ҚАЗАҚ ҰҒЫМЫНДАҒЫ ӘЙЕЛДІҢ ЖАҚСЫСЫ МЕН ЖАМАНЫ

Адам баласы идеалсыз өмір сүре алмайтыны — айдан жарық, күннен анық ақиқат. Идеалды жалпақ тілмен қазақшаласақ, үлгі: алдында үлгі тұтарлық ағасы, үлгі аларлық әпкесі болмаған ұрпақ бақытсыз. Құдайға шүкір, қазақ руханияты үлгіге бай, тәлім-тәрбиеге шүпілдеп толып  тұр. Тек соны орнымен жарата алмай, өзіміз пұшайман күй кешудеміз. Бүгінгі болатын әңгіме қазақтың әйел туралы үлгілі ұғымы жайлы болмақ, бабалар тілімен айтар болсақ, ұрғашының жақсысы мен жаманы туралы сөз қозғамақпыз. «Бүгінгі өсіп келе жатқан ұрпақ, бүгінгі өрімдей қыз бен желкілдеген бойжеткен үлгіні қайдан алып жатыр» деген сұраққа бір сәт тоқтала кетейік. Шыны керек, қазіргі қазақ әйелі үлгіні өткенімізден емес, бүгінімізден, қала берді бұқаралық мәдениет үлгілерінен іздейді. Батыстық іскерлік пен эмансипацияға негізделеген бұл үлгілер көбіне олардың бойына жараспай, сиырға ертоқым салғандай әбес көрініп жататыны да өтірік емес. «Ескі — жаңаның қазығы, жақсы — жаманның азығы, өлі — тірінің азығы, уайым — шайтанның азығы» деген даналыққа толы асыл сөздерді негізге ала отырып, біз де қал-қадарымызша ескіге үңіліп көрелік. Ескіні қаузай отырып, жаңаның, яғни бүгінгінің де бет- бейнесін бағдарлап қалармыз деген үміттеміз.

Қазақ елі әйел мәселесіне жіті қараған, баса назар аударған. Бабадан қалған бай мұраны көктей шолып отырсақ, соның басым бөлігі әйел мәселесіне арналғанын көреміз. Олай болуы заңды да, өйткені «әйел — біздің тағдырымыз, тағдырымыз болған соң, белгілі ғой, бағымыз не сорымыз» (М. Шаханов). Ер адамның тағдыры, ал ол дегеніңіз — отбасы-отанымыздың тағдыры, әйелге келіп тіреледі. Сондықтан болар, небір аузымен құс тістеген шешендер, небір қаламынан нұр тамған ғұламалар бізге әйелдер жайлы, олардың жақсысы мен жаманы жайлы ғажайып толғаулар қалдырған екен. Сол толғаулардың бірі де бірегейі — көмекей әулие Бұқар жырауға тиесілі. Бұқарекең өзінің «Ақтың үйі мешіт-ті» деп басталатын толғауында қазақ әйелінің әлем әдебиетінде теңдесі жоқ ғажап идеа-лын сомдайды, сомдай отырып мұсылманшылықтан нәр алып, имандылық дарағында көктеген ұрғашының үлгілі нұсқасын ұсынады. Ұсына отырып, ұрғашының жақсысы мен жаманын ажыратып, парқын айырып, қазақ мәдениетінде өшпестей ғып сырлы да сұлу сөзбен суретін салады. Енді толғаудың өзіне кезек берелік:

Ұрғашының жақсысы
Әб жыландай есіліп,
Боз жорғадай бұлғаңы,
Қырға шықсам көрер деп,
Пана тұтар жылғаны.

Бейнелі сөзбен сурет салудың хас шебері Бұқарекең әйелдің жақсысы – идеалы туралы сөз қозғай отырып оны әб жыланға теңейді. Аб – парсы тілінде «су» деген мағынаны береді екен, ендеше әңгіме су жыланы туралы болып отыр. Су жыланы суда жүргенде жіптей есіліп, жібектей шешіліп жымын білдімей, дыбысын шығармай жүреді емес пе?! Су ішінде иір-иір сурет салып, керемет икемділік пен нәзіктік танытатын су жыланының образды түрде ұрғашының жақсысына теңелуі тегін болмаса керек. Бұл аллегориядағы меңзелетін басты элемент – пластика, су жыланының су ішіндегі ғажайып пластикасы ұрғашының, әйел затының рухани пластикасына ұласады. Өмір айдынында, тіршілік теңізінде су жыландай пластика таныта білген әйел — ұрғашының жақсысы (идеалы) болып саналады. Рухани пластика – әйел затының иілгіштігі, икемділігі, мінезінің сан алуан түспен құлпыра білетін бай палитрасы. Абай мұндай әйелді «мінзеді» деп атайды:

Қатының сені сүйсе, сен де оны сүй,
Қоржаң суық келеді кей сасық ми.
Ері ақылды, әйелі мінезді боп,
Тату болса, риаз (ар. гүлбақша- О.Ж.)үстіндегі үй.

Әб жыландай есілген, ішкі әлемі шексіз кең, рухани пластикаға бай мінезді әйел үлкенді үлкендей сыйлап, кішіні кішідей аялап, тамам жұртты бауырына тартып, маңайына үйіріп, нағыз үйдің құтына, берекенің көзіне айналады екен. Міне, бабалар армандаған қазақ әйелінің идеалы! Және қас суреткер идеалды әйелдің суретін одан сайын айқындап жаңа штрихтар, соны детальдар қосады.Әб жылан аллегориясымен шектеліп қалмай, ұрғашының жақсысын бұлғаңдап жүрген боз жорғаға теңейді. Қазақ даласында өткен ұлы астарда айналасы атшаптырым жерлерге тегене-тегене сорпаны, шара-шара қымызды осындай сауырынан су төгілмес жорғалармен тасиды екен. Сонда бұл жорғалардың жүрісінің жайлылығы сондай, қасиетті астың бір тамшысы жерге тамбайтын болған. Міне, идеалды әйелдің мінезінің жайлылығы осындай болса керек! Мұндай әйел тап болса, ер жігітте одан артық арман бар ма?! «Жаман жүрісінен құл болады, жорға жүрісіен пұл болады» дегендей, әйелдің қадір-қасиеті, құны мен бағасы осы «жүрісінен», яғни мінезінің жайлылығынан екен. Және мұсылмандықтың біздің қанымызға сіңгені сондай, әйел затына ер адамның көзіне түсудің өзі әдепсіздік боп саналған. Сондықтан Бұқарекең жырлаған әйелідің идеалы қырға шықсам еркектердің көзіне шалынып қалам деп қорқып, жылғаны пана тұтып, бойын жасырады. Жасыра отырып тақуалықтың асыл үлгісін көрсетеді. Асқақ рух иесі Доспамбет жырау майдан даласында жараланып жатып үйінде қалған жарын жоқтап, былайша аза тұтады:

Алғаным Әли ағаның қызы еді,
Қас арудың өзі еді.
Маңдайы күнге тимеген,
Желге шашын үрмеген,
Серпіліп адам бетін көрмеген,
Қалай күні кешті екен?!.

Бабалар мұрасында көтерілген әйелдің идеалы – ұрғашының жақсысы туралы айтылған тоқсан ауыз сөздің, тобықтай түйінін айтар болсақ, мұның бәрі әйел затының ішкі жан-дүниесінің сұлулығына саяды екен. Сондықтан бұл әңгіменің нүктесін тағы да сол Бұқарекеңнің өзі қойсын:

Көкте бұлт сөгілсе,
Көктеп болмас, не пайда?
Көкіректен жан шықса,
Қайтып келмес, не пайда?
Дін пұсырман болмаса,
Тіл пұсырман, не пайда?
Қызда қылық болмаса,
Құр шырайдан не пайда?

Құдай Тағала бізге қылықты қыз, ұлықты ұл берсін деп тілейік ағайын!

Енді әңгімеміздің басында айтып кеткен «ұрғашының жаманы» мәселесіне келейік. Ұрғашының жақсысы болғанда, ұрғашының жаманы болуы да әбден заңды нәрсе. Ал бұл жайында Бұқарекең не дейі екен?

Ұрғашының жаманы
Өсек-дүкен құрғаны,
Құдайының ұрғаны.
Өсек пенен ғайбатты
Зина менен ұрлықтан
Бұрынғы өткен жақсылар
Онан да жаман десіпті.

Құран Кәрімнің Хұжрат сүресінің 12-аятында: «Әй мүміндер! Күмәннің көбінен сақтаныңдар. Өйткені, күмәннің кейбірі күнә. Сыр тексермеңдер. Біреуді біреу ғайбаттамасын. Біреулеріңөлген туысының етін жеуді жақсы көре ме? Әрине, оны жек көресіңдер. Расында, Алла тәубені қабыл етуші, ерекше мейірімді». Бүкіл адамшылығымыздың асыл негізі қасиетті Кәлам Шарифте ғайбат айтудың күнәсінің ауырлығы сондай, оны өлген туысыңның етін жегенге теңестіреді. Ал ардақты Пайғамбарымыздың Әбу Саид и Жабир риуаят еткен хадис шарифінде: «Ғайбат пен жала зинадан да ауыр, өкпелеткен адамы кешірмейінше, Алла жалақорды кешірмейді» делінеді. Ендеше, қазақ ұғымындағы ұрғашының жаманын  анықтауда да Бұқарекең осы мұсылмандық өлшемдерге арқа сүйейді. Осыдан қазақтың дәстүрлі ұғымдарының Исламнан алшақ емес, қайта діннің өзінен келіп шығатыны тағы бір мәрте дәлелденеді.

 

Омар Жәлелұлы ТЕМІРБЕКОВ