“Қазақ еліне мың алғыс!” арқалатқан Қарағанды

Қарағанды облысы еңселі Елордаға «Ұлытау» аллеясы мен «Қазақ еліне мың алғыс» монументін сыйға тартты. 20 жасқа толған ару Астанаға арналған саяжолдың ашылу салтанатына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ пен Қарағанды облысының әкімі Ерлан ҚОШАНОВ қатысты.

Президентке Қарағанды облысының сыйлығы, әсіресе, «Қазақ еліне мың алғыс» монументі ерекше ұнағанын атап өткен жөн.
Нұрсұлтан Назарбаев саяжолдың ашылу салтанатында халық жадында сақталған Қазақстан тарихындағы қилы кезеңдердің маңыздылығына тоқталды.


— Бүгін Елордада жүзеге асқан жетістіктеріміздің бәріне 20 жылдың ішінде қол жеткіздік. Астананы салуға бүкіл Қазақстан атсалысты, басқаша болуы да мүмкін емес еді. Сондықтан біз бұл мерейтойды барлық облыстардың қатысуымен, кеңінен тойлап жатырмыз. Еліміздегі азаматтардың бәрі өздерін жайлы сезініп, жақсы өмір сүргенін қалаймын, — деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы елімізді одан әрі ілгерілету ісінде халқымыздың бірлігі айрықша маңызды екенін айтты.
— Біз бірлігімізді сақтап, бір-бірімізге құрмет көрсетуіміз керек. Мен барша жұрттың Қазақстанда өмір сүріп, еңбек етіп, өсіп-өркендегенін қалаймын. Ең бастысы — тату қарым-қатынасты сақтай білу, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Атап өткен жөн, саяжолдың басты элементі — «Қазақ еліне мың алғыс» монументі. Монументтің авторлары — сәулетші Самат Рустамбеков пен мүсінші Ренат Абенов. Көркем үлгідегі төрт мүсіннен құралған композицияның орталығында үш ұл баланы — екі кавказ және кәріс ұлтты ұл балалар мен бір еуропа нәсілді қыз баланы қорғаштап құшақтап тұрған қазақ әйелінің мүсіні орнатылған. 14 метрлік қола мүсін саяси қуғын-сүргін кезінде Қазақстан аумағына жер аударылған түрлі ұлт өкілдеріне пана болып, мейірімділік танытқан қазақ халқын білдіреді. Бұл туралы сәулетші Самат Рустамбеков: «Монумент қоладан құйылған, астындағы негізі көркем граниттен жасалған. Монументтің жалпы биіктігі 14 метрге жуық. Саяжолдың ұзындығы — 230 метр, ені 55 метр. Жұмыс үш айға созылды», — дейді.
Жалпы, Монументтің ең үздік эскизіне байқау осыдан екі жыл бұрын жарияланған болатын. Оған 30 адам қатысып, жеңімпаз ретінде Ренат Абенов таңдалды. Эскизбен жұмыс істеуге алты айға жуық уақыт жұмсалған.
Монументтің орны да оңай таңдалған жоқ. «Ұлытау» саяжолы Салтанат қақпасы мен Түркістан көшесінің ортасында орналасқан. Аллеяның орталық бөлігінде арнайы ұйымдастырылған алаңында «Қазақ еліне мың алғыс» монументі орналасқан. Осылайша, Елорданың тұрғындары мен қонақтары мүсін композициясын Салтанат қақпасының жанынан да, монументтің басты қасбеті бағытталған Түркістан көшесінен де қарап, тамашалай алады.


— Бүгін біз Елбасына Астананың 20 жылдығына орай Қарағанды облысының атынан берілген сыйлығын таныстырдық. Ұлытау — ол біздің тарихымыз, қазақ халқының тарихы, ол Қазақстанның орталығы. Сондықтан біз сол аймағымыздың барлық көрнекті жерлерін арнайы саяжолда көрсетуді жөн көрдік. Жәдігерлерді алып келіп орнаттық, ашық аспан астындағы мұражай болды. Біз бірінші кезекте біздің Ұлытау өңіріміз туралы жастар білсе екен дедік. Қарағанды облысының екінші сыйлығы — «Қазақ еліне мың алғыс» монументі. Қуғын-сүргіннің қиын-қыстау заманында біздің жерімізге көптеген жер аударылғандар келді. Монумент қиындыққа тап болған түрлі халық өкілдерін қазақ жұрты қалай қабылдағанын көрсетеді. Осы тарих беттерін де біз жастарға көрсетіп, олар Елбасының арқасында бүгінгі күнгі қол жеткізіп отырған жетістіктерімізді, бейбіт аспан астында тату-тәтті өмір сүріп жатқандарын бағалай білсе екен деп отырмыз, — деді Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов.
Жалпы, Қарағанды облысының әкімі атап өткендей, Ұлытау — бұл Арқаның ең танымал тарихи және географиялық нүктесі. Ұлытаудың ауыз толтырып айтарлық ерекшелігі көп. Тарих парақтарына үңілсек, киелі жерде Шыңғысханның үлкен ұлы Жошы хан мен немересінің ордасы, Алтын орданың бірінші астанасы — Орда Базар орналасқан. «Хан Ордасы» мекенінде көптеген хандар тағайындалып, ақ кілеммен таққа көтерілген. Сондай-ақ бұл жерде атақты Бұланды шайқасында жоңғарларды жеңіп, Әмір Темірдің жазбасы бар тас табылған.
Ал саяжол Ұлытаудың басты көрнекті жерлерін көруге болатын ашық аспан астындағы мұражай іспеттес. Ол осы киелі жердің тарихы туралы сыр шертеді.
Мұнда Алтын шоқы дөңінің басында табылған «Әмір Темірдің тас жазбасының» көшірмесі орнатылған. Бұл жазбасы бар тас плита Әмір Темірдің Алтын Ордаға жорығы кезінде 1391 жылы орнатылған. Оның түпнұсқасы Эрмитажда сақтаулы.
Теректі әулие мен Байқоңырдың петроглифтері ұсынылған. Тастардағы өрнектер дала тарихын толыққанды бейнелеген. Ал Милықұдық үлгісіндегі пеш Орталық Қазақстан аумағындағы ең көне болып табылады. Оны Жезді кентінің тау-кен және балқыту ісінің мұражайынан көруге болады.
Алдағы уақытта Елорда тұрғындары мен қонақтары Ұлытаудың көрнекті жерлері жөніндегі ақпаратты саяжолдың QR-кодтары бар тақтайшаларынан смартфондар арқылы оқи алады.
Саяжолдың атауы да ежелде киелі болып саналған жадеит тасына қашап жасалған. Ол нефритке ұқсас, алайда, одан сиректеу кездеседі және жоғарырақ бағаланады. Жадеитті тек Жапония, Қытай, Мексика, АҚШ және Канадада қазып шығарады екен.

Аяулым СОВЕТ