«Қазақ» газетіне 105 жыл.

…Баспасөз қай уақытта да қоғамдық өмірдің айнасы, шығып тұрған заманының шынайы шежіресі екендігі белгілі. Оған осы жылдың ақпан айында жарық көргеніне 105 жыл толған «Қазақ» газетінің тағдыр талайы айқын дәлел. Апталықтың ғасыр басындағы қазақ қоғамдық өмірі тарихынан алатын орны айрықша.

Ол әдебиетіміз бен мәдениетіміздің гүлденіп дамуына ғана емес, ұлттық ой-сананың бүр жарып, азаттық идеясының лаулап жануына, ел тәуелсіздігі жолындағы ғасырларға ұласқан ұлы күрестің қанат жайып, ақырында жеңіске жетуіне қосқан үлесі орасан зор басылым. Бұл — ешқандай дәлелдеуді тілемейтін, таласы жоқ, тарихи шындық.

Кезінде «қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» (Әуезов М.Ахаңның елу жылдық тойы //Ақ жол, 1923 жыл 4-ақпан) газетінің, ең алдымен, тарихи құны жоғары.

Біріншіден, газет материалдары XX ғасырдың алғашқы жиырма жылында қазақ даласында көрініс тапқан қоғамдық процестердің деректемелік қайнар көзі ретінде аса қымбат.

Екіншіден, ғасыр басындағы ұлт-азаттық қозғалысының қалыптасып, даму арнасында дүниеге келген басылым ел бостандығы жолындағы күрес идеологиясының мінбері болуымен де бағалы. Ендеше, оған тыңғылықты зерттеу жүргізу арқылы Қазан төңкерісі қарсаңындағы қазақ даласының қайшылыққа толы тарихи жағдайын жан-жақты айқындап, терең тани түсуге мүмкіндік туады деген сөз. Сондай-ақ, басылым материалдары арқылы сол кездегі ұлттық азат ойдың басты арналарын танып-біліп, олардың басы-қасында болған қазақ зиялыларының ұстанған жол, мақсат-мұраттарын анықтауға жол ашылады. Сонымен бірге ұлттық сананың ұйытқысы бола білген басылымның «пікір тайқазанында» (С.Мұқанов) әбден піскен халқымыздың өсіп-өркендеуіне қатысты негізгі идеялар егемен еліміздің іргетасы қаланып жатқан бүгінгі күні де қоғамдық мән-маңызын жоғалта қойған жоқ. Оны зердемізге тоқып, игілігімізге жарату да – уақыт талабы. Сонымен бірге алаш зиялыларының өмірлік бай тәжірибелері мен тәлім-тәрбиесінен өнеге алу үшін де басылым мұраларымен танысу ауадай қажет.

Үшіншіден, Ахмет Байтұрсыновтың сөзімен айтқанда, «газет әдебиет тобына жататын нәрсе болғандықтан жазылған сөздер мағына жағынан толымды, көңіл жағынан қонымды, тізуі тәртіпті, сын алдында сымдай боларға тиіс» десек, осы қағида алдарына тартылған туы болған, одан бірде-бір ауытқымаған «Қазақ» газетінің бүгінгі журналистер қауымы үшін үлгі аларлық өнегелі тұстары ұшан-теңіз. Оның үстіне, ұлы Мұхаң, Мұхтар Әуезовтің «Шолпан» журналының 1923 жылғы 4-5 нөмірлерінде жарияланған «Қазақ әдебитінің қазіргі дәуірі» деген мақаласында берілген баға бойынша, «жазба әдебиетте Абайдан соң аты аталатын – «Қазақ» газеті» болуы апталықтың құнын еселеп арттыра түсері даусыз.. Сонымен бірге «тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп шырылдап, тілімізге төнген қауіпті сейілтіп, оның таза сақталып қалуына газет-журнал арқылы жанұшыра әрекет еткен алаш азаматтарының ізгі істерінен өнеге алу да – уақыт сұранысы. Ол бүгінде мемлекеттік мәртебе алған тіліміздің көсегесін көгерту үшін ауадай қажет.

Төртіншіден, «Қазақ» газеті – төл журналистикамыздың дамуына тигізген ықпал-әсері орасан зор басылым. Оны теориялық және тәжірибелік жағынан байытып қана қоймай, журналистерді баулу мектебіне айналғанын ешкім теріске шығара алмайды. Осы орайда, Алаш зиялылары шоғырынан шығып, әлемге танылған, сол арқылы қазақ халқының атын дүниежүзіне паш еткен Мұхтар Әуезовтің мына пікірі сөзімізді жандандыра түсері хақ: «Қазақ» газетінің сүтін еміп өскен бір буын осы күнде пікір-білім жолында бұғанасы бекіп, іс майданына шығып отырса, кейінгі жас буын Ахаң салған өрнекті біліп, Ахаң ашқан мектепті оқып шыққалы табалдырығынан жаңа аттап, ішіне жаңа кіріп жатыр» (М.Әуезов). Біздіңше, сол «табалдырығынан жаңа аттап, ішіне жаңа кіріп жатқан» буын – бүгінде журналистика мамандығына баулыну үстіндегі жас шәкірттеріміз. Ендеше бұл басылым Алаш баспасөзінің қадір-қасиетін танып-білу үшін ғана емес, сонымен қатар осы күнгі ұлттық журналистикамыздың қанатын кеңге жая өркендеуіне қосар үлесі мол болуымен де аса бағалы.

Бесіншіден, газет тігінділерін парақтау арқылы бүгінде ұмытыла бастаған халқымыздың ықылым заманнан келе жатқан ата салт, озық дәстүрлерін жете біліп, терең игеруге мүмкіндік туады. Ол, сөз жоқ, соңғы кездері рухани жұтаңдыққа ұшыраған ой-сананың қайта көктеп, гүл жара өркендеуіне септігін тигізетініне сеніміміз мол. Осы қырынан келгенде, «Қазақ» газеті — бір ғана ұлттық баспасөз тарихын білу үшін, яғни журналистерге ғана қажет басылым емес, ол — берісі, тарихшыларымыз бен әдебиетшілерімізге, керек десеңіз, барша жұртымызға жете білуді керек ететін асыл қазына.

Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов және М.Дулатов сынды халқымыздың біртуар ұлдары басшылық еткен басылымға сол кездегі қазақ оқығандарының, көзі ашық, көкірегі ояу зиялы азаматтарының үн қатпай қалғаны некен саяқ. Осыдан-ақ газеттің арқалаған жүгінің қаншалықты ауыр да жауапты болғандығы аңғарылады. Алдымен, патша үкіметінің, кейін келе кеңес өкіметінің газет соңынан тал түсте шырақ алып түсіп, ізін андуы, жөн-жосықсыз айыпқа тартуы, ақыр соңында үні жұрт құлағына жетпестей тар қапаста «құлыпталып» ұсталынуы бекерден-бекер емес-тін. «Қазақ» кезінде халқының көзі, құлағы һәм тілі қызметін атқарды. Содан қатты секемденген отаршыл пиғылдағы елдің «көсемдері» «Қазақпен» үндес ұлттық басылымдар мен оларға сөз жазушы азаматтардың үнін өшіру арқылы ойлаған мақсаттарына қол жеткізуге тырысып бақты. Белгілі бір дәрежеде ол армандары орындалды да. Ел тәуелсіздігін алғанға дейін мәңгүрттік дертінің қазақ даласына дендеп енуі, тіліміз бен дініміздің нашар халі, сөз жоқ, соның салдары болатын.

Аурудан құлан таза айығудың амалы – оның неден болғанын біліп, соған қарай ем қолдануда екенін «Қазақ» қаламгерлері оқырмандарына жиі ескертеді. Олай десек, кезінде соқыр саясат салдарынан жөн-жосықсыз жабылып қалған ұлттық рухани бүлақтардың көзін ашып, шөліркеген жұртына сусынын қандыра қызмет етуіне мүмкіншілік туғызсақ, ел рухының өре түрегелуіне септігін тигізерінен үмітсіз емеспіз, сеніміміз мол.

Мұрағат материалдарына жүгінсек, алаш азаматтары «Қазақ» газетін шығаруға сегіз жылдай дайындық жұмыстарын жүргізгендігі байқалады. Оған сонау 1905 жылы Қоянды жәрмеңкесінде 14500 адам қол қойған Қарқаралы петициясы айқын дәлел. Сол арыз-тілекте қазақ тілінде бейресми газет шығаруға рұхсат ету жөнінде патша үкіметінен арнайы талап етілген бап бар екендігі бұрыннан белгілі жай. Белгісіз болып келгені – халқымыздың азаттық жолындағы күрес тарихынан ойып тұрып орын алатын осынау наразылық құжатты Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов және Ж.Ақбаев сынды ардақты алаш азаматтары ұйымдастырғаны. Бұл жөнінде «Семипалатинский листок» газетінің 1905 жылғы 8 желтоқсанында жарық көрген Ә.Бөкейхановтың Ресей мемлекеті земскі және қалалық қоғам қайраткерлерінің съезінде жасаған баяндамасында нақты мәліметтер келтірілген. Ендеше кейіннен «Қазақ» қаламгерлерінің ұйытқысы болған тап осы топ сол кезден бастап-ақ жалпы ұлттық газет шығару идеясының жетегінен ұстап, соны жүзеге асыру жолында көп ізденісте болған деуімізге толық негіз бар.

Газет тігінділерінен алынған жарияланымдар мен мұрағат материалдары деректеріне сүйенсек, апталықтың үш түрлі жолмен қаржыландырылғаны анықталады.

Біріншісі, ол әрі негізгісі – газетті жаздырып алушылардан түскен қаражат.

Екіншісі — басылымда жарияланып тұрған жарнамалардың төлем ақысы.

Үшіншісі — апталық жанынан құрылған «Азамат» серіктігі мүшелерінің жарналарынан құралған сомма. Соңғысы, негізінен, «Қазақ» баспаханасын сатып алуға жұмсалған. Бұлардан бөлек газет ерекше қиыншьшыққа ұшыраған кездері, дәлірек айтсақ, бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуымен ел әл-ауқатының күрт нашарлап, нәрсе-қараның қымбаттауы себепті апталықты жаздырып алушылар қатарының кемуімен байланысты жеке кісілер тарапынан да жәрдем пұл жиналып, кәдеге жаратылып отырғанын айта кету керек. Бірақ, ондай жанашыр адамдардың тізімі газетте міндетті түрде жарияланып, қосқан қаржылай көмектері қайда пайдаланып жатқандағы туралы үнемі есеп беріліп тұрғанын да ескерген жөн.

Ендеше «Қазаққа» кімдер, қандай көмек көрсетті, қанша қаржы бөлді деген даулы сұрақтарға газет тігінділерінің материалдары жауап береді деген сөз. Ол деректер кейбір зерттеушілер айтып жүргендей, апталық жеке байлардың идеясы негізінде, солардың құрылтайшылдық етуімен, яғни қаржысымен жарық көрмегендігін, ол халықтың қолдауымен, соған арқа сүйеген алаш азаматтарының жанкешті еңбектері мен жоқтан бар жасай білген шебер ұйымдастырушылық қабілеттерінің арқасында дүниеге келіп, үздіксіз шығып тұрғаны нақты дәлелдейді.

Газеттің шығарушылары мен тұрақты авторлары туралы сөз қозғасақ, басы ашық мәселе, апталықтың алғашқы дайындығынан бастап, алты жылға таяу ғұмырында ыстық-суығына бірдей қарылған, бар жауапкершілігін мойындарына алып, түгел қиыншылығын көтерген, ең алдымен, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов және М.Дулатов сынды алаш ардақтыларының үштігі екендігі талас туғызбайды. Осы күнге дейін ғылыми айналымда болып келген, бірі – Семей түрмесінде жатқандықтан, екіншісі – Самараға жер аударылғандықтан М.Дулатов пен Ә.Бөкейханов газеттің алғашқы дайындық жұмыстарына қатыса алмады деген пікір шындыққа жанаспайды. Әсіресе, көрнекті қалам қайраткері М.Дулатовтың «Қазақ» газетін шығарудағы басшылық және шығармашылық қызметі А.Байтұрсынов пен Ә.Бөкейхановтың басылымға сіңірген еңбектерімен тең бағалануы қажет.

Апталықтың соңғы үш нөмеріне бас редакторы ретінде қол қойған, басылымда бай шығармашылық мұрасымен із қалдырған, газеттің бүгінге дейін беймәлім болып келген көрнекті өкілдерінің бірі — Жанұзақ Жәнібекұлының журналистік қызметі арнайы ғылыми зерттеу тақырыбы болуға сұранып тұр. Сонымен қоса «Қазақтың» тұрақты авторлары, жер-жерден хат-хабар жазып, газет жұмысына атсалысқан меншікті тілшілерінің қызметтері де зерттеушісін сарғая күтуде.

Сондай-ақ, қазақ зиялыларының 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі кезіндегі ұстаған бағыттары мен мақсат-мұраттарын және атқарған қызметтерін «Қазақ» газеті материалдары негізінде терең зерттеп, тарихи бағасын беретін уақыт жетті.

«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» айтсақ, «Қазақ» газетін XX ғасырдың алғашқы жиырма жылындағы қазақ қоғамдық өмірінің шынайы шежіресі, ұлттық сананың ұйытқысы және жаңа үлгідегі қазақ баспасөзінің негізін қалаған энциклопедиялық басылым деп бағалауға әбден болады. Аталмыш кезенде «Қазақтың» жеті өлшеп, бір пішер шешімінсіз, басылым басқармасының жетекшілігінсіз ұлтқа қатысты бірде-бір уақиға болмады десек, ол – соның дәлелі. «Аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздың әруақты аты» өшпесін әрі «киргиз» болып шатаспасын деген мақсатта «Қазақ» деп ат қойған газеттерінде алаш азаматтары «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» халқының қамы үшін аянбай қызмет етті. Олардың «білекті бірді, білімді мыңды жығады» деген аталы сөзді алдарына тұтып, бақша баққан бағбандай, тер төге еткен еңбектері зая да кеткен жоқ. «Қазаққа» деген игілік нәрсені енгізу жолында» қызмет еткен, «Сырттан жамандық болса, күзетші орнына жұмсалған» газет өз заманында халықты қараңғылық қамауынан адастырмай жарыққа алып шыққан бағдаршам дәрежесіне көтерілді. Оған халқымен қауышуды күтіп, архивтерде сарғайған газет тігінділерінің кез келген бетін тілге тиек ету арқылы көз жеткізу аса қиын емес. Олардың әрқайсысы тарихымызды «ақтаңдақтардан» арылтып, алтынмен жазылар бір-бір парағы болуға әбден лайық.

Әрине, бұдан «Қазақ» тек тарихымызды танап білу үшін ғана керек басылым екен деген ұғым тумауы керек. Оның бай мұрасынан бүгінгі тірлігімізбен үндес, әлі де қоғамдық мән-маңызын жоймаған көптеген дүниелерді кездестіруге болады. Олардың ішінде ел егемендігінің іргетасы қаланып жатқан бүгінгідей алмағайып заманда жолсыздан адаспай, өз даңғылымызды табуға бағдар болатын құндылықтар көп. Сөзіміз жансыз еместігін білдіру үшін бір ғана мысал келтірейік. Газеттің 1917 жылғы 226-санында «Ел еркі өзінде» деген бас мақала жарияланған. Авторы көрсетілмесе де, сөз саптау мәнеріне қарап, мақаланың М.Дулатов қаламынан туғандығын айыруға болады. Онда айтылар ойдың бүгінгі күнмен үндес, әлі де құнын жоймағандығын дәлелдеу үшін мақаладан үзінді келтірейік: «Хакімдердің айдауынан, хакімдердің түрткісінен басқа түк көрмеген біздің қазақ не берсе, хакім береді, не істесе, хакім істейді деп мұрнын тескен тайлақтай жетекшіл болып қалған. Әлі де болса әркімнің жетелеуіне қараса, онда бостаншылықтың игілігін дұрыс көре алмайды. Өз тіршілігін өзі істеп, өз шаруасын өзі жөндеп, өз күнін әркім өзі көрген сияқты бостаншылық болған соң әр жұрт өзіне керек істің бәрін өзі істеу керек».

Міне, алаш азаматының халқына арнау сөзі, артында қалдырған аманаты. «Айтылған айтқан жерде, жазылған жазған жерде құр сөз күйінде қалып, іс жүзінде көрінбесе, онан түк өнбейді». Осыны жадымызда ұстап, «бұл бостаншылық — көп жұрттың ер жетіп, іс білген-білмегеніне емтихан» екенін ұмытпаған жөн шығар. Шын мәнінде «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» болған «Қазақ» газеті ұрпаққа осыны сабақ етеді.

Қайрат САҚ,

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ

Журналистика және саясаттану факультетінің деканы,

алаштанушы-ғалым.