Қазақ туы – Африка төрінде!

Оңтүстік Африканың Дурбан қаласында таэквондодан (GTF) балалар арасында өткен әлем чемпионатына жолдама алып, ел намысын абыроймен қорғаған жерлестеріміздің жеңісі барша жанкүйерлерді сүйсінтті. Атап айтар болсақ, Павлодардан барған – Балнұр Оркенова, Шамсия Қабдолова және Рауан Базарбаев ұлттық құрама қоржынына алты медаль салып, мерейімізді тағы бір мәрте аспандатты. Әлемнің ең үздік таэквондошыларының басын қосқан байрақты бәсекеден біздің еншімзге — үш алтын, бір күміс және екі қола медаль бұйырды.

Қазақтың көк байрағын Оңтүстік Африка төрінде желбіреткен жерлестеріміздің бірі – он жасар Балнұр Оркенова. Ол 32 келі салмақ дәрежесінде чемпионаттың массоги түрі бойынша өткізген жекпе-жектерінің барлығында жеңіске жетіп, алтыннан алқа тағынды.

Қазақстан Республикасының бас төрешісі, ғаламдық таэквондо федерациясының Павлодар облысы бойынша президенті Кален Сұлтанғазиннің сөзінше, Балнұр жарыс қожайыны — Оңтүстік Африка мен Ресей споршыларынан басым түсіп, финалда Ақтөбеден барған Индира Иманбаевамен кездескен.

Павлодардан барған спортшылардың ең кішісі – сегіз жасар Рауан Базарбаев. Чемпионаттың ең төмінгі салмағында кілемге шыққан ол Қазақстан құрамасының қоржынын қос алтынмен толықтырды. Сонымен қатар, Шамсия Қабдолованың еншісінде екі қола медаль бар. Ал, павлодарлық таеквондошыларды дайындап, жарыс жолына шығарған бапкер Кален Сұлтанғазинға «Әлем чемпионатының үздік төрешісі – 2018» атағы берілді.

— Біздің споршыларымыз жарысқа өте жоғары дайынықпен барғанын дәлелдеді. Олар бұған дейін де талай додада топ жарған болатын. Мысалы, Балнұр Оркенова «Боец Азии» халықаралық турнирінде екі мәрте жеңіс тұғырынан көрінді. Үш дүркін Қазақстан Республикасының чемпионы деген атағы тағы бар. Ал, Рауан Базарбаев Шымкент қаласында өткен оңтүстік кубогын, Шамсия Қабдолова Көкшетауда өткен солтүстік кубогын жеңіп алған-ды. Бұл жарыстардың барлығы оларға әлем чемпионы атануына жол ашты, мол тәжірибе жинады. Алда тағы бәсі биік, ірі жарыстар күтіп тұр. Мысалы, ағымдағы жылы қазан айының басында Арменияның астанасы Ереван қаласында ашық Еуропа чемпионаты өтеді деп жоспарлануда. Осы үш спортшының да Қазақстан құрамасының қатарында сол жарысқа қатысуға мүмкіндігі бар. Жақында дайындықты бастаймыз. Балалардың осындай биік белестерді бағындыруына қолдау көрсеткен барша ата-аналарға алғысымды білдіремін, — дейді Кален Есболатұлы.

Оңтүстік Африка төрінде өткен әлем чемпионатына 28 мемлекеттен 800-дей спортшы қатысқан. Қазақстаннан 30 споршы барып, 25-тен +85 келі салмақ дәрежесінде бақ сынады. Жалпыкомандалық есепте бірінші орын Ресей споршыларына бұйырса, екініші орынды қазақстандықтар алды. Ал, үшінші орын жарыс қожайындары иеленді.

Тілеуберді САХАБА