«Қазақстан алдымен қазақтың өзіне керек»
Мұрат ЖҰРЫНОВ, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының президенті, академик: «Қазақстан алдымен қазақтың өзіне керек»
Мұнай шикі күйінде саудаланып жатыр. Бұл – үлкен қателік
– Мұрат Жұрынұлы, өзіңіз басшылық жасап отырған Ұлттық Ғылым Академиясының бүгінгі тыныс-тіршілігі жайында айтып берсеңіз.
– Ұлттық Ғылым Академиясы – Қазақстанның ең маңдайалды ғалымдарын біріктіретін ғылыми орталық. Біз бұрынғысынша Ұлттық Ғылым Академиясына мүшелікке ғалымдарды қабылдап, олардың жұмысын үйлестіріп отырамыз. Мүшелеріміз жасырын дауыс беру арқылы, яғни ең демократиялы жолмен сайланады. Академияда қазір 258 мүше бар.
Бүгінде «ұлттық» деген сөзді бірнеше академия өздеріне тіркеп алды. Бірақ, «Қазақстан Республикасы» деген сөзді олар ала алмайды. Себебі, ол тек бізге ғана тиесілі. Арнайы жарлықпен бекітілген. Біздегі академиктер стипендия алады, содан соң Президент әкімшілігінің емханаларында тегін емделеді, шипажайларға тегін жолдама беріледі.
Жақында Пекинде үлкен альянс құрылды. Қытайда «Бір белдеу – бір жол» деген стратегиялық жоспар бар. Оның мағынасы таулар секілді тізбек құру. Мәселен, Тянь-Шань тауының сілемдері жердің астымен Испанияға дейін барады екен. Демек, Кавказдың таулары, Альпі тауы – барлығы бір таудың жалғасы деген сөз. Құранда «Тау деген жерге қадалған қазық. Оның көп бөлігі жердің астында жатады. Жердің жұмсақ жағы жылжып кетпесін деп қорғап тұратын ұстын» деп көрсетіледі. Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» деген жоспары соған ұқсас. Бұл бағытта көптеген жобалар түзіліп, түрлі жұмыстар жүзеге асып жатыр. Соның бір тармағы – осы альянс. Содан 80 елдің академиктері жиналып сол альянстың басшысын сайладық. Төрағасы қытайлық азамат болды, оның бір орынбасары Ресейден, бірі Пәкстаннан сайланды. Барлығы – ғылым академиясының президенттері. Алты адам басқарма мүшесі болды. Оның біреуі – мен. Яғни кіндік Азия мен Кавказ елдерінен мен сайландым.
Біздің академия мемлекеттік емес, соған қарамастан беделіміз жоғары. Даму бағытын Еуропа жолымен жүргізіп келеміз. Оның ішінде Франция академиясының жолымен. Олардың құрамында институттар жоқ. Бірақ, мемлекеттің болашағына негізделген шешімдерді ғылым саласының адамдары ұсынады.
– Соңғы кездері ғылым мен өндірісті қатар дамыту мәселесі жиі айтылып жүр. Бұл бағытта біршама жоғары оқу орындары мен өндіріс орындары өзара ынтымақтастық меморандумдарына қол қойып та жатыр. Жалпы, ғылым мен өндірісті қатар дамыту үшін бұл жүйені қалай жетілдірген дұрыс?
– Ғылым мен өндірісті қатар дамыту – күн талабы. Десек те, бұл саланың үш про-блемасы бар. Оның алғашқысы, бізде қазіргі кезде сынақ өткізетін цехтар жоқ. Кеңес өкіметі кезінде зауыттарымыздың әрқайсысында экспериментальды цехтар болатын. Ғалымдар зертханада ашқан жаңалығын сынақ цехтарына алып келіп, онысын тәжірибе жүзінде сынап көретін. Кейін ол ғылыми жобаны зауыттың техникалық кеңесі қабылдап, өндіріске енгізетін. Қазір бұл жүйе жоқ. Барлық цехтар жекешелендіріліп кеткен. Бірі шеберхана, бірі монша, енді бірі «мойканың» қызметін атқарып жатыр. Зертхана мен цех арасындағы байланыстың үзілгендігі көп қиындық тудырып отыр.
Екіншіден, біздің көптеген кәсіпорындарымыз шетелдік инвесторлардың қолына өтіп кетті. Қазақстан ғалымдарының жаңалығына олар пысқырмайды да. Өйткені, ол компаниялардың шетелдерде өздерінің ғылыми-зерттеу институттары бар. Ғылымға керектінің барлығын солардан алады. Яғни қаржыны шетелге жұмсайды.
Ал, үшіншісі, бізде шағын және орта бизнестің дамуы әлі де кенже қалып келеді. Бізде мұнай жерден шыққан күйінде сатылуда. Кеңес өкіметінен қалған 14 зауыттың өнімі де шикі күйінде саудаланып жатыр. Бұл – үлкен қателік. Сондықтан әрбір үлкен зауыттың жанынан өнім өңдейтін бірнеше шағын цех салып, жұмыс істетсек үлкен табысқа кенелер едік. Мәселен, Балқаш қаласында ең таза мыс шығады. Неге сол мыстан кабель, ток өткізгіш сымдар жасамасқа?! Сол кезде ол мыстың бағасы 8 есе көтерілетін еді. Павлодарда екі алюминий зауытымыз бар. Бірақ, кабельді Ресейден сатып аламыз. Неге?
Сол кәсіпорындардың айналасында он шақты мекеме орналасса, көптеген жұмыс орны ашылар еді. Біркелкі цехтар бір-бірімен өнім шығарып бәсекелескенде сапа да артып, соның әсерінен ғылымға деген сұраныс та жоғарылар еді. Тауар арзан, әсем, сапалы болуы керек. Оны тек ғылыми жолмен ғана жасауға болады. Біз осы мәселені шеше алған жағдайда ғана елімізде ғылым да, өндіріс те дамиды.
Егемендіктің алғашқы кезінде көптеген бизнесмендер «бізге ғылымның керегі жоқ, керек нәрсені шетелден сатып ала саламыз» деген пікірлер айтты. Бұл – стратегиялық қателік. Біріншіден, шетел саған ең жақсы зауытын сатпайды. Екіншіден, қолданыста тұрғанын бергеннің өзінде, алып келіп орнатқанша 3-5 жыл уақыт өтеді. Жүйе ескіреді. Көптеген шетелдіктер «әрқашан өндірістегі әрбір мәселені ғылымның көмегімен шешіп отыру керек және жүйелі түрде кезең-кезеңімен дамытып отыру қажет» деген қағидаға жүгінеді. Біз де бұл мәселені жүйелі түрде іске асыруымыз қажет.
Университет Ташкенттен ашылып кете жаздаған…
– Енді, тәуелсіздік алған жылдары Түркістаннан университет ашылған кезді еске алсақ. Жайлы ортаны тастап, әлі еңсесін тіктей қоймаған қалаға келу жүрегіңізге уайым салмады ма?
– Ол күндердің барлығы қазір естелікке айналып барады ғой. Кеңес Одағынан бөлінген мемлекеттер тәуелсіздіктің арқасында ұлттық құндылықтарын түгендей бастады. Ташкентте Ислам Каримов Түркістан университетін құрмақшы болды. Егер ол жоба жүзеге асып, Түркістан университеті Өзбекстанның аумағында салынса, онда бұл тарих алдындағы үлкен әділетсіздік болар еді. Түркістан университеті түркі халқының діңгегі, қарашаңырағы болған Қазақстанда, оның ішінде Түркістанда ашылуы керек. Елбасы бұл саясатты өте жақсы түсінді. Сонымен Президент Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Түркістан университеті ашылды. Қарағандыда жүрген жерімнен шақыртып, «осы сенің қолыңнан келеді, тез арада іске асыруымыз қажет» деп үлкен сенім артты. Ол кезде мен Қарағандыда академиялық институттың директоры едім. Өзім ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі, облыстық Кеңестің депутаты және облыстық Кеңесте экология комиссиясының төрағасымын. Бес бөлмелі пәтерім бар. Жағдайым жақсы болатын.
Ал, Түркістанда ол кезде әлеуметтік жағдай өте төмен еді. Шаңы бұрқырап жатқан көшелер… Машина да, автобус та уақтылы жүрмейді. Жарық та, су да жоқтың қасы. Сондай қиын кез болды ғой. Бірақ, Түркістан идеясын естігенде және Елбасы үлкен сенім артып отырған соң барлығын тастап осында келдім.
Содан 1991 жылы 6 маусым күні Президент Жарлыққа қол қойды. 7 маусымда мен ректор болып тағайындалдым, 8 маусым күні министр мені Шымкентке жіберді. Облыстың бірінші басшысы С.Терещенко күтіп алған соң Шымкентте тұрақтамай, бірден Түркістанға келдік. Барлық облыстың, қалалардың, аудандардың бірінші хатшыларын жинап, жағдайды түсіндіріп айттық.
«Все надежда на вас» деген С.Терещенко «1 қыркүйекте оқу жылын бастауымыз керек. Уақыт өте аз. Мен өз орынбасарларыма үйіме қоңырау соғуға рұқсат етпейтін едім. Мынау менің үй телефоным. Тәуліктің кез келген уақытында қоңырау соғамын десеңіз рұқсат» деді.
Түркістанда ол кезде үш техникум бар, жоғары оқу орны болмағандықтан, бірде-бір ғылым кандидаты жоқ еді. Содан ең бірінші Түркістанға келіп жұмыс істейтін мұғалімдердің пәтер мәселесін қолға алдым. Қарағандыдан қасыма үш-төрт ғалым еріп келді. Шымкенттен, Ташкенттен, Алматыдан шақырттым. Алғашқы жылдары өте қиын болды. Барлығы біртіндеп қалыпқа түсе бастады ғой.
– Қ.А.Ясауи атындағы Түркістан университеті халықаралық қазақ-түрік университеті дәрежесіне қалай көтерілді? Тоқырау кезеңінде Түркістанда алып құрылыстың жүруі, оқу орнындағы сәулетті ғимараттардың бой көтеруі расында да ерлік екен ғой…
– Алғашқыда Қ.А.Ясауи атындағы Түркістан мемлекеттік университеті болып құрылдық. Ешқандай қазақ-түрік деген атауы болған жоқ. Ол ешкімнің ойына да келмеді. Бірақ, Түркістан университеті болғаннан кейін түрік дүниесінің бізге бет бұратыны белгілі еді.
Кеңес өкіметі құлаған соң ақшаның құны кетті. Ең қиын кез басымызға келді. Бұл университетті тек Қазақстан ұстап тұра алмайтындығын түсіндім. Содан Алматыға барып АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі У.Кортниге жолығып, Түркістанға қонақ етіп шақырдым. Келді. Сырдың бойында киіз үй тігіп, қонақ еттік. Екі күн балық ауладық. Таза ауада жатып демалдық. Сөз арасында кіндік Азиядан университет ашу идеясын айттым. Ол Алматыдан немесе Ташкенттен ашуды жоспарлап жүргендігін жеткізді.
«Екеуі де дұрыс емес. Ташкентте 30 университет, Алматыда 25 университет бар. Олардың алдына шығу үшін кем дегенде 20 жыл уақыт керек. Одан да Түркістаннан Қазақ-Американ университетін құрайық. Барлық түрік мемлекеті сіздерге рахметін айтады» деген ойымды жеткіздім. Идеям ұнады. Ол Алматыға барған бетте АҚШ президенті Б.Клинтонға хат жазып, біздің идеядан хабардар етті. Бір айдан соң АҚШ президентінің ТМД бойынша кеңесшісі Вильямспен Мәскеуде жолығып, мәселені талқыладық. Нәтиже шықпады. Содан елге қайттым.
Тарихшылардың айтуынша, Шыңғыс хан Түркістанға келгенде халқы соғыссыз берілген екен. Сол кездері Түркістанның адамдары Ясауидің шәкірттерін керуендерше киіндіріп, бір тобын Шамға, бір тобын Коньяға жіберген. Шам – Сирияда, ал, Конья – Түркияда. Сондықтан Сирия мен Түркияда Ясауидің сопылық жолы өте қатты дамыған. Тіпті, біздегіден де қатты дамыған. Қазақстанда сопылықтың көп қысым көретіні – кешегі Кеңес өкіметі бізді басумен, жаншумен болды. Қаншама адамдарды соттап, атып жіберді, «халық жауы» деген жаламен жер аударды. Ясауидің түркі халықтарын дін жолымен біріктіретін ғылыми бағытын жойып жіберіп отырды.
Сирия күнін зорға көріп отырған мемлекет болғандықтан, бірден Коньяға баруға бел байладым. Елшілік көмектесті. Түркия президенті С.Демирельге кіріп, Түркістан идеясы бойынша ойымды жеткіздім. Қолдады. Арада екі жылдан соң мемлекетаралық келісімге қол қойылып, Жарғы қабылданды. Сонымен жұмыс басталды да кетті. Оқу орнының атауы да сол сәтте өзгерді.
Университет бекітілген жобаға сәйкес салына бастады. Коттедждер бой көтерді. Түріктерге «студенттер ең мықты жатақханаларда жатуы керек» деген мәселе қойдым. Салынды. Тамақ ішетін асхана мен мәдениет орталығының қажеттігін түсіндірдім. Олар да бой көтерді. Бас корпустың жобасы бекітілген күйінде менің үстелімде жатты. Жылда маған бас корпустың құрылысын бастайық деген ұсыныс айтады. Келіспедім. Себебі, бірінші кезекте студенттер үшін, қала халқы үшін ең керекті ғимараттар салынуы тиіс еді. Түркістанда жақсы аурухана жоқ екендігін ескеріп, клиниканың ғимараты тұрғызылды. Ең соңында бас корпус салынды.
Он жылдың ішінде университет өте жоғары қарқынмен дамыды. 2001 жылы студенттеріміздің саны 20 мыңнан асты, Қазақстан бойынша ғылым докторларының саны жағынан бірінші орында болдық. ҚазМУ-де 75 ғылым докторы болса, Түркістанда олардың саны 80-ге жетті. Спорт, мәдениет салаларынан өте үлкен жетістіктерге жеттік. Баскетболдан қыздар командасы Қазақстанның үш дүркін чемпионы болды. Сидней Олимпиадасына 6 студент қатысып, Бекзат Саттарханов – алтын, Мұхтархан Ділдәбеков күміс медаль иеленді. Спорттың әр түрінен Азия чемпионы атанғандар тіпті көп еді. Би ансамблі республикада чемпион атанды. Тарихтан, физикадан, математика және өзге де пәндерден ұйымдастырылған олимпиадалардан жүлделі орындарды алып отырдық. Сонда Алматыдағы әріптестерім «қалай Түркістан алға шығып кетті?» деп таң қалатын. «Сендердің балаларың кинотеатрда, ресторанда, базарда жүреді. Ал, бізде баратын жер жоқ. Сондықтан тек сабақ оқиды» деп әзілдейтінмін. Бірақ, ол әзілдің астарында шындық та жоқ емес еді.
Дегенмен, 2001 жылы қызметтен кетуіме тура келді. Себебі, Түркияның тәртібі бойынша ректор 5 жылдан 2 мерзімнен артық жұмыс істеуге құқығы жоқ. Тәртіпке бағыну керек. Д.В.Сокольский атындағы жанармай, катализ және электрохимия институтының бас директоры болдым әрі ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының президенті болып тағайындалдым. Әлі күнге сол қызметті атқарып келемін.
– Университетте салынған зәулім ғимараттардың баршасы да көпқабатты. Олардағы ауызсу мен кәріз жүйесінің мәселесін қалай шештіңіздер?
– Түркістанда су тарататын үлкен орталық бар. Ал, бізге содан су құбырын жүргізетін болсақ 12 көшені кесіп өтуіміз керек. Ол деген қаншама шығын, қаншама проблема. Есептетсек, 80 млн. теңге қажет екен. Сосын басқа жолын іздестіруге тура келді. Арнайы институттар арқылы жер астындағы су көздерін зерттеттік. Нәтижесінде 800 метр тереңдікте үлкен көлемде ауызсу қоры бары анықталды. Сайрам геология орталығына барып, 18 млн.-ға құдық қаздырдық. 740 метрге жеткенде су атқып кетті. Оның құрамын алып, зерттеу үшін Ташкентке, Мәскеуге, Алматыға жібердім. Барлығы «мұндай таза суды бірінші рет көріп тұрмыз» деп таң қалысты. Сонымен, ауызсу секундына 26 метр жылдамдықпен атқып тұрды. Бүкіл университетті сол бір құдықтың суы қамтамасыз етіп отырды. Ал, ботаникалық баққа тереңдігі 28 метрден басқа құдықтар қаздырдық. Ол ауызсуға арналмағандықтан тек бақты суаруға пайдаланылды.
Екінші проблема канализация еді. Түркістанда шағынауданнан шығатын канализация суы теміржолдың арғы бетіне төгілетін. Бізді оған қосу тиімсіз.
Бірде Түркияда жолда келе жатсам, ашық алаңқайда 5 көпқабатты үйдің тұрғанын көрдім. Жан-жағы терең сай әрі өзен ағып жатыр. Ағаштар мен неше түрлі әсем гүлдер жайқалып өсіп тұр. Бірден үйлердегі канализация суы қайда жіберіледі деген ой келді. Өзенге ағызуға өкімет рұқсат етпейтіні белгілі. Үйдегі тұрғындардан сұрастырып жүріп, қалдық судың жер астында орналасқан үш секциялы аппарат арқылы тазартылатынын білдім. Біріншісінде, жаман су озон арқылы өңделеді. Яғни озон кез келген тірі органимді өлтіреді. Екінші бассейнде арнайы құрттар қиды жеп, таза су мен құм шығарады. Ал, үшінші этапта озонмен тағы да бір өңдеп, одан соң фильтрлеп, таза су береді.
Қарасам аппарат Германиядан шыққан екен. Дереу зауыттың жазулы тұрған мекенжайын қойын дәптеріме түртіп алдым. Келген бетте хат жазып, сұрау жібердім. Немістер ұзақ күттірген жоқ, келіп құрып берді. Германиядағы дәстүрге сай инженер алғашқы шыққан бір стакан суды өзі ішіп көрсетеді. Сонымен ауызсу мен канализация мәселесі де өз шешімін тапты.
Жалпы, Еуропада суды далаға төгіп тастау деген ұғым жоқ. Олар тазалап, гүлге, көгалға жіберіп отырады. Түркістандағы каналдың суы тамыздың ортасында тоқтап қалатындықтан, біз де ботаникалық баққа су беріп отырдық. Мұны естіп жан-жақтан адамдар хабарласып, жобаларымды сұраушылар көбейді. Себебі, бағасы тиімді, өзі де сапалы дүние болатын.
– Түркістан идеясы жолындағы мақсатыңыз орындалды ма?
– 1989 жылы Кеңес өкіметі делегациясының құрамында Германияда болғаным бар. Сонда Гейдельберг деген кішкентай ғана қалада болдық. Университеті бар екен. Дегенмен, қаладағы өмір бір бөлек те, университеттің ауласындағы өмір бір бөлек. Университетте бес Нобель сыйлығының лауреаты жұмыс істейді. Материалдық-техникалық базасы өте жақсы дамыған. Адам жанына керектінің бәрі бар. Қонақүй, дәріхана, аурухана, тағы да басқа нысандар аула ішінде орналасқан. Алыстан ата-аналар балаларын көруге келсе, қонақүйден бөлме жалдап, баласының қасында қалағанынша тұра алады. Содан мен де Түркістанға келгенде сондай кампустағы (қалашық) университет жасаймын деп алдыма мақсат қойдым. Бүгін өзім сол мақсатымның біртіндеп жүзеге асып жатқандығын көріп отырмын.
Білім де, ғылым да Түркістанда дамуы тиіс
– Бұрынғы Түркістан бүгін облыс орталығы болды. Қаланың келешектегі дамуын көз алдыңызға қалай елестетесіз?
– Өлке өзінен өзі өспейді, оған мемлекеттік тұрғыдан мән беру керек. Сондықтан Түркістанның болашағы мемлекеттің оған қалай мән беруіне байланысты. Түркістан – қазақтың қайнаған ортасы. Білім де, ғылым да осы жерде дамуы керек. Бұқара халыққа жасайтын жақсылық та осы жерден басталуы қажет.
Қоғамның өзіндік даму жолдары бар, ол еш елдің патшасының жарлығына бағынбайды. Бұл – табиғаттың заңдылығы. Украинадағы жағдайдан сабақ алуымыз керек. Сондықтан ұлттық рухымызды күшейтіп, кадрлардың қадіріне жетуге көп көңіл бөлгеніміз дұрыс. Қазақстан алдымен қазақтың өзіне керек.
«Түркістан» тек қала емес, Түркістан – бүкіл түркі әлемінің орталығы. Әлемнің географиялық картасында (АҚШ-та) осы күнге дейін Алтай, Ұйғыр жері, Шыңжаңнан Жерорта теңізіне дейін бір-ақ ауыз сөзбен «Түркістан» деп жазады. Сондықтан бұл Түркістан деген түркі дүниесінің діңгегі.
– Туған жеріңіз Арысқа жиі барып тұрасыз ба?
– Арысқа жиі барып тұрамын. Әр жыл сайын оразада міндетті түрде ауыл халқын, ағайындарды, достарды жинап ауызашар беремін. Бұл бастаманың дәстүрге айналғанына он шақты жыл болып қалды.
1992-93 жылдары әкемнің тұрған қарашаңырағынан шағын мешіт ашқан болатынмын. Соны биыл үлкейтуді мақсат етіп отырмын. Қазір іргетасын құйдырып қойдым. Үлкен, жақсы мешіт салмақпыз. Жастар өсіп келе жатыр. Оларды жат ағымдардың жетегіне еріп кетуден сақтау үшін, ұлттық құндылықтарды дәріптеу үшін мешіттер керек.
– Түркістанда Ясауи мұраларын сақтауда, дәріптеуде Сіз бас болып ашқан университет көптеген жұмыстар атқаруда. Ал, былайғы жұрт Түркістанды екінші Мекке санайды. Енді бір ағайындар «Түркістанды Меккемен салыстырған дұрыс емес» дейді… Осы тұрғыда өз ойыңызбен бөліссеңіз.
– «Түркістанға екінші Мекке деген теңеу Ясауидің көзі тірісінде-ақ айтылған. Мен бірнеше араб ғалымдарының жазбаларынан осыны таптым» дейді Копроглу есімді ғалым және оның шәкірттері. Түркістан қалай екінші Мекке атанды, енді осыған тоқталайық.
Бір деректерде Ясауи жас кезінде жетім қалады. 3 жасында әкесі, 5 жасында анасы қайтыс болып кетеді делінеді. Сайрамда жүрген жерінен Түркістаннан Арыстан баб келіп алып кетеді. Онда Ясауи 8 жаста екен. Өте талантты, қабілетті бала кітапты бір оқығаннан жаттап алады екен. Арыстан баб 2-3 жыл дәріс бергеннен кейін «сен мендегі бар білімді үйреніп алдың, енді Бұқарадағы Хамадани деген ғұламадан дәріс ал» деп сонда жібереді. Екі жылдан кейін Хамадани Меккеге бағыттайды. Ясауи керуендерге ілесіп Меккеге барады. Құтпан оқылып біткен соң, қай сүрені қалай оқу керектігін арабтар талқылап жатқанда Ясауи олардың қателіктерін түзетеді. Нақты дәлел-дәйектермен түсіндіріп береді. Барлығы аң-таң. Содан мешітке баратын жастардың барлығы Ясауидің соңынан ереді. Ясауи қай мешітке баратын болса, жамағаттың барлығы сол мешітке барады. Кез келген мәселені өте қарапайым тілмен түсіндіріп беретіндіктен ұстаз тұтушылар көбейеді. Бір жағынан іштарлықпен қысым көрсетушілер де шыға бастайды. Содан бұл Меккеден кетіп, Түркістанға келеді. Өзі мектеп ашып, жастарды ілімге үйретуді қолға алады. Меккеде артынан еріп жүргендер араға біраз уақыт салып Түркістанға іздеп келіп сабақ алып кететін болыпты. Яғни Мекке мен Түркістанның арасын жол етеді. Содан бір тарихшы «Ясауи Түркістаннан мектеп ашыпты, содан екі орта жол болыпты, Түркістан екінші Мекке сияқты» деп жазған екен. Сол кезде айтылған сөз бүгінге жетіп, Түркістан екінші Мекке деген түсінік қалыптасып отыр. Сондықтан бұдан ешқандай діни саясат іздеудің қажеті жоқ.
– Өміріңізде жақсылықты көп көрген шығарсыз…
– Өмірде барлық күндерің ашық болмайды. Шуақты күндер мен бұлтты күндер араласып, қатар жүреді. Ал, жақсы, жағымды жаңалықтарыма тоқталар болсам, қолға алған ғылыми жұмыстарым былтырдан бері өндіріске еніп жатыр. Шахталарда жұмыс істейтін моторлардан және мұнай өңдейтін зауыттардан шығатын газдарды залалсыздандыратын жобам жүзеге асуда. Жалпы, мұның табиғатқа пайдасы мол. Бұл бағытта Алматыда үлкен цех іске қосылады деп күтілуде. Ғалым ретінде Ресей, Белоруссия, Молдова, Тәжікстан, Қырғызстан академияларына мүше болып сайландым. Түркі дүниесінің Ұлттық Ғылым Академияларының одағын құрдық. Соның бірінші президенті етіп мені сайлады. Атағы емес, істеген еңбегіңе баға бергендігі көңіліңді марқайтады. Жақында ғана Қытай Халық Республикасында құрылған альянста 80 елдің ғылым академиясы президенттері 6 адамнан тұратын басқарма мүшелерін сайлады. Соның ішінде мен де бармын. Бұл да мені, менің ғылыми жұмыстарымды бағалағандығы. Әділдіктің бар екендігі. Сол әділдіктің болғандығы жүректі жылытады, күш-қуат береді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Қайрат ЗАЙНИШЕВ, «Оңтүстік Қазақстан».