ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ БОЛАШАҒЫНА ҚЫЗМЕТ ЕТІП ОТЫРҒАН “САЛАМАТ” БАЛАБАҚШАСЫ
Жақсыны көрмекке, айтпаққа,-демекші, ұрпаққа ұлт тәрбиесін беремін деп жүргендерді іздеп жүремін.
Елордамыздағы “Саламат” балалар бақшаларының құрылтайшысы Гүлсара Нұрсейітқызымен 2019 жылдан бері таныспын.
“Балықшы балықшыны” алыстан таниды дегендей, жаныңа жақын, рухтас адамдарды іздеп жүресің ғой, көріп, танысып қалсаң, қуанасың.
Гүлекеңнің “Саламат” балабақшасына былтыр қонаққа барып, таңғалып, көргенімнен әсерленіп, қанаттанып шыққан едім. Ұлттық рухты паш етіп тұрған көрнекілігінен бастап, балардың жейтін асына дейін көріп, таңғалдым. Кішкентайларға арнап жылқының еті, ұлттық тағам беріледі екен.
Елордамыздың төріндегі “Қазақтың иісі шығып тұрған балабақшадан” көргенімді әлеуметтік желіге тамсана жазған да болатынмын. Кейін Гүлекең оны өз кітабына да шығарыпты.
Біраз уақыт бұрын Гүлекем “Ақботам (мен сияқты Қарақызға Гүлсара апайымның қойған аты), мен жаңа балабақша ашып жатырмын, Алла қаласа, келесің деген болатын.
Міне, көптен асыға күткен “Саламаттың” екінші балабақшасы Қабанбай батыр көшесі, 7/3 мекенжайында ашылды. Ашылуына орай, апайдың құрметті қонағы болдым.
Қоғам қайраткері, ұлтжанды апамыз Оразгүл Асанғазы да келіп, ақ тілегін айтып, батасын берді. Гүлсара апайдың бір-бірінен өткен тамаша әпкелері — сонау Ұлытаудан еті мен қымызын, құрты мен майын арқалап келген Қалдыгүл апаймен, Камила апаймен және балабақшадағы ұлтжанды қызметкерлерімен дастархандас болдым.
Гүлекеңнің қандай нәрсені қолға алса да, мінсіз етіп, жайнатып жіберетін әдеті.
Балабақшаның кіреберісінен бастап іші-сырты оймақтай етіп жасалған. Қазақы рух, ұлтжандылық, патриотизм мен мұндалап тұр!
Балабақшаның безендірілуі ұлттық нақышта, балаға тәлім-тәрбие беретін дүние мол!
Ең бастысы, “Саламат” балабақшасының ұстанған бағыты- ана тілінде рухани тәлім-тәрбие беру, ұлттық құндылыққа деген құрмет, бала бойына елжандылық, отансүйгіштік қасиетті сіңіру.
Баланы патриоттыққа, тілін, ділін, жерін құрметтеуге қалай тәрбиелейміз деп жүргенде, Гүлекең балабақшасына ұлы тұлғаларымыздың суреттерін іліп, олардың кім екенін 3-4 жастағы бүлдіршіндерге жаттатып жүр.
Балапандарымыздың бойында ұлттық киім, ұлттық аспап, ұлттық өнер, ауыз әдебиеті сынды рухани мұрамызға деген қасиетті қалыптастыру үшін, домбыра оркестрін ашып, айтыс ұйымдастырып, қуыршақ театры, ертегі, ата кәсіп, төрт түлік, қолөнер, кәсіпке баулу т.с.с. үйірмелерде тағылымды танымдық тәрбие беруде.
Биыл “Балалар әдебиетін қолдау жылы”,- деп жүрміз.
Балаларды қалай кітапқа тартамыз дейді.
Ал, “Саламатта” бұл бұрыннан бар тәжірибе. Балабақшаның төрінде кітапханасы бар. Балалар ертегісінен бастап, қазақтың ақын-жазушыларының кітап қоры бар. Оны бала да, ата-ана да алып оқиды.
Өзімде Саламаттың кітапханасына қосқан үлесім болсын деп, бір сөмке кітабымды тарту еттім.
Бүгінде ана тілімізді жалаулатып, ұлтжандымын, патриотпын,-дейтіндер жетіп артылады. Біреуге мансап, біреуге атақ, біреуге пиар керек.
Бір ақын айтпақшы, сөзі мен ісіне айырма салғандар- шындығын жоғалтып алғандар.
Өкінішке орай, олардың көпшілігінің сөзі бір басқа да, ісі бір басқа. Адамның ісі мен сөзінің сәйкес келмеуі, бір бағытта болмауы, ауыр болса да, айтайын, бұл пенденің екі жүзділігін аңғартады.
Гүлсара Нұрсейітқызы ешкімге еш нәрсені дәлелдемей, айғай-шусыз-ақ, ел ертеңі болар ұрпаққа қазақы тәрбие беруге тырысып жүрген, айтқан сөзі мен жасаған іс-әрекеті сай жан.
Олай дейтінім-балабақша таза қазақша. Тіпті келген өзге ұлт өкілдерінің балалары қазақша тәрбие алып, домбыра тартып, айтыстың алтын домбырасына ие болып жүр.
Орыс топтары мүлдем жоқ. Баламызды қалай қазақ қыламыз деп жүргенше, осындай балабақшаларды көбейтелік!
Мырзагелді Кемел ағамыздың “Ақыл қалтасынан” мынандай сөз оқыған едім: есті адам күйкі тірліктің емес, өнегенің мекені болатын жарқын жүзді адамдармен араласады. Көзі қарақты сөзімен және ісімен өздері өнеге беріп ғана қоймайды, сондай-ақ олардың төңірегіндегілер де ізгі істерімен ерекшеленеді,-деген екен.
Құр сөзбен емес, өзгеге өнеге болар ісімен ерекшеленіп жүрген Гүлсара Нұрсейітқызының “Саламат” балабақшасында жүргізіп отырған жұмысы еліміздегі өзге де балабақшаларға үлгі-өнеге болуы керек. Саламаттың балаға тағылымды тәрбие берер әдістемесі басқа да балабақшаларға таралуы керек деп санаймын. Осы тұрғыда “Саламат” балабақшасының жанында тәжірибе бөлісу мақсатында семинар-курстар ұйымдастыруға болады.
Ана бір жылы мемлекеттен қыруар дотация алып отырған, бірақ іші-сырты “Русский мир” мен “Американский мечта” болып тұрған, өскелең ұрпаққа өзгенің тілін, ділін, ертегісін насихаттап отырған, Елордамыздағы жекеменшік балабақшалар жайлы жазған едім.
Қазақы болмысты, елін, жерін сүйетін, ана тілін құрметтейтін ұрпақ тәрбиелеймін деп тапқан-таянғанын жұмсап, жан аямай жұмыс істеп жүрген Гүлсара апайдың балабақшасына мемлекеттен тек 30 ғана дотация ғана беріледі екен.
Ал ұрпаққа өзге тілде білім беріп, тәрбиелегендерге мыңға жуық дотация беріледі. Не дейсің?!
Іші-сырты “Фиксики, Маша мен Медведь, Человек паук, Спандж Боб және т.с. болмысымызға жат, балаларды өзге елдің дүниесімен тәрбиелеп жатқандардың дотациясы бірнеше жүздеген болып, қазақ тілі, ұлағатты ұрпақ деп шырылдап жүрген Гүлсара Нұрсейітқызы басқарған “Саламатқа” неге отыз ғана дотация беріледі?
Ел тұтқасын ұстап отырғандарға айтарым, ертең өзге елге қарап “ұлитын” емес, елім-жерім дейтін ұлағатты ұрпақ тәрбиелейік десек, “елімнен не аламын деп емес, еліме не беремін?”,- деп жүрген осындай жандарды қолдауымыз керек.
Гүлекең бірде: Ақботам, менің арманым, академия ашу деген еді.
Өзіне емес, өзгеге болсын, балаларға керек деп, соңғы тиынын салып жіберетін Гүлсара Нұрсейітқызындай ұлт жанашырына мемлекет тарапынан неге қолдау жасамасқа?
Гүлекең жаңа балабақшасының тұтқасын биыл Түркияда білім алып, дизайн маманы болып шыққан қызы Ақгүлге тапсырыпты. Сөйтіп өзінің “ел ертеңі болар -өскелең ұрпаққа болсын”,- деген адал ісіне қызын да баулымақ.
Жас келсе, іске,-демекші. Гүлекеңдей ұлтжанды анадан туған Ақгүл де тәрбиелі, білімді, ақылы мен көркі сай қыз. Ақылымды айтып, сұхбаттасқаннан кейін түйген ойым осы.
Ақгүлдің қазақ тілін, ұлт құндылығын жастардың арасында дәріптелуіне атсалысатына сенімім мол.
Ақгүл жаным, ақжол!
Қазақ елінің болашағына қызмет ете бер, Саламат!
ПыСы: “орамал тон болмайды, жол болады”,-деп Оразгүл Асанғазы апайыма, Гүлсара Нұрсейітқызына сый-сияпатымды жасап, өзімде сыйлыққа ие болдым.
Сыйласқанға не жетсін?!