совет өкіметі де осы саясатты шебер пайдаланды. Игі жақсыларды біріне-бірін аңдытты, қаматты, аттырды. Бастапқыда олар өзінің қарақан басын аман сақтау үшін осындай қадамға барса, кейіннен бойлары үйреніп кетті. Сөйтіп келе, бір-біріне сенбей күдікпен қарау, алдыға озып бара жатқанның аяғынан шалу, дараланған тұлғаға тас лақтыру, біреуді сырттай жамандау арқылы өзін жақсы етіп көрсеткісі келу – ұлттық мінездің бөлшегіне айналды.
Тәуелсіздікке, еркіндікке қолымыздың жеткеніне ширек ғасырдан асса да, осы шикіліктен: ҚҰЛДЫҚ САНАдан әлі арыла алмай келеді екенбіз ғой…
Әзірге, Абай айтқандай, бір-бірімізді дос көрмей-ақ, жақсы көрмей-ақ қоялық. Тек ЖАМАНДАМАйықшы, бауырлар!
Қашанғы құл боламыз?…
Бейсен Құранбек