ҚАЗАҚ ХАЛҚЫН ӘЛЕМДІК ӨРКЕНИЕТКЕ КӨТЕРГЕН ӘБІШ
Киелі Маңғыстауда Халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Еңбек Ері Әбіш Кекілбайұлының 80-жылдығына арналған мерейтойы болып өтті.
Әбіштің даралығы, Әбіштің даналығы көзінің тірісінде — ақ айтыла бастады. Киелі Маңғыстаудың түбегінен небір батырлар мен ақындар, жыраулар мен әншілер шықты. Тарихы тұңғиық, шежіресі өр биік өлкенің қойнауында әлі талай асылдың жарқырап шығарына кәміл сенесің. Сенбесіңе – дәуір тынысы қоймайды тағы. Бұл мекендегі әулие — әмбиелердің де рухы асқақ. Олардың дұғасымен киелі Маңғыстау жасарып — жаңарып тұрғандай әсерге бөлейді. Киелі топырағына қасиет дарыған, күймелі тауларынан бұлттар қарғыған өңірде – ерекше жылылық, өзгеше сұлулық байқалады. Демек, Әбіштей әлем таныған данасына, ғаламға – қазақ деген халықты танытқан баласына бабалар рухы күш беріп жатпасына кім кепіл! Әулие демекші, қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков бір жазбасында «Маңғыстауда ежелден 362 әулие бар еді, 363-ші әулие Әбіш Кекілбаев шығар» дегені жүрек қылын шертеді. Бұл не көрікпелдік пе, жоқ әлде қатарынан дара тұрған, заманынан дара туған Әбішке берілген даналық баға ма?
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі «Әбекең – әлемдік өркениеттің ортақ қазынасына олжа салған суреткер. Көркем ойдың, көркем әдебиеттің көсемсөзге жол берген тұсында ол ел-жұртына үлгі беретін үрдіске қол артып, уақыт мінберіне көтерілді. Ағынан жарылды, адалынан сөйледі. Әлі де қоғам мен қауымды толғандырған келелі мәселелерде кең толғар пайым қажет болғанда қаламына қайраткер сөз ұштап, шынайы пікірі мен шырайлы бәтуасын жайып салады. Жұртының мүддесі үшін жазары таусыл- маған жазушы болу да бір бақыт қой. Шіркін-ай, осындай қазақ көбірек болса екен деп тілеймін!» депті. Ел президентінің аузынан осындай лепестің шығуының өзі – ұлылыққа іңкәрлік емес пе? Мұндай мадаққа қол жеткізген дарабоздар қазақ топырағанда болған шығар. Бірақ өте аз екеніне бәс тігуге бармыз.
Тіршілікте маңдайы жарқырап өткен, қиындықтардан құландай арқырап өткен, бөгесіндерден қырандай қалықтап өткен Әбіш Кекілбаев тойына, киелі маңғыстау бойына біздің де жолымыз түсті. Азаматын ардақтаған елді көрдік, үш жүздің баласының басын қосқан жерді көрдік. Ынтымағы жарасқан жұртты көрдік. Асылын әспеттеген ғұрыпты көрдік…
Қазақтың ғасырда бір туар ұлы жазушысы Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдық мерейтойын ел көлемінде мерекелеу – сөз жоқ, марқұм Әбіш ағамызға жасалған үлкен құрмет. Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақтың небір жақсы-жайсаңдарын бастап Ақтау қаласына арнайы сапармен келуі – Маңғыстау жеріне, Әбіш еліне көрсетілген жоғары ілтипат-ізет.
Ал Маңғыстау облысы әкімдігінің бас музейдің атын беріп, Әбіш тойын жоғары деңгейде ұйымдастыруы да – бірлігі бекем ел болуға жасалған тағы бір қадам.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Ақтауға арнайы келіп, қазақ сөз өнерінің зергері, халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлының ескерткішін салтанатты түрде ашып беруі – тектілігі. Саралап айсақ жөн білгендігі. Ұлылыққа деген, парасат биігіндегі тұлғаға деген ерекше ілтипаты.
Елдің көңілі жайланды, желіге бие байланды. Қара сөзден дауыл тұрды, игі жақсылар ер Әбішті еске алып кеңес құрды. Үш жүздің баласы арда ұлдарымен мақтанып, тойдың көрігін қыздырды. Құшақтар айқасты, татулық жалғасты. Дара тұлға жастарға үлгі етілді. Осылайша тойдың да жоғалғандай кем – кетігі. Оған да куә болдық. Енді соларды рет – ретімен баяндауға кіріспекпіз. Өйткені Әбіш туралы әр айтылған сөз – тарих кітабында қатталып, келер ұрпаққа жетеріне еш шүбәміз жоқ.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әбіштің жастық шағы өткен топырақты басып тұрып тебірене сөз алды: — Қазақстан патриотизмі үш тұғырға негізделуі керек деп санаймын. Ең алдымен патриотизм төл тарихымыз бен шыққан тегімізді терең ұғынудан басталады. Халқымыздың басынан өткен қилы заманды және ел еңсесін көтерген жетістіктерді жас ұрпақтың білгені өте маңызды. Ал патриотизмді дамыту үшін көптеген тарихи деректің жастар арасында насихатталуы қажет. Мәселен, 750 жыл бұрын Алтын Орданың қазақ жерінде құрылғаны бұған айқын мысал бола алады. Әбіш Кекілбаев тәуелсіздігімізді қорғауға және нығайтуға атсалысқан аса көрнекті қоғам қайраткері болғанына ешқандай күмән жоқ. Өйткені ол қазақтың ой-санасын жаңғыртқан ұлы кісілердің басы-қасында жүрді. Көрнекті қайраткер егемен еліміздің тарихи шежіресінде өз қолтаңбасын қалдырды. Иә, әдебиет сүйер қауымның ыстық ықыласына бөленген жазушы саяси сахнада да таразы басын тең ұстады», – деді. Бұл президенттің шынайы көңілі екені әр сөзінен аңғарылып тұрды.
Әбіш Кекілбаевтың жары Клара Жұмабаеваның сөзі де жүректерге жол тапты: «Халықтың қамын ойлаумен қатар, шығармашылықты шет қалдырған жоқ. Әрі айналасында дара да дана тұлғалармен толтыратын, жақын достарының бірі Елбасы еді. Бір жолы Әбіш мені түртті. «Елбасыны үйге қонаққа сен шақыр», – деді. Сосын тұрып шақырдым. Кешіріңіз Нұреке, біздің үйде үлкен кісі бар ғой. Сондықтан мына кісілердің алдына шығып айтып отырмын. Бізге барайық. Дәл осылай айттым. Қиын-қыстау кезеңде достарынан қол үзбеу – Әбіш Кекілбаевтың оң қасиеттерінің бірі еді»,– деді асыл жары. Дана Әбіштің бала мінезі, ойшыл қалпы, жасампаз болмысы туралы да көп әңгіме айтылды. Ұлтына адалдығы, қаламға тазалығы , қарапайым көркемдігі де жеріне жете қаузалды. Сүйсінген ағайын көп, қуанған дос-жаран мол көрінді.
КЕМЕҢГЕР ҰЛҒА КЕРЕМЕТ ЕСКЕРТКІШ ТҰРҒЫЗЫЛДЫ
ҚР Премьер министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев қара сөзден қамшы өргендей Әбіш болмысын ашатын керемет сөз тіркестерін төгіп тастады. «Болар елдің баласы, бірін бірі батыр» дейді деген осы –ау…
«Шекспирдің шеберлігі мен тереңдігіне бойлаймыз деп ол туралы әлемде әр түрлі тілде 15 мың, кейбір деректерде 25 мыңнан астам көлемді зерттеулер жазылған екен. Оның ішінде тек тіл мамандары ғана емес, оның ішінде психолог та, дәрігер де, саясаткер де, тарихшы да, суретші де, саяхатшы да, музыкант та, геолог та, агроном да, тіпті мал дәрігері мен тіс дәрігері де бар көрінеді. Әбіш әлемінің лингвистикалық-географиялық-жаратылыстанушылық-адамтанушылық-психологиялық картасын толыққанды сызып шығу үшін де осындай деңгейдегі зерттеу жұмыстары керек. Оның дарынын бір ғана филологиялық өлшемдермен өлшеуге келмейді. Оның бір өзі әлемдік университет сияқты болған адам. Мұндай дарындар адамзаттың тарихында сирек кездеседі» деді Сапарбаев. Бұдан артық сөз мәртебесі бола қоймас білгенге.
Қазақтың классик жазушысы Төлен Әбдік Абай атындағы Мәдениет сарайында қанаттыға от берер, таланттыға күш берер тағылымды сөз айтты. «Мен Маңғыстауға келсем, өзімнің туған ауылыма келгендей боламын,- деді. Әркімнің туған жері — қасиетті Меккесі болса, Маңғыстауға бұдан асқан баға бар ма?! Осы кештегі керім естеліктерден Әбіштің біз білмеген, біз көрмеген бекзада болмысы ашылып, қандай асылымыздан айрылып қалғанымызды жаңа бағамдадық… «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген сөздің нағыз әулиелік сөз екеніне шын иландық. Осының бәрін сезінгенде, жоқ, сезінгенде емес-ау, түсінгенде кеудеңді бір алапат өкініш сығады екен де, жайлап барып босатып, артынша ауыр мұң жайлап алады екен. Неткен өкініш! Неткен ғапылдық! Неткен мұң..! Дегенмен! Қасиетіңнен айналайын, туған елім, әлі-ақ, дана Әбішке, данышпан Әбішке парапар тұлға табатыныңа күмәнім жоқ! Күмән келтіруге хақым да жоқ! Сен аман бол!» дегені сай-сүйекті сықырлатып – ақ жіберді.
Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласында аты алты Алашқа мәлім Әбіш Кекілбаевтың мұражайы ашылды. Дәл осы мәдени нысанның алдына жазушының ескерткіші орнатылды. «Ендігі кезекте тарихи өлкетану мұражайының жанынан театр салынбақ. Айта кетейік, биыл Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдығы аталып өтіледі. Тарихи тұлғаға арналған шаралар Алматы қаласынан бастау алған болатын. Оның атына көше беріліп, жазушы тұрған үйге мемориалды тақтайша орнатылды. Бұл өз шығармалары арқылы мәңгі жасайтын қазақ халқының кемеңгер ұлына деген құрметі», – деді Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет.
Бүгінде шаһардың тыныс-тіршілігінің қызғаны 184 мыңнан асқан халқының санынан-ақ белгілі. Халықаралық құрғақ жүктерді, мұнай мен өзге шикізаттарды тасымалдайтын еліміздегі жалғыз порт Ақтаудың сәулеті тағы бір еңселі нысанмен толықты.
Мұражайдың аумағы 49 500 шаршы метр. Ортасында Әбіш Кекілбаевтың қазақ үйі тұр. Бұл – оның ерекшелігі. Сол қазақ үй шаңырақ болып қайталана береді, ортасы дөңгелек. Қалған жақтары да жартылай дөңгелек және бір жағы тікбұрышты. Бұл – күллі маңғыстаулықтардың көкірегіне мақтаныш сезімін ұялатқан әдебиет майталманы Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдығы қарсаңында жасалып жатқан ауқымды шара. Біртуар тұлғаның бағындырған шыңы, еліміздің саяси өміріндегі атқарған рөлі, нағыз талантқа тән қайталанбас тағдыры мен жазушылық рухы бұдан былай туған топырағындағы мұражайдан үн қатып тұрады. Мұражай – 11 шақырым аумақты алып жатқан Әбіш Кекілбаев мәдени кешенінің бір ғана бөлігі. Құрылыс жоспарына сай, келесі жылы оның құрамына кіретін ірі кітапхана мен театр да іске қосылуы тиіс. Егер кешен құрамындағы нысандар өз жұмысын уақытында бастаса, 70-ке жуық адам толыққанды жұмыс орнымен қамтылады деген сөз. Яғни экономика ғана ілгерілеп қоймай, өңірдегі мәдени сала да қарыштай бермек.
Мұражайдың кіреберісінде көзге оттай басылатын жайлауда жайбарақат бір бала отыр . Бұл – жастайынан білімге құмар бала Әбіштің бейнесі. Оның сол жағында шағын лашық тұр. Бұл – жазушының туған жері Оңды ауылындағы кіндік қаны тамған баспанасы. Ауылдастары: «Оңдыдағы орта мектепті тарихи тұлғаның есімімен атадық», – дейді. Ә.Кекілбаев атындағы Оңды орта мектебінің директоры Мыңберген Қаратауовтың мына сөздері құлақта қалды: — Балаларымыз жақсы. Жылда түрлі байқауларға қатысып тұрамыз. Әбіш Кекілбаев жайлы ашық сабақтар, жарыстар жүріп жатыр. Соған қатысып, жүлделі орындар алып жүргендер де бар». Оңдылықтар мектепке қайреткердің есімін берумен шектелмеген. Елін сүйген ердің әр шығармасында дәріптеген қазақы дүниелерді жинап, шағын мұражай ашқан көрінеді.
Әбіш Кекілбайұлының шығармаларында кездесетін жүкаяқ, сандықша, бұлардың барлығы да ерте кездегі қазақ халқының ұстаған дүниелері. Одан кейін Әбіш Кекілбайұлының туған жері Оңды елді мекенінің оңтүстігінде орналасқан Басқұдығының макеті. Яғни осы жерде Әбіш Кекілбайұлы дүниеге келген. Мұражай қызметкерлерінің сөзінше, мұнда танымал тұлғаның бүтін ғұмырын тоғыстыру оңайға соқпауда. Себебі осы нысанның ішінде жазушының шығармашылығы, саяси өмірі, достарымен қарым-қатынасы, тіпті балалығы да бар. Мәселен, әйнектің ар жағындағы ақпараттан абыз жанның саяси өміріндегі мүлдем басқа бейнесін көруге болады. Қоғам мен мемлекетке теңдей тер төккен тау тұлғаның туған топырағындағы мәдени ошақтың орны бөлек. Көзге де ыстық көрінеді. «Оқырмандар бұл арадан жазушының өмірі мен шығармашылығына қатысты кез келген сауалға жауап таба алады», – дейді мамандар.
Мұражайдың ғылыми-әдістемелік сектор меңгерушісі Ғалия Шынтемірова елге беймәлім бір ақпараттың ұшығын шығарды: — Әбекең өзі өмір бойы әкесінің қаза тапқан жерін іздеуде болды. Сонымен көп жыл бойы табылмай, өзінің ең алғашқы «Алтын ұшақ» деген өлеңдер жинағында әкесіне өлең арналған. Осы экспозицияда көрсеттік. Ал биыл Смоленск облысында Қоқымов Кекілбайдың жатқан жері табылды. Оның фамилиясы тек теріс жазылған екен. «Коконов» деп жазылып кетіпті Қоқымовтың орнына. Көркем сөздің шын шебері, парасаты биік, текті тұлғаның құрметіне бой көтерген мұражайды өзі келіп ашқан Президент те қайраткердің қоғамға сіңірген ерен еңбегін айрықша атап өтті. Мемлекет басшысы Әбіш Кекілбаевтың тау тұлғасының артықшылықтарын атай келе: «Жастар арасында патриотизмді күшейту қажет», – деді. Бұл әрине жанайын деп тұрған жастарға рухани күш берер жалынды сөз деп ұқтық.
КОНГРЕССТЕ ӘБІШ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНА ӘДІЛ БАҒА БЕРІЛДІ
Халықаралық Конгреске жиналған қоғам қайраткерлері, журналист, жазушылар болса «Ә.Кекілбаев және қазіргі қазақ әдебиеті» тақырыптарында баяндама жасады. ҚР Мәжілісі депутаты, филология ғылымының докторы Сауытбек Әбдірахманов Әбіш тойында модераторлық қырынан танылды. Шетелдік қонақтардың кең көсілуіне, шабыттарын қамшылауына да бұл қызмет өз септігін тигізгені анық. Бұл да ұстазға деген құрметке адалдық болса керек. Білімі ұшан теңіз бауырымның Әбішке деген ниеті, Әбішке деген пейілі дариядай шалқыды. Конгреске қатысқан өз қайраткерлерімізді былай қойғанда, шетелдік зиялы қауымның қарасы көп. Осындай ел рухын көтерер алқалы жиында Сауытбектің Әбіш ағамыздың алғашқы кітаптарының бірі Германияда жарық көргенін айта келе, көп адамдар біле бермейтін ақпараттың ұшығын шығаруы отырған көпшілікті елең еткізді.Әбіш Кекілбаевтың еуропада жарық көрген кітабын оқыған бір зиялы қайраткер (Атын есімізге сақтай алмадық) егер осындай талант еуропада туғанда, бүгінде әлем таныр еді. Бұл жазушы Балзак, Байрондармен иық теңесіп қатар тұрар деңгейге көтерілер еді» депті. Бұл әрине Әбіш әлемінің тұңғиығына тарта жөнелер ағын іспеттес дәріптеу ғой зерделегенге.
Сауытбек Әбдірахманов таныған Әбіш қандай болды деген сауал әр көкейде тұрары анық. Ендеше тыңдап көрелік: «Әбіш есімді данышпанды осыдан 80 жыл бұрын қазақ халқы әлемге «осындай да ұл таба аламыз» деу үшін туғандай көрінеді. Халқымыз Әбіштей ұлының бойына кісіліктің де, кішіліктің де, даналықтың да, даралықтың да, сарылықтың да, шешендіктің де, көсемдіктің де қатарынан біте алатынын, бір адамның әрі жазушы, әрі ақын, әрі драматург, әрі аудармашы, әрі философ, әрі тарихшы, әрі әдебиеттанушы, әрі мәдениеттанушы, әрі леуметтанушы, әрі саясаттанушы, саясаткер әрі қайраткер бола алатынын дәлелдеу үшін, олардың бәрінде де бір адамның кемелдікке жете алатынын көрсету үшін туғандай көрінеді. Сол үшін де Әбішті дүниеге әкелген осы қазыналы өлкеге мың тағзым етеміз! Қазақ халқын әлемдік өркениет биігіне көтеру жолында Кекілбаевтың шығармашылығын алға тоссақ ешқашан қысылмайтын боламыз. Қайта мақтанатын боламыз. Кекілбаев қазіргі әлемдегі қалам ұстаған адамға қойылар ең биік талаптың, суреткер атаулыға салынатын ең қатал сынақтың бәріне шыдас береді. Әбіштің кітаптарында әлем әдебиетіндегі ұлы жазушыларға тән қасиеттердің бәрі бар. Оның үстіне ол — ұлы ойшыл. Кекілбаевтың шын кемеңгерлігін дәлелдеу, түсіндіру, насихаттау жөнінде жылдар бойы ерінбей, жалықпай жұмыс жүргізе алсақ, бұл өзіміздің елдігімізге сын» деді Сауытбек.
«МАНДОКИ EOTVOS LORAND» атындағы мемлекеттік университетінің және лакителек ұлттық институты шығыстану бөлімінің лекторы, профессор (Венгрия) Оңайша Мақсымқызы да ағынан жарылды. «Бұл мерейтойды әбіштанудың бастауы деп білген жөн. Мен өзім шетелде жүрсем де, Еуропаның ортасында тұрып жастам да, Әбіш аға шығармашылығын насихаттап жүрмін. Біраз жылдан бері университетте студенттеріммен бірге Әбіш ағаның әңгіме повестерін аударып келеміз. Бұл іске айрықша ынта ықылас қойған – қыпшақтар, венгр-мадияр жастары. Ағамыздың жазған еңбектері сол жердегі қыпшақ халқына өте жақын. Олар өте таңданып, тамсанып оқиды ағамыздың еңбегін. Таяуда Будапештте қазақтардың мәдени орталығы ашылайын деп жатыр. Бұл жерде Әбіш ағамыздың, жалпы қазақ жазушыларының шығармаларын жастарға таныстыруды мақсат еттік. Айта кету керек, қазақ әдебиеті жауһарларын тек қыпшақ мадияр жастарына ғана емес, негізнен сол елде оқып жатқан қазақ студенттері оқып таныса дейміз. Бүгінгі таңда Венгрияда 500-дей қазақстандық студенті білім алады».
Ақын, құрмет орденінің иегері Ақұштап Бақтыгереева да асыл ағасы жайлы келелі ой айтуымен есте қалды.
«Бұл кісінің есте сақтау қабілетіне, мүмкіндігіне, біліміне таңқалатынбыз. Әбіштің қасында отырып, екі сағат әңгімесін тыңдау бізге университеттің бір жылдық сабағы секілді болатын. Қайталанбайтын, ғасырдың тұлғасы еді Әбіш. Оның соншалықты тереңдігі қай тақырыпты да терең білетін. Жады, есте сақтау қабылетінің мықтылығы сонша біз келген нәрсені ол тарих па, ғасырдың таласып тұрған датасы ма соны түннің ішінде Әбіштен табатынбыз. Әбіш оны дәл айтып беретін. Ешкім оқымаған, ешкім білмеген, акдемиктердің өзі ұқпаған нәрселерді білетін. Ұлылық деген қарапайым болады негізі. Соны біз Әбекеңнің бойынан көрдік» деді сартап сағынышты жамылған ақын.
76 жасында өмірден өткен Әбіш Кекілбаевтың артында өшпес мұра болып қалған «Үркер», «Елең-алаң», «Аңыздың ақыры» тарихи романдары мен «Күй», «Шыңырау», «Ханша дария хикаясы», «Құс қанаты» және тағы басқа әдеби шығармалары бар. Енді Әбіш Кекілбаевтың жаңа, өзінен кейінгі ғұмырын жастардың арасында, жалпы мәдениет және өнер қайтаркерлерінің арасында дәріптеудің жаңа ғұмыры басталды десек болғандай. Абыз жазушы өмірден өтсе де, оның артында қалған мол мұрасы еш уақытта өшпек емес. Осы тұрғыда Маңғыстаудан бастау алған шаралар легі 6 қарашада Нұр-Сұлтан қаласында жалғаспақ.
Бар ғұмырын қазақ руханиятына арнаған Әбіштей заңғардың арманы да жоқ шығар. Туған елі есімін мадақтап, билігі аруағын ардақтап дүбірлетіп той өткізді. Оған қалың елі қазағы куә болды. «Сырт көз сыншы» деп жатамыз. Оның растығына көзіміз де жеткендей болды. Ресейден келген белгілі аудармашы Анотолий Кимнің Әбішке берген бағасы – дүйім жұртына айтқаны алғысы деуге тұрарлық. Анатолий Ким Әбіштің «Аңыздың ақыры» романын орыс тіліне аударғаны белгілі. Осы жерде мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың Маңғыстау облысы әкімі болып жүргенде айтқан мына сөзі ойыма оралды. «…Жақында іссапармен Мәскеуде болғанымда, бір топ белгілі ресейлік әдебиеттанушылармен кездестім. Сол кездесуде танымал жазушы, «Абай жолы» романын жаңадан орысшаға аударған атақты аудармашы Анатолий Ким «М.Әуезовтың шығармаларына ерекше кеңдік, ауқымдылық тән болса, Ә.Кекілбаевтың туындылары айырықша тереңдігімен сипатталады» деген еді. Киелі Маңғыстаудың айтып жеткізе алмас ұлан-ғайыр шежіресін Әбіш ағадай білетін, одан терең зерттеген қаламгер жоқ деуге болады», — деп еді Қ.Көшербаев.
АНАТОЛИЙ КИМ – ӘБІШ АРҚЫЛЫ ҚАЗАҚТЫ ТАНЫҒАНЫН ЖАСЫРМАДЫ
Түйін сөз: Сонымен Анатолий Ким абыз Әбіш туралы ескерткіш ашылғанда да, халықаралық конгресте де толғанып сөз сөйледі. Сол жерге жиналған барша халықтың қазақ болып туғандарына риясыз қуанғанын көзім көрді. Оның «Ұлы халық қана осындай ұлыны дүниеге әкеледі. Мен қазақ халқының бақытты екенін осындай сөздеріммен білдіргім келеді. Басқаша айту мүмкін емес. Әбіш кітабын аудару мен үшін бір жағы ауыр, бір жағы жеңіл. Ауыр болатыны ой-өрісінің кеңдігі. Жеңіл болатыны – жүрекке жақындығы.
Бір жолы Әбіштің кітабын аудару үшін үйінде айдан аса қона жатқаным бар. Сонда Әбішті терең таныдым. Терең зерделедім. Әсіресе жары Клара екеуінің махаббатының тазалығына, бір – біріне деген сүйііспеншіліктеріне қаныға түстім. Бір жолы таңертең жұмысқа шығып бара жатырмыз. Алып Әбіш алдымда түрегеп тұр. Жары Клара костюмін кигізіп жатыр. Үсті басын қағып, киімінің қыртыс-тыртысына дейін сылай-сипауда. Бір кезде Әбіштің аяқ киімінің бауын байлауға кірісті. Сол сәтте менің көз алдымда барша қазақ әйелінің болмыс-бітімі, тәлім-тәрбиесі, ер-азаматқа деген құрметі тұрды. Неткен шынайылық. Неткен тазалық. Еуропаның қай еркегі тап осындай ер мінезділік көрсете алады? Әбішке қарап тұрып сүйсіндім, Клараға қарап тұрып табындым. Бұл менің имандай шыным! Тұлға болып қалыптасуға да әйел затының ерекше қамқорлығы қажеттігін сол жерде санама құйып алдым. Клараның ана сыйлауы, енеге деген ілтипаты – барша қазақ аналарының символикасы секілді елестеді» деп тебіренгені тарих бетінде қатталып қалар….
Халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың иегері Сәбит Оразбаев ағаның да дана Әбіш жайлы мына бір сөзі ерекше есімде қалды. «Әбіш – таңдайына тәңір түкірген тұлға» деді ол кісі сөз арасында. Бұл – Әбішке қойылған үлкен ескерткіштен бір кем емес баға ғой.
Бізге қатты ұнаған нәрсенің бірі мынау болды. Ертесіне Әбіш тойына жиналған зиялы қауым Әбіш ағаның анасы Айсәуленің, атасы Қамысбайдың, ұлы әулеттің басына барып құран бағыштадық. Қазақ мұны «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деп бекер айтпаса керек. Еске сала кетейік, Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдық мерейтойы туған жері Онды ауылында да кең көлемде аталып өтті. Мерекелік шараға 3 мың адам жиналғанынан құлағдар болдық..
Жазушының туған ауылына жиналған қонақтар «Ай-Ана» ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Елжіреген жүректер, мейірім төккен шырайлы жүздерге толды бар маңай. «Ай-Ана» мемориалды кешені елдің бірлігін тілеген аналардың құрметіне, Ұлы Отан соғысына аттанып оралмаған жарларын күткен әйелдердің символикалық бейнесі ретінде, Әбіштей дананы дүниеге әкелген Айсәуле анаға арнап тұрғызылғаны қандай тапқыр ұстаным десеңізші?. Осы ескерткіш ашылғанда Әб-ағамыз еңкілдеп балаша жылаған көрінеді. «Қайран анашым-ау, мені күтіп отырсың ба, хабарсыз кеткен жарыңнан бір хабар алдың ба?» деп еңірегенде етегі жасқа толыпты. Өле-өлгенше анасын құрметтеп өткен абыздың, жүрегінің жас баладай тазалығы, мейірбандығы, осы жерге келген жандардың бәрінінің көңіліне ой салардай шынайы тұрғызылыпты…
Меймандар Әбіш Кекілбайұлы білім алған Онды орта мектебінде болып, білім ошағының тарихымен танысты. Арнайы ұйымдастырылған танымдық шараларды тамашалады. Аталмыш мектепте жыл сайын республикалық Әбіш оқулары байқаулары өткізіліп тұратыны да жадымызда жаңғырып тұр.
Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдығына арналған той ерекше ұйымдастырылғаны көзге ұрып тұрды. Абай данышпан айтқандай «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деген осы ма дедік. Ұйымдастыру алқасы бауырсақ, шұбатымен әуежайдан тік тұрып қарсы алды. Құрмет те, қошемет те ерекше болды. Бұл Маңғыстау облысы әкімдігінің ұйымшылдығын көрсетіп отыр. Әбіш Кекілбайұлының «Бағалай білмегенге бақ қонбайды, қуана білмегенге құт қонбайды» деген нақыл сөзі ерекше ұнайды. Қолда барды қадірлей білу керектігін Әбекең о бастан айтып кеткен. Оның шығармалары түрлі тілдерге аударылған. Ең бірінші неміс тілінде жарияланған екен. Меніңше әлем Маңғыстауды Әбіштің шығармалары арқылы таныды. «Мың жыл бірге толғатса да мың қазақ, Туылмайтын өтті өмірден бір қазақ»–деп Әбіш Кекілбайұлының ақын інісі Сабыр Адай айтқандай, Әбіш ағаның қалдырған мұралары, айтқан асыл сөздері мәңгіге қазақтың жадында қалады. Менің ойымша республиканың түкпір-түкпіріндегі мектептерге «Әбіштану» сабағы енгізілу керек. Әбіштің шығармаларын әр бала оқып өссе, зерделі, саналы ұрпақ болатынына кәміл сенемін. Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған барлық шараларға қатыстық. Ардагерлер кеңесі де жоғары деңгейде өтті. Баяндамашылар өз облыстарында жасалып жатқан игі жұмыстарға тоқталды. Соның ішіндегі ең ұнағаны түркістандық делегацияның «Әкелер мектебі» жобасы. Бұл жоба меніңше барлық облысқа енгізілуі керек. Себебі, әкенің қоғамдағы рөлін арттыру үшін әкелер мектебі шынында қажет-ақ. Бұл түптеп келгенде ұрпаққа жасаған жақсылығымыз болмақ. Бүгінгі ұрпаққа Әбіш аға нағыз әкелік нар тұлға. Ол кісінің болмыс-бітімі, шығармалары да жастарға кеңінен насихатталса нұр үстіне нұр болмақ. Ол кісінің жары Клара апамыз ер – азаматты ардақ тұтар кешегі аналардың жиынтық образы.
Әбіш аға тойынан арқаланып оралдық. Әбіш аға туралы мақаламды Әбіш ағаның замандасы, қоғам қайраткері Мырзагелді Кемел мырзаның «Маған Әбіш Кекілбаев бүгінгі күнімен емес, ертеңімен өмір сүретін секілденеді. «Халық ертең мен туралы не айтады?» деп уайымдамайды, не айтатынына сенімді, сол үшін өмір сүреді. Жинаған байлығы – білімі, ол қайырлы істерге қызмет етері сөзсіз. Соған сенімді» депті. Бұдан асырып не деуге болады?
Сәуле Мешітбайқызы