Қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш инженер-металлург – Мәдина Бегалиева
Мәдина Қожбанқызы 1899 жылы Бөкей ордасында дүниеге келген. Адай руынан шыққан әкесі Қожбан Басқұншақ тұз өндіру кәсібімен айналысқан. Әкесінен ерте айрылып, анасы Әлиманың қамқорлығында бой жетеді.
Анасы жалданып жұмыс істеп, қызын оқыту үшін қаражат жинаған. Сөйтіп 1907 ж Мәдина Ордадағы қазақ қыздарына арналған екі жылдық мектепке оқуға түседі.
М.Бегалиева мектеп жылдары былай деген: «Тек аздаған қыздар ғана мектепті бітіретін еді. Бірінші сыныптан кейін оқушы қыз үйіне демалысқа кететін еді де, ол жақта күйеуге берілетін».
1913-1916 ж Хан Ордасындағы педагогикалық курста оқиды.
1917-1919 ж Жаңақаладағы қыздар мектебінде мұғалім болып жұмыс істейді.
1919 ж Орда қаласына бастауыш мектеп мұғалімі болып ауысады, сол жылы үлгілі атты әскер еріктілер полкының жауынгерлеріне арналған сауат ашу мектебіне мұғалім болады. Мұнда Алма Оразбаевамен, Мүбина Ниязовамен бірге жұмыс істейді.
1922 ж Бөкей губерниялық комитетінде әйелдер бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалады.
1931-1935 ж Мәскеудегі Өнеркәсіп академиясында оқиды. «Балқаш мыс қорыту зауытының жобасы» атты тақырыпта диплом жобасын «өте жақсы» қорғап, инженер-металлург атанады.
1936-1940 ж Балқаш мыс қорыту зауытының инженер-металлургі болып жұмыс істейді.
1940 жылдың соңында М.Бегалиева Алматы қаласына келіп, Қазақ тау-кен институтының лабораториясында меңгеруші болып жұмыс істейді.
1942-1944 жылдары Гурьев (қазіргі Атырау) облысында әйелдер арасындағы жұмыс жөніндегі бөлім меңгерушісі қызметін атқарды.
1944 жылы Қазақстан КП ОК-нің әйелдер арасындағы жұмыс бөлімінің нұсқаушысы қызметіне ауыстырылады. Содан кейін Қазақ КСР Мемлекеттік бақылау министрлігінде бақылаушы қызметтерін атқарған.
1949 ж Мәдина Қобжанқызына дербес зейнетақы тағайындалады.
1974 жылы 20 желтоқсанда ұзаққа созылған ауыр науқастан 76 жасына қараған шағында Алматы қаласында дүниеден озды.
М.Бегалиева қазақтың дарынды ғалымы, ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы математика және тіл білімі оқулықтарының авторы Ғали Бегалиевпен отау құрып, Темір есімді ұл, Шолпан, Нахия, Роза есімді үш қызды дүниеге әкелді. Ол Отан алдында сіңірген еңбегі үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған.
Шілдебай, С. (2019). Қазақтың қайраткер қызы. Ана тілі.