ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНЫҢ ҚАТЕРЛІ ДЕРТІ

Қоғамдағы ең басты құндылық – адам тағдырына атүсті қарау белең алғанының бірнеше мәрте куәсі болып келеміз. Биылғы жылдың өзінде қазақ халқының басында бірнеше апатты жағдай өтті. Бес баланың өртеніп кетуі, көп балалы аналардың үкіметтен көмек сұрап көшеге шығуы, Арыстағы оқ-дәрілер сақталатын қоймадағы жарылыс, Алматыдағы ұшақ апаты. Осынау жантүршігерлік оқиғалардың тереңіне көз жіберейікші. Қарапайым халықтың әлеуметтік тұрмыс жағдайының ауырлығы, биліктің халықтан алшақтауы, жауапкершіліктің жоқтығы, алдын-ала қауіпсіздік шараларының жасалмауы, сыбайлас жемқорлыққа жол берілуі және тағы басқалары адам өмірін қатерге тігіп отыр.
Жаңа көлік алуға қаржысы жетпей, ескі автокөлік мініп, жөндеу көрмеген жолдарда жүріп, қаншама жас қыршынынан қиылды. Әуедегі жағдай да солай. Ескі ұшақтар қолданыста болып, істен шығып қалып, адамдардың өмірін жалмап түсті. Баспана болмай, әркімнің есігін жағалап жүрген өрімдей жастар жастық шағының қалай өтіп кеткенін білмей де қалуда. Жас қыздар жақсы өмір іздеп, шетелге — жаттың құшағында кетіп жатқаны жүректі ауыртпай ма? Ауыртады.
Біз жамандайтын Кеңес одағында жас маманды жұмыс және баспанамен қамтамасыз ететін. Бірнеше тілді меңгерген бүгінгі білімді жастарымыз өзінің Отанынан жұмыс пен баспана таппай, шет ел асып кетіп жатқаны шындық па? Шындық!
Төрінен көрі жақын, баяғыда зейнеткерлікке шығып кеткен шал-шауқан, кемпір-сампырлардың қызмет орнын жастарға бермей, орынтағына жабысып отырғаны ұятсыздық па? Ұятсыздық! Өрімдей жас қыздар өзінің сұлулығын теңіне емес, оңай өмір сүру үшін әкесінен де үлкен адамға құрбан етіп, уақытша ермегіне айналып жүргені өтірік пе? Оған «тәйт» дейтін ақсақал бар ма? Жоқ!
«Жемқорлыққа қарсы күрес» деп жұмыс жүргізіп, соның басында жегіштің өзі отырғанын көрмегенсіп жүргеніміз жалған ба? Ащы шындық!
Дарындылардың білімін, ақыл-парасатын қалталы қарындылар өз қажетіне жаратып жүргені жанға бата ма? Батады.
Биліктегілер мемлекеттік тіл – ана тілімізде сөйлейік деп алаулатып-жалаулатып ұран тастап алып, шаршы топта орыс тілінде сайрап тұра ма? Сөз жоқ, сандуғаштай сайрайды!
Зәулім үйлерде тұрып жатқан қала тұрғындарының да тұрмысы жетісіп тұрған жоқ. Тұрған пәтері өзінікі емес, банкке байлаулы. Өмір бойы тапқан таянғанын несие төлеп, таңның атысы, күннің батысы бір дамыл таппайды. Кейбір қала тұрғындарының қолында өзінің қаржысын салып, сатып алған үйлерінің құжаттары да жоқ. «Басына тартса-аяғына, аяғына тартса-басына жетпейтін» жалақыны қалай жеткізерін білмей үнемі күйзелісте, сары уайымда жүріп, ауру болып шығып жатыр. Өздеріне күтім жасайтын жағдайы да, уақыты да жоқ!
Республикамызда отыз жылдың ішінде Нұр-Сұлтан қаласынан басқа жаңадан қандай қалалар бой көтерді. Бұрындары бір ғана Қарағанды облысында: Теміртау, Абай, Шахтинск, Шахан сияқты қанаттас қалалар салынған. Қазір жаңа қала салмақ түгілі, байырғы қалалардың өзінде салынып жатқан үйлердің сапасы сын көтермейді. Беті жылтырап тұрған үй бес-алты жылда «жүнін жұлған тауықтай» болып, шатыры ұшып, кірпіштері түсіп, ұсқыны кетеді.
Елдің әлеуметтік-экономикалық, саяси жағдайын жоғары жаққа жеткізетін қаламгердің бірі үйдің ішінен үй тігіп, бір рудың ғана жыртысын жыртып, Президентке хат жазатын болды. Бес бала өртеніп, қазақтың көп балалы аналары көшеге шығып наразылығын білдіргенде қолына неге қалам алмады?! Еліміздің болашағын жалғастыратын ұрпақты дүниеге әкелген аналарға алаңдаса, адамгершілік, азаматтық тұлғасы асқақтай түсетін еді ғой.
Адам тағдырына деген жауапкершілік жоқтықтан бейбіт өмірдің өзінде қаншама адамдарымыздан айырылып қалып отырмыз. «Ауруын жасырған өледі» демекші, әділетсіз, шындық жоқ, жемқорлық жайлаған қоғамда қашанғы сыртымыз бүтін, ішіміз түтін күй кешіп жүре бермекпіз?!
Ойланайық, ағайын! Ұлтымыздың санын қалай көбейтеміз деп алаңдап жүріп, айдың аманында аяулы жандарымыздан айырылып жатқанымыз жанға батады. Алла қолдап, санамызға сілкініс жасап, қоғамның шіріген тамырына балта шауып, жаңа өскін өсіп шықса екен!

Жұлдыз ТОЙБЕК
ҚР Журналистер одағының мүшесі