ҚАУІПТІ ІНДЕТТЕН 40 күн сақтанған адам АМАН-САУ болады

«Карантин» деген сөз қазір елімізде ең көп қолданылып жатқаны шындық. Қорқыныш та, күдік те басым сәтте ата-бабаның дәстүрі мен салтына, әдет-ғұрпына да бір сәт көңіл аударған жөн шығар?! Ертеде ата-бабамыз қауіпті індеттерден қалай сақтанған? Алдын алу үшін не істеген?

«Карантин» сөзі – италиян тілінің «quaranta» (куаранта) сөзінен шыққан көрінеді. Мағынасы – «қырық» дегенді білдіреді. Карантин уақыты да негізінен тап осы 40 күнге созылады екен. XIV ғасырда Еуропаны қауіпті оба дерті жайлағанда Венецияның билігі басты сауда портына ерекше ереже орнатыпты. Ол бойынша барлық шетелден келген сауда кемелері Венециядан 4 шақырым жерде орналасқан Лазаретто аралына жақын келіп тұруы тиіс болған. «Лазарет» сөзі де сол аралдың атауынан шықса керек-ті. Кемелер сол жерде 40 күн тұрған соң ғана оған дәрігерлер келіп арнайы тексеруден өткізген. Егер осы 40 күннің ішінде онда оба дертінің белгілері білінбесе, айлаққа кіріп тауарын түсіруге рұқсат берген. Міне, осылайша Венеция өз тұрғындарын қауіпті індеттен аман сақтаған көрінеді. Ал кемедегі біреу-міреуден ауру шыққаны анықталса, оны сауда жасауға мүмкіндік бермей кері қайтарған.

 

Жаман жарадан 40 күнде жазылғанмын

Бұл тек өз басымнан өткен жайт… 8-сыныпта оқып жүргенімде арқамды, жамбасым мен сандарымды майда, беті іріңдеген ұсақ жаралар жауып қалды. Шалқалап жата алмаймын, тек екбетімнен ұйықтап әбден мазамды алды. Дәрігер берген дәріден бір апта дұрыс боламын да, кейін қайта қаптап кете береді. Сонда кәрі әжем жарама дәрі жағып отырып бір күні: «Осы сен 40 күн суға түспеші. 40 күнде кез келген аурудан айығады адам. Сенің жараң осы судан өршіп кетіп жатыр. Дәріңді жаға бер, 40 күн шомылмай шыда!», — деді. Әбден жаныма батқан мен әжемнің сөзіне құлақ түріп, расында 40 күн бойы денеме су тигізбедім. тек қолым мне бетімді, аяғымды жуып, дәрет алғаным болмаса, амалсыз шыдадым. Басында қара шотырланған жара қатып, жан-жағынан аздап шыққанмен, айға жуықтағанда қатып-кебе бастады. 40 күн толғанның ертеңіне жақсылап шомылғанымда, бірі қалмай сыпырылып түсіп қалған еді… Содан кейін сол жара қайтып мазалаған жоқ. 40 күннің қасиетіне мен сол кезде таң қалып едім… 40 күн күтінген адам бәрінен сауығады екен.

 

Қазақ та «40 күннің» қасиетін жақсы білген

Тап қазіргі елімізде жарияланған карантинге де жайдан жай қарауға болмайды. Ата-бабамыздың 40 күннің қасиетін қалай бағалаған, соған көз жүгіртейік.

Босанған әйелді 40 күн күту

Өмірге екінші бір өмір иесін әкелу оңай шаруа емес. Әйелдің әлсіреген ағзасы қалпына келіп, бойы толық тазару үшін оны 40 күн күту керектігін басқа-басқа, қазақ жақсы білген. Қолын салқын суға салдырмай, тіпті жаялық та жуғызбайтын болған. Ол тек бой тазалығын күтіп, баланы мейірлене емізіп, тоғыз ай, тоғыз күнде кеңейген құрсақты өз қалпына келтіргенше ауыр зат та көтермеген. Осылайша күтінгенде ғана әйелдің саулығы сақталып, келесі перзентін дүниеге аман-сау әкелерін апа-әжелеріміз жақсы білген. Әйел – өмір жалғастырушы. Сондықтан да әйелдің денсаулығына баса аударған. Содан да 40 күнде әйелдің денсаулығы қалпына келерін білген. 40 күннің ішінде әйелдің әлсізденген ағзасына дерт тисе, оңай кетпесі бүгіннің медицинасына да мәлім. Осынау 40 күн ішінде босанған әйелге ері де жақындамайтын (төсекте) болған.

Нәрестені 40 күн үйден шығармаған

Жаңа туған нәрестені де «Қырқынан шығару» салты бар. Ол ел ішінде әлі де қолданыстағы салт. Жас босанған әйелді күткендей, нәрестені де 40 күн бойы күнде суға шомылдырып, саулығын күткен анасынан ұзатпай уызына тойдырған апа-әжелеріміз «еті ширағанша көз тиеді, жел тиеді» бөтенге де көрсетпеген. Бұл уақыт арасында бала дертті болса ағзасында қалып қояды деп барынша күтімін жасаған. Сол 40 күннен қыңқ етпей күтімі жақсы болып өткен сәбидің дені сау, дамуы жақсы болады деп сенген. Мұны да бүгіннің медицинасы мойындайды.

«Қырық күн, қырық саны адам жаратылысымен тікелей байланысы болғандықтан қасиеттейді. Бойға бала бітерде ештеңені артық-кем жаратпаған Алла Тағаланың құдыретімен бір тамшы ұрық суы қырық күнде қанға айналады, қаннан қырық күнде етке айналады. Тағы қырық күнде еттен сүйек пайда болады, одан қырық күн өткен соң, ет пен сүйекке жан бітеді және қырық күн өткенде жан алған ет пен сүйек адам пішініне енеді. Содан кейін шақалаққа сезім жүйесінің пайда бодуына қырық күн кетеді.Тағы қырық күнде бала толысады. Сөйтіп, 280 күн — қырық аптада, анығын айтқанда, тоғыз ай, тоғыз — он күнде нәресте өмірге келеді. Баланы қырқынан шығару — жоғарыдағы қырықтардың соңғы жалғасы…» Зейнеп Ахметованың «Күретамыр» кітабынан

40 саны қазақтың әдет-ғұрпында көп кездеседі

Байқасаңыз, 40 саны қазақтың салтында көптеп кездеседі. Тіпті, ырымдар да жеткілікті. Қайтыс болған адамның қырық күндік асын беру де тегін емес тәрізді. Жаназасы шыққан күннен бастап 40 күнге дейін шырақ жағу қазақ ұғымында «адамның жаны 40 күнде шығады» дегенге саяды. Кейбір аймақтарда көз тиген баланы «40 қасық суға шомылдыру» деген де бар. «Қызға 40 үйден тыйым» дегеннің де тәрбиелік мәні үлкен. Бала тұрмай шетіней бергенде келесі туған перзентті көп жасап, бірнеше сәбиді дүниеге әкелген 40 әйелдің етегінің астынан өткізетін ырым болған деседі. «Қырықтың бірі — қыдыр» деп сенген халық та біздің ата-бабаларымыз.

Жалпы, тізе берсең қазақтың ертегілерінен бастап күнделікті сөздік қорына дейін арасында «қырық» сөзі көп кездеседі. Басқасын былай қойғанда, бүгіннің ең бір маңызды мәселесі, бүткіл әлемге төніп тұрған қауіпті дерттің алдын алу, әрі қарай өршітпеуге тек қана карантин көмектесетінін айтып дабыл қағып жатқан мамандардың сөзін өз салтымызбен де байланыстырсақ, жаман болмаспыз. Ал карантиннің 40 күнге созылуы да тегін емес. 40 күн шыдасақ, 40 күн басқалардан өзімізді, өзімізді өзгелерден оқшауландырып, сақтансақ әрі сақтасақ, бұл нәубетті күндерден де құтыларымыз анық.

Қ.Сауран, ERNUR.KZ