ҚАСҚЫР МЕН АЮ…
(танымдық мақала )
Қасқыр — үйірімен тіршілік ететін мақұлық. Ал аю олай емес. Аюлар бас-басымен кетеді. Еркегінің қайда жүргенін білмейсің, өзімен-өзі болса, одан буаз болған аналығы өз алдына бөлек кетеді.
Содан жеті айдан соң екі не төрт қонжық туады. Жалпы аюлар орасан салмақты болады. 200 — 600 келіге дейін барады.
Қонжықтарымен бірге аналық аю бір-екі жылдай бірге болады. Үшінші жылы әр қайсысы өз-өзімен басы ауған жаққа кетеді. Үшінші жылы жыныстық жағынан жетілген соң бірге тірлік етуді қаламайды.
Аю қорек талғамайды. Аузына не түссе соны жей береді. Өздері 30-40 жылдай жер басады, яғни тіршілік етеді. Оның басым бөлігін ұйқымен өткізеді. Денесіне май жинаған аюлар қыс бойы табанын жалап қойып, ұйықтайды.
Айтпағым сол, бұл аюлар қасқырларға жақын жүреді. Екеуі бір-біріне жау, бірақ табиғатта, иә, орманды жерлерде қатар өмір сүреді. Мұның сырын мен жақында білдім.
Сөйтсе, аю қасқырлардың жемтігін тартып жеуге, оларға тиесілі оңай олжаға ие болуды көздейді екен. Қасқырдың салмағы аюдан пәлен есеге аз, аю ауыр әрі денесін қалың май басқан, оңайлықпен алдырмайды.
Аю болған соң тісі мен тырнағы да аюдай! Негізі мінез жағынан салыстырғанда аю қасқырға қарағанда қорқақ болып келеді. Адамға көніп, циркте көп өнер көрсететін осы аюлар. Зообақ секілді тор қамауға түссе, адам оны бағып-күтпесе азып кетеді.
Әзір тамақты ішіп, жата береді. Содан азып-тозып, сал болады. Ал қасқыр мүлдем олай емес! Ол ешкімге бағынбайды, ешкімді мойындамайды. Адамға көнбейді. Егер қамауға түссе, онда бір жерде 5-10 минуттан артық жатпайды. Үнемі қозғалыста болады.
Қасқыр қырын, кең даласын аңсайды. Қасқырлар үйірмен жүріп те, жалғыз да өзінен анағұрлым ірі аңға ( аңдарға тіпті ) шабуыл жасай береді. Қасқыр өзіне дұшпан кез-келген аңның көптігінен қорықпайды, жалғыз өзі-ақ бизон, зувр секілді ірі қараларды тырқыратып қуып кетеді.
Аю қасқырлардың жемтігін жеген соң ол арадан тез қашып құтылады. Үйір қасқыр оған маза бермейді. Азулылары аюдың артқы жағынан келіп, жамбасынан, бүйірінен тістеп, зықысын шығарады.
Ақыры аюдың қашып құтылмаса тірі қалуы екіталай болады. Үнемі осылай екен. Бұл аюлар қай жерде қарны тоқ, ұйқысы тыныш, сол араға барады. Ондай жер тек қасқырлар жүрген аңы мен суы мол алаптар, міне, сол маңға аюдың аңсары ауып тұрады.
Қасқырлардың негізгі қорегі — ет. Сосын ол етті жақсылап қорыту үшін сорға барып, тұз жалайтыны бар. Балықпен де қоректенеді. Жеміс-жидек жегенді ұнатады. Таза су ішеді. Аю құсап кез-келген жемтікті талғамай қылғытпайды.
Бізге қасқырды жалмауыз қылып көрсетіп келді, әлі күнге солай. Шындығында қасқыр аз тамақтанады, аз ұйықтайды, көп жортады. Өзіне тиесілі территорияны ай сайын сүзіп шығу оның бұлжымас әдеті. Қасқыр өз жеріндегі аңдарды бақылап, бағып жүреді.
Орынсыз ұрынбайды. Он-он бес келідей етті жұтса да бөлтірігіне әкеп береді, яғни «құсу арқылы» жаңа туған қарақұлақтарына ет жеткізеді. Қасқырдың бөлтірігі туғанда тас соқыр, тас саңырау болады.
Тек 12-ші күні көзін ашады. 20-күні иісті сезеді. Ал 21-ші күні тұңғыш рет апаннан тысқа, жарыққа шығады. Міне, осы кезде майтабандарға шайналған ет керек.
Оны қасқыр әкесі не шешесі жеткізеді. Негізі құртқа бөлтіріктерін тастап апаннан алысқа ұзамайды. Ол тек дәрет сындыру үшін және су ішуге апаннан шығады.
Бөлтіріктерді үйірдің екі үлкенінен өзгесі де тәрбиелеуге араласады. Аға, апалары бөлтіріктерді ойнатып, аңшылыққа баулиды.
Аюлардың қонжығын тек қана аю ана баулып өсіреді. Аю қонжықтарына әке мен аға-апаларының тәрбиесі өтпейді. Өйткені аюдың табиғатында ондай тәртіп жоқ.
Иә, бір сөзбен айтқанда жерден басын көтермейтін, өмірі жұлдызды көрмейтін аюға қарағанда талғап ас-су ішетін, тазалықты сүйетін, жерді танып, апанының ауызын күншығысқа қаратып қазатын және аспанға көз салатын, ай-жұлдызды көретін, өле-өлгенше қажу дегенді білмейтін, шың асуларды бағындыратын, тектілігін сақтайтын қасқыр қашанда биікте тұр!
Мұнайдар Баймолда.
Қазақ Елі.