Қазаққа өзінен басқа ешкім қорған емес
Әлемдегі елдер арасында тұрақсыздық жиі бой көрсете бастаған бүгінгі таңда әр мемлекет өзінің территориялық тұтастығын, халқының аман-есендігін ойлайтыны кәміл. Янкилер мен парсылар арасындағы кикілжің күллі әлемге таралып, әркім өз қарақан басының қамын сын сағат туса, әр ел өзіне қорған болар сенімді «серік» іздей бастары анық. Мәселеге осы тұрғыдан қарасақ, қоғам арасында Қазақстанға Қытай ғана қорған бола алады деген пікір қалыптасқаны байқалады. Ондай жағдайда Қытай сарбаздары түрлі түсті төңкерістерден қорғаймыз деп, Қазақстаннан бір-ақ шықса, оған таңқалудың қажеті жоқ. Себебі әлемде түрлі түсті төңкерістер қайтадан белең ала бастағаны жасырудан қалған шындық. Оның тасасында «Батыстың» ықпалы тұрғаны да даусыз.
Сарапшылар арасында: «Енді Қытай Ресеймен тізе қосып, бұған қарсы тұруды көздейді. Өйткені бүгіндері әлемдік билік үшін бітіспес күрес жүріп жатыр. Оны уысынан шығармаймын деп жанталасқан АҚШ Қытай мен Ресейге тырнағын қатты батыра бастады. Экономикалық санкцияларды қарша боратып салды. «Тәйт» десе, бес қаруын асынып жетіп келуден тайынар емес. Сондықтан Қытай амалсыздан осы қысымға төтеп беру үшін өзіне одақтастар іздей бастады», – деген уәжге ұйыған. Жағдай осылай қалыптасса, Бейжіңнің ең алдымен Мәскеуге қолқа салары сөзсіз. Оған Қытайдың Сыртқы істер министрі Ван И-дің ҚХР мен РФ-ті тандем деп атап, биылдан бастап ынтымақтастықты арттырып, түрлі түсті төңкерістерге, жалған ақпараттарға қарсы күресуге және саяси қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақыруы айқын дәлел. Бұл ұсыныс Кремльдің де ойынан шығары кәміл, себебі Си Цзиньпин мен Владимир Путин алдымен өз тағының шайқалмауын ойлайды. Өйткені АҚШ: «Қытайды әлсірету үшін ең алдымен Цзиньпиннің өзін нысанаға алуымыз керек», – деп ашық айтып отыр. Сондай жоспар құрған. Путин де ақымақ емес, ендігі кезек кімдікі екенін жақсы түсінеді. Рас, Қытай мен Ресейдің мүдделері ылғи да бір арнада тоғыса бермейді, бірақ ортақ жауға тойтарыс беруге келгенде бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруға мәжбүр. Бұған қос ел плацдарм жасап та қойған, ол – Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ). Бұл ұйымның қарасын Орта Азия елдері де көбейтіп отыр, оның ішінде Қазақстан да бар. Қағаз жүзінде қалай аталса да, ұйымның тұтқасы осы қос ел басшыларының қолында болары анық. Ал Қазақстан аталған екі елдің экономикалық қуатына өте тәуелді һәм кіріптар ел екені жасырын емес. Ендеше елорданың мұхиттың арғы жағында жатқан Вашингтонға емес, іргесі тиіп тұрған екі алпауыт көршісінің қас-қабағын бағуы – заңдылық. Бірақ бір ақиқаттың басы ашық, ол – қандай қиын-қыстау кезең туса да, қазаққа қазақтың ғана жаны ашып, қазақты қазақтың өзі ғана қорғай алатындығы. Бұны кезінде Англия премьері Черчилл: «Мемлекеттердің достары болмайды, оларды тек мүдде біріктіреді», – деп айтып кеткен. Мәселеге өз көзқарастарын білдірген отандық сарапшылар сөзіне сенсек, біздің елде әлдебір қиындық туындай қалса, АҚШ оны Ресей мен Қытайға қарсы пайдалануы ғажап емес сияқты.
Мәселен саясаттанушы Әзімбай Ғали: «Рас, бізде де түрлі түсті төңкерістің қаупі бар.
Демократияға қарай қадам басу дүрбелеңсіз, саяси қауіпсіздікке қатер төнбейтіндей қарқынмен жүруі керек. Әрине Қытайдың Орта Азияда өз мүддесі бар. Ресей де Қазақстан мен Орта Азияны уысынан шығармауға тырысып бағады. Бұндай жағдайда бұл екі мемлекетпен жауласпай, үш жаққа да қолайлы экономикалық қатынастарды жандандырып, тиімді жұмыс істеу қажет. Есігімізді сырт дүниеге тарс жауып алғанымыз дұрыс болмайды. Қарызды да «соқыр көргенінен танбайды» деп, Қытай сынды бір мемлекеттен ала беру де жақсы емес, ол түптің түбінде елді оқпанға әкеп жығады», – десе, тағы бір саясаттанушы Қазыбек Бейсебаев: «Түрлі-түсті төңкерістерге қарсы болу Қытай мен Ресей мемлекетінің мүддесіне сай келіп отыр. Сондықтан екеуі бірігіп, АҚШ-қа қарсы тұрмақ. ШЫҰ дегеніміз – Ресей мен Қытайдың уақытша ынтымақтастығын білдіретін ұйым, шын мәнінде бұлар бір-біріне бәсекелес елдер. Бірақ таяқтың екі ұшы барын ескерген жөн. Айталық, Қытай тым күшейіп кетсе, Ресейге де қауіп төндіруі ғажап емес. Өйткені оған себеп бар, ол Бейжіңнің: «Өткен ғасырларда әлсіздігімізді пайдаланып, Ресей біздің біраз жерімізді тартып алды», – деп есептеп, ішіне әлі күнге дық сақтап жүргендігі. Қазіргі достығы – тек тактикалық ынтымақтастықтың көрінісі ғана. Ресей мен Қытай бірігіп, түбінде Қазақстанды түрлі түсті төңкерістен қорғаймыз деуін жоққа шығаруға болмайды. Бұл әбден мүмкін, әсіресе жерге қатысты мәселеге келгенде. Қысқасы, АҚШ демократияны айтып жар салғанымен, айналып келгенде ең алдымен өз мүддесін ойлайды. Әлемдік гегомондыққа үйреніп қалған алпауыт ел басқаларды қорқытып, Ресей мен Қытай секілді олардың бәрінің дегбірін қашыруды көздейді», – дейді. Айрандай ұйып отырған біздің елімізге түрлі түсті төңкеріс қажет емес.
Ермеk Cахариев