ҚАЗАҚ ОТБАСЫНЫҢ ҚҰТЫ ҚАШЫП БАРАДЫ

  Ал, шындығында, терең ғылымға негізделген ислам діні мен қазақтың ұлттық салт-дәстүрі адам баласының туа бітті қақысына нұқсан келмейтіндей етіп отбасылық өмір сүру салтын жасап қалыптастырған еді.

        Өткенде бір отбасы ажырасып тынған болатын. Себеп, еркектің басқа әйелі бар көрінеді. Сонда апамның айтқаны ғой, «Ерлі-зайыптының арасына есі кеткен түседі» деген, қыздан да, әйелден де ес кеткен заман болды ғой бұл» деп күйінген. Еркекті қойшы, тәрбиесі жоқ шығар. Ал әйел мен қызға не жоқ! Қазір ажырасқан әйел көп, олар ештеңеге қарамайды, бала-шағалы еркекпен таныса беретін болды. Еркекпен танысқанда одан бала-шағасы бар ма, әуелі соны біліп алмай ма? Ессіз қыз бен әйел сол көргенсіздігімен бала мен ананы сорлатып жатқанын неге ұқпайды? Одан күллі қоғамды бұзып жатыр деп» тоқетерін айтқан. Иә, бір адамға жасалған қылмыс, айналып қоғамға соқпай өтпейді деген рас.Үлкен апалардың ренжитін жөні бар, олардың заманында отбасы беріктігін сақтау – әр қазақ әйелінің жадындағы бұлжымас салты мен анты болған! Қазір олай емес, бір отбасын көрге тығып, өз бақытыңды тап деген ұстаным әйел мен қыз санасын жаулап алған. Осы ұстаным кесапат болып, күллі қазақ қоғамындағы шаңырақты шайқалтып, жетім бала, жесір әйел санын көбейткен үстіне көбейтуде.

МЫСАЛЫ, 2019 ЖЫЛЫ НЕКЕЛЕСКЕН 137 МЫҢ ОТБАСЫНЫҢ 54 797-СІ АЖЫРАСҚАН. АЛ ШЕТЕЛДІК БРИТАНДЫҚ «THE EKONOMIST» БАСЫЛЫМЫНДАҒЫ ӘЛЕМДІК РЕЙТИНГ «ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ОТБАСЫЛАР АЖЫРАСУ ЖАҒЫНАН 10 ОРЫНДА ТҰР» ДЕП ХАБАРЛАЙДЫ. ОСЫ ӨЗГЕ ЕЛДЕР ӨЗ ЖЫРТЫҒЫН ЖАМАЙ АЛМАЙ ЖҮРІП ҚАЗАҚТЫҢ ІШКІ ІСІНЕ НЕГЕ АРАЛАСАТЫНЫНА ҚАЙРАНМЫН. БҰЛ БАРЫП ТҰРҒАН МӘДЕНИЕТСІЗДІК ҚОЙ!

 

 

 

 

Жар пәктігі – неке төсектен басталған

Қазір бәлеқұмарлар  ислам дінінің ұлттық салт-дәстүрмен үйлестіріп жасаған өмір сүру салтын тұншықтырып әлек. Ал, шындығында терең ғылымға негізделген ислам діні мен қазақтың ұлттық салт-дәстүрі адам баласының туа бітті қақысына нұқсан келмейтіндей етіп отбасылық өмір сүру салтын жасап қалыптастырған еді. Сол отбасыдан бастау алған салт-сана күллі қазақ қоғамының имандылық қағидаларымен, тәртіппен  жүріп-тұруына ықпал етті. Қазір байқасаңыз әлемде ауру көп. Соның бәрі адамның қан тазалығын сақтамауынан, жеке бас тәртіпсіздігінен. Әсіресе, жыныстық қатынас тәртіпсіздігінен аурулар көп тарауда. Дауасын әлем ғалымдары шарқ ұрып іздеуде. Ал, біздің ата-бабамыз оны әлімсақтан адам тұқымын, қанын, тегін зерттейтін медицина ғылымындағы молекулалық генетика ғылымының талаптарын баяғыдан өмір сүру әдебінде қолданған. Ол қалай дейсіз бе? Былай, ұрпақтан-ұрпағының дені-қаны сау болып жалғасуын ойлаған ата-бабамыз  ұрпағының жаратылмай тұрып жатырға сау болып бітуін ұлттық салт-дәстүрмен бекітті. Жыныстық қатынастан ұрпақ пайда болып, адам көбейетінін ұққан қазақ халқы ұлт ретінде бұған аса нәзік психологиялық сақтықпен, ғұламалықпен мән берген. Шаңырақ көтерген қыз бен жігіттің некесі қиылғаннан кейінгі неке түнін ұрпақ пайда болатын түн деп қыз бен жігітке аса құрметпен неке төсегін салдырған. Неке төсегін өмірге сәби әкелген, мейірімді жеңгелерге салдырған. Ертесіне жеңгелер әулет босағасын таза, адал қыз аттады деп қыз пәктігін әулеттің ақсақалы мен әжелеріне жеткізіп, елге айғай салмаса да, келіннің ақ жаймасын сыртқа жайып қоятын болған. Міне, ұлтымыз неке түнінің еш елде жоқ, теңдессіз жоғары мәдениетін осылай жүйелеп қалыптастырған. Бұл салтты қазақ халқы ата дәстүр деп аса құрмет тұтып ұстанып келген еді. Тереңнен ойласа бұл салт нағыз қан тазалығы мен жыныстық мәдениетті сақтаудың, тәртіптің ең жоғары үлгі – өнегесі. Енді, өзінің туа бітті қасиетін қадірлейтін салтты әлемнің қай түкпіріндегі әйел болсын қолдап-қостаған болар еді деп ойлаймын. Қыз пәктігі мен  әкенің таза қанынан жаратылған бала иманды, көрегенді, дені-қаны сау адам болып өскен. Оны Алла тағаланың нұрынан жаратылған ұрпақ деген. Алланың нұрынан жаратылған бала мейірімді болып, дұрыс пен бұрысты, арамдық пен адалдық қайсы, әділет қайсы өзі ажыратып бойына жамандық атаулыны жұқтырмаған.

 

АЖЫРАСУ АБЫРОЙ ЕМЕС немесе үш жастың бірі ажырасса, қазақ қайтіп ...

 

 

Ата-баба салған сара жол неге бұзылды?

Қазақ ханы Тәуке Әйтеке би, Төле би, Қазыбек билермен келісе отырып дәсүрлі отбасылық өмір сүру салтын  «Жеті жарғы» заңында да жазған. Қазақтар «Жеті жарғы» заңын кеңес үкіметі орнағанға дейін ұстанды. Ал, енді бір кездері ата-бабамыз салып берген осындай отбасылық сара жол неге бұзылды? Ерлі-зайыптыны киелі деп қастерлеген ұлт ұғымы неге тез өзгерді? 1920 жылдары Кеңес үкіметі орнағаннан кейін кеңестік жүйе қазақтың отбасылық өмір сүру салтын астаң-кестеңін шығарып «Отбасы реформасын» жасады. Сөйтіп олар қазақ әйелінің үйде бала бағып, жақсы тәрбие беріп отыруын «қазақтарда әйел теңдігі жоқ» деген түсінікке бұрмалады. Біз оны тарихтан білеміз. Сол заманда кеңес үкіметі қазақ әйелдерін қоғамдық жұмысқа шығарса ғана жымысқы саясатын, орыс тілін күштеп енгізуді жүзеге асырарын ұғып, қазақ әйелін қоғамдық жұмысқа шығарды. Ұлттық салт-дәстүрге адал қыз-келіншектер қарсылық білдіріп жанталасқанмен оған төтеп бере алмады. «Қой терісін жамылған қасқыр» саясаты оған ырық бермеді.

 

 

Осы қазақ отбасы тарихын зерттеген ағылшын ғалымы, профессор Х.Сетон-Уотсон: «Әйелдерді азат етуде азияның алдыңғы қатарлы зиялы азаматтары армандап келген идеяны, орыс коммунистері империялық Ресейде де, ешбір отар елде қолданылмаған дөрекі әдістермен жүргізді» деген. Шетелдік бір саясаткердің ескерткені ме, зерттеуі ме? «Бір мемлекетті жаулағың келсе, ең әуелі қыздары мен әйелдерін жезөкшелік пен арақ ішуге үйрет» деген. Міне, кеңес үкіметі осы ойды іске асыруға әрекет жасаған десек қателеспейміз. Жоғарыдағы әже айтқандай, оны дәп қазіргі қазақ қоғамынан көріп отырмыз.

Ата-бабамыздың әйелдің де, еркектің де туа бітті құқығына нұқсан келмейтіндей етіп жүйелеп жасап берген қазақтың  қалыптасқан дәстүрлі отбасылық өмір сүру салты, қазақ әйелі қоғамдық жұмысқа тартылғаннан кейін бұзыла бастағанын, 1920 жылдары қазақ әйелдерінің тұрмыс-тіршілігіндегі өзгерістерді аңдыған шетелдік зерттеушілер былай жазған.  «Қоғамдық жұмысқа шыққан қазақ әйелдерінің халі бұрынғысынан бетер қиындай түсті. Олар таң алакеуімнен тұрып мал жайғап, сиыр сауып, сүт қайнатып, айран шайқап, таңғы ас дайындайтын. Сөйтіп топтасқан әйел ертелетіп шөп шабуға, жинауға кетіп бара жататын. Ал кешке жұмыстан кеш қайтқан әйелдер келе сала дамыл таппай үй шаруасымен түн ортасына дейін айналысып, кеш жататын. Бір-екі сағат қана ұйықтап қайта тірлікке кірісетін. Осы өзгерістен кейін кей отбасында кешке қарай ерлі-зайыптылардың  шаң-шұң ұрысқан дауыстары естіле бастады» дейді профессор, тарихшы Көшім Есмағамбетовтың «Қазақтар шетел әдебиетінде» атты кітабында. Кеңес үкіметінің «әйел теңдігі» саясаты қазақ әйелін нағыз құлға айналдырып, осылай өзінің де, отбасы мен балаларының да ыңыршығын шығарды. Оны байқау үшін қырағылық керек емес еді. Мысалы, 1950 жылы ажырасуға үйленгендердің әр 100-сі ұшыраса, 1980 жылы  күрт өсіп әр төртінші, 1990 жылы әр үшінші отбасы некелерін тәрк ете бастаған.

 

Шетел ғалымдары қазақ отбасысын неге зерттеді?

Шетел «жанашырлары» дейміз бе, әлде «зерттеушілері» ме, әлде тыңшылары дейміз бе, білмедім, бірақ осы саясатшылар кеңес үкіметі орнағаннан кейін қазақ отбасы институттарын  қатты зерттеген. Мысалы, ағылшын тарихшысы Джеймс Бейкер: «Ене үлкен әулеттің тұтқасы.  Қазақ енесі келінге сүйеу, әрі қамшы. Қыз немереге ұлағатты ұстаз, тәрбиеші.  Әулеттің мұсылман шарттарының орындауын қадағалап, бақылаушы» деп қазақ отбасындағы ене институттарының рөліне жіті талдау жасаған. Оны шетелдің әккі ғалымы дұрыс байқаған екен. Қазақта ана деген, ол – ене, ана деген ол – келін, қазақта бұлардың әрқайсысының әлеуметтік мәртебесі анықталған. Қазақ енесі жас келінді бауырына тартып, үй шаруасына икемдейді. Білмегенін үйретеді. «Келін ененің топырағынан жаралған» деп сосын ғой айтатыны. Міне, кеңес үкіметі жүргізген «отбасы реформасы» саясаты қазақтың қалыптасқан отбасылық өмір сүру салтын талқандаса, тәуелсіздік алғаннан кейін іле-шала есімізді жиғызбай, шетелдік «жанашырлар» сол талай жыл бұрын зерттеп кеткен зерттеулерін талдап пайдаланып гендерлік саясатын тықпалау арқылы отбасын ыдыратуды әрі қарай жалғастыру үстінде. Өткенде ғана, ел ісіне араласу үшін парламентке әйелдердің 30 пайызы сайлауға түседі деген шешім шықты. Ал еліміздің мектептерінде мұғалімдердің 90 пайызы әйелдер. Қазақ әйелі ел басқарып кетсе оның баласын кім қарайды.? Кеңестік «әйел теңдігі» саясаты жасаған отбасы реформасының арқасында қазір бұрынғыдай енесін еш келін үйінде тұрғызбайды. Немере тәрбиелейтін енелер де келінімен тұрмайды. Бұрынғы бұрынғы ма, қазіргі парықсыз, жүйесіз отбасылық өмір  салты «әлеуметтік, мемлекеттік қиындықтар тудыру мен ұлттық құндылықтарды бұзу ошағына» айналған десем артық емес. Қазір Қазақстанда 4 миллионға жуық отбасы болса, соның әр бесінші отбасы әкесіз өмір сүруде. Әке тәрбиесі деген ол – ер адам тәрбиесі. Ер адам тәрбиесін көрмеген ұл мен қыз ешқашан толыққанды қоғам мүшесін құрай алмайды. Мұны біздің ата бабамыз біліп, қандай жағдай болмасын жесірін жылатпай, баласын қаңғыртпаудың амалын жасаған. Алты бала өмірге әкеп, бес баланы бағып-асырап, келін тәрбиелген ана Гүлпайра Мұсакеліні: «Иә, қазіргі кезде ажырасып жатқандар өте көп. Бірақ, соның бәріне қыз баланы ғана кінәләуға болмайды. Ерлердің де кінәсі шашетектен. Әйелдерін ренжітеді. Әйел байғұс өмірге әкелген балаларын жеткізуді, тәрбиелі болса екен деп баласының келешегін ойлайды. Ал еркектер үйден қырық қадам аттаған соң өтірік бойдақ болып, қыдырып-қыдыңдап қыздармен жалған айтып  танысып жатады. Еркектер өздерінің осы әдептері қоғамның соры, кесапаты екенін түсінбейді. Айналып келгенде, бұның бәрі ананың үйде отырып ұрпаққа дұрыс тәрбие бермеуінен. Ұл мен қызға жақсы тәрбие беріп, қоғамға ілестіру үшін үкімет аналарды үйге бала тәрбиесіне қайта келтіру керек. Қырағы бала көңілі ата-анадан көргенін істейді. Айтқанды емес. Анасы күндіз жұмыста жүрген қараусыз қалған қазақ баласы көшеде жүріп жастайынан темекі мен ішімдікке әуестеніп, одан қалса есірткі шегіп қаны бұзылып, көргені жоқ, көргенсіз болып шыға келді. Қоғамдық жұмыстан шаршап-шалдығып, тамақ ішуге шамасы келмей қалатын ана баласын қалай тәрбиелейді? Қазір көптеген ата-ана бала күтуші жалдайды. Ол дұрыс емес. Әр бала өмірге таза болып келеді. Оны бұзатын тәрбиесіздік. Ал, баланы иманды, мейірімді етіп тек өз анасы ғана тәрбиелеп, өсіре алады. Қазақстанды тәрбиелі, ары таза, адал, әділетті, иман жүректі ұрпақ қана гүлдендіреді. Бала бойына мұндай қасиетті тек өз анасы ғана сіңіреді» дейді өмірден көргені бар ардақты ана.

 

 

 

Әке беделі неге түсті?

Бір кездері шетел ғалымы М.Олкотт: «Қазақ ер-азаматтары қастасқан дұшпанға аяусыз, досқа адал. Бірақ аңқаулау, ақкөңіл болып келеді. Ата- анасын сыйлайды және олардың айтқан сөзі олар үшін заң, бұлжытпай тыңдайды. Жарына адал.  Отбасын аң аулап асырайды. Балаларын өте жақсы көретін болып келеді екен» деп жазған. Сол өз отбасын уысынан шығармаған қазақ әкесі бейнесі семіп жоқ болған қазір. Сол сұсты әкенің тәрбиесі жоғалғаннан ғой, 2012 жылы елімізде 15 пен 18 жас арасындағы 12 мыңдай бүлдіршін қыз жасанды түсік жасатса, 2016 жылы 78, 8 мың,  2017 жылы 80,3 мың жасанды түсік жасатқан туралы дерек тіркелген. Мамандар осы жасанды түсік жасататындардың ең көбі қазақ қыздары деп отыр. Бұл адамдықтан аттап кеткен әрекетке барудан қымсынбағандар басқа неден айылын жисын?! Ойлаудың өзі қорқынышты. Бірақ бұның бәрі бүгінгі қазақ қоғамында болып жатқан оқиғалар.  Шындығында, қазаққа тәрбие үйреткіш дамыған шетелдің өзі бұл күні жан-дүние, рух дағдарысына тап болып, одан шығу жолын өздері іздеуде. Ағылшын ғалымы, арабист Ричард Билл, «Экономикасы гүлденген, көркейген батыс әлемінің артында азғындаған ел тұр. Отбасы мүшелерінің орны жоғалған. Апа, ата, әке, аға, іні, қарындас дегенді білмейді. Күн сайын табылып жатқан жыныстық аурулар. Адами құндылықтар жоғалғаны сонша, ер мен әйел таныса салып жыныстық қатынасқа түсіп, екіге айырылысып кете береді. Психологиялық дертке ұшыраған науқастар, суйцид белең алған. Құрдымға кеткен адам тәрбиесі. Бұл түнектен батысты тек ислам діні ғана құтқарады» деген.

 

 

Олай болса, адамның туа бітті табиғи қақысын психологиялық тұрғыдан жүйелеген қазақтың ұлттық салт-дәстүрін, салт-санасын, әдеб-ғұрпын қайта жандандыру, яғни, отбасы реформасын жасау ел ағаларының алдында тұрған басты міндет. Конституцияның бірінші бабында «Мемлекет үшін Адам, адамның өмірі мен денсаулығы қымбат» делінген. Бұл біздің мемлекетке ұрпақ саулығы, ұлт байлығы үшін керек.

 

Зүбәйра Тілегенқызы

 

P.S.: Автор қазақ шаңырағын, мемлекетін түзеудің көкейтесті мәселелерін ортаға салып отыр. «Отбасы – шағын мемлекет» деп босқа айтылмаған. Иә, отбасы реформасы қажет. Ол реформаны ата-бабаларымыз ғасырлар бойына қастерлеп ұрпақтан ұрпаққа беріп тамаша етіп жасап қойған. Дап-дайын. Қазақты жою мақсатында ол асыл дүниемізді, қазынамызды түп-тамырымен Қызыл империя жоюға тырысты. Бірақ оның тамыры өлген жоқ. «Су» құйса қайта гүлденіп шыға келеді. Сондықтан отбасымызды жөндемей мемлекет күшеймейді. Ендеше кірісейік, қазақ отбасының институтын қалпына келтіріп, оны заңдық тұрғыда өмірімізде қолданайық, ағайын!