ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ
Ардагерлер туралы
Осы Заң ардагерлерге және осы Заңның күші қолданылатын басқа да адамдарға әлеуметтік қолдау шараларын ұсынудың ұйымдастырушылық, экономикалық және құқықтық негіздерін айқындайды.
1-бап. Қазақстан Республикасының ардагерлер туралы заңнамасы
- Қазақстан Республикасының ардагерлер туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
- Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзге қағидалар белгiленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
2-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
Осы Заңның күші ардагерлер деп танылған немесе осы Заңның күші қолданылатын басқа да адамдарға жататын Қазақстан Республикасының азаматтарына, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға қолданылады.
3-бап. Ардагерлер және осы Заңның күші қолданылатын басқа да адамдар
- Осы Заңға сәйкес мыналар ардагерлер болып танылады:
1) Ұлы Отан соғысының ардагерлері;
2) басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері;
3) жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер;
4) еңбек ардагерлері.
- Осы Заңның күші қолданылатын басқа да адамдар осы Заңның 8-бабында айқындалған.
4-бап. Ұлы Отан соғысының ардагерлері
Мыналар Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне жатады:
1) Ұлы Отан соғысына қатысушылар, атап айтқанда, Ұлы Отан соғысы кезеңінде, сондай-ақ бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағын (бұдан әрі – КСР Одағы) қорғау бойынша басқа да ұрыс операциялары кезiнде майдандағы армия мен флоттың құрамына кiрген әскери бөлiмдерде, штабтар мен мекемелерде қызмет өткерген әскери қызметшiлер, Ұлы Отан соғысының партизандары мен астыртын әрекет етушiлерi;
2) Ұлы Отан соғысының мүгедектері, атап айтқанда Ұлы Отан соғысы кезеңінде майданда, ұрыс қимылдары аудандарында, майдан маңындағы темiржол учаскелерінде, қорғаныс шептерiнің, әскери-теңiз базалары мен әуеайлақтардың құрылысжайларында жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болған майдандағы армия мен флоттың әскери қызметшiлерi, Ұлы Отан соғысының партизандары мен астыртын әрекет етушiлерi, сондай-ақ жұмысшылар мен қызметшiлер.
5-бап. Басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері
Мыналар басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері болып танылады:
1) бұрынғы КСР Одағының үкiметтік органдарының шешiмдерiне сәйкес басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң әскери қызметшiлерi, бұрынғы КСР Одағы Iшкi iстер министрлiгiнiң басшы және қатардағы құрамының адамдары (әскери мамандар мен кеңесшiлердi қоса алғанда);
2) оқу жиындарына шақырылған және Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде жiберiлген әскери мiндеттiлер;
3) Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде осы елге жүк жеткiзу үшiн жiберiлген автомобиль батальондарының әскери қызметшiлерi;
4) бұрынғы КСР Одағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлiк тапсырмалармен ұшқан ұшу құрамының әскери қызметшiлерi;
5) Ауғанстандағы кеңестік әскери контингентке қызмет көрсеткен, жарақат, контузия алған немесе мертіккен не ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталған жұмысшылар мен қызметшiлер;
6) Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын қорғауды күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерін орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілері;
7) Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға бітімгерлер ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілері;
8) Таулы Қарабахтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілер, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдары.
6-бап. Жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер
Мыналар жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер деп танылады:
1) жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген адамдар, атап айтқанда:
майдандағы армия бөлiмдерiнің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгiленген жеңiлдiкті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда Ұлы Отан соғысы кезеңінде қызмет өткерген әскери қызметшiлер, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдары;
Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия құрамына кiрген әскери бөлiмдерде, штабтарда, мекемелерде штаттық лауазымдар атқарған не сол кезеңдерде майдандағы армия бөлiмдерiнің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгiленген жеңiлдiкті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда болған Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, бұрынғы КСР Одағының iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк әскерлерi мен органдарының еріктi жалдамалы құрамының адамдары;
Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия мен флоттың құрамына кiрген бөлiмдердiң, штабтар мен мекемелердiң құрамында полк балалары (тәрбиеленушiлерi) және юнгалар ретiнде болған адамдар;
Екiншi дүниежүзiлiк соғыс жылдарында шет елдердiң аумағында партизан отрядтары, астыртын топтар және басқа да фашизмге қарсы құралымдар құрамында фашистiк Германия мен оның одақтастарына қарсы ұрыс қимылдарына қатысқан адамдар;
бұрынғы КСР Одағы Қатынас жолдары халық комиссариатының, Байланыс халық комиссариатының, кәсiпшiлiк және көлiк кемелерiнiң жүзу құрамы мен авиацияның ұшу-көтерілу құрамының, Балық өнеркәсiбi халық комиссариатының, теңiз және өзен флотының, Солтүстiк теңiз жолы бас басқармасының ұшу-көтерілу құрамының арнаулы құралымдарының Ұлы Отан соғысы кезеңінде әскери қызметшiлер жағдайына көшiрiлген және ұрыс майдандарының тылдағы шекаралары, флоттардың жедел аймақтары шегiнде майдандағы армия мен флот мүдделерi үшін мiндеттер атқарған қызметкерлерi, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының бас кезiнде басқа мемлекеттердiң порттарында еріксіз ұсталған көлiк флоты кемелерi экипаждарының мүшелерi;
Ленинград қаласындағы қоршау кезеңінде қаланың кәсiпорындарында, мекемелерi мен ұйымдарында жұмыс iстеген және «Ленинградты қорғағаны үшiн» медалiмен немесе «Қоршаудағы Ленинград тұрғыны» белгiсiмен наградталған азаматтар;
Екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезеңiнде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердегі, геттолардағы және басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарындағы кәмелетке толмаған тұтқындар;
1986 – 1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдар;
2) жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне теңестірілген адамдар, атап айтқанда:
бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтiң өзге де мiндеттерiн басқа кезеңдерде атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттерде әскери қызметiн өткеру кезiнде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болған әскери қызметшiлер;
қызметтік мiндеттерiн атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан не майданда болуына немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген мемлекеттерде қызметтік мiндеттерiн орындауына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болған бұрынғы КСР Одағының мемлекеттік қауіпсіздік органдарының және ішкі істер органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдары;
басқа елдердегі майдандағы әскери контингенттерге қызмет көрсеткен және ұрыс қимылдарын жүргiзу кезеңiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі не ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болған тиiстi санаттардағы жұмысшылар мен қызметшiлер;
1944 жылғы 1 қаңтар – 1951 жылғы 31 желтоқсан аралығындағы кезеңде Украина КСР, Беларусь КСР, Литва КСР, Латвия КСР, Эстония КСР аумағында болған халықты қорғаушы жойғыш батальондардың, взводтар мен отрядтардың жауынгерлерi мен командалық құрамы қатарындағы, осы батальондарда, взводтарда, отрядтарда қызметтік мiндеттерiн атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы немесе мертігуі салдарынан мүгедек болған адамдар;
Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық сынақтардың салдарынан мүгедек болған адамдар және мүгедектігі ата-анасының бiрiнiң радиациялық сәуле алуымен генетикалық байланысты олардың балалары.
7-бап. Еңбек ардагерлері
Еңбек ардагерлеріне мыналар жатады:
1) Социалистік Еңбек Ерлері, үш дәрежелі Даңқ, үш дәрежелі Еңбек Даңқы ордендерінің иегерлері;
2) «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болған адамдар;
3) Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдар;
4) 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдар.
8-бап. Осы Заңның күші қолданылатын басқа да адамдар
Осы Заңның күші қолданылатын басқа да адамдарға мыналар жатады:
1) қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары, атап айтқанда:
бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтiң өзге де мiндеттерiн (қызметтік мiндеттерді) атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы немесе мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан қаза болған (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердің, партизандардың, астыртын әрекет етушiлердің, осы Заңның 4 – 6-баптарында аталған адамдардың отбасылары;
Ұлы Отан соғысында қаза тапқан, жергiлiктi әуе шабуылына қарсы қорғаныстың объектiлiк және авариялық командаларының өзiн-өзi қорғау топтарының жеке құрамы қатарындағы адамдардың отбасылары, Ленинград қаласының госпитальдары мен ауруханаларының қаза тапқан жұмыскерлерінiң отбасылары;
бұрынғы КСР Одағы Қорғаныс министрлiгiнің, ішкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының әскери мiндеттілер жиындарына шақырылған, қоғамға жат көрiнiстерге байланысты төтенше жағдайлар кезiнде қоғамдық тәртiптi қорғау жөнiндегi міндеттерді орындау кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлерінiң, басшы және қатардағы құрам адамдарының отбасылары;
Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттердегi ұрыс қимылдары кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруға шалдығуы салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасылары;
бейбiт уақытта әскери қызметiн өткеру кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлердiң отбасылары;
Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жою кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасылары;
Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың және ядролық сынақтардың салдарынан сәуле ауруына шалдығып қайтыс болғандардың немесе қайтыс болған мүгедектердiң, сондай-ақ қайтыс болуы белгiленген тәртiппен солардың әсеріне байланысты болған азаматтардың отбасылары;
2) Ұлы Отан соғысының қайтыс болған мүгедегінiң немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне теңестiрiлген адамның екiншi рет некеге тұрмаған жұбайы (зайыбы), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығу, жұмыста мертігу және басқа да себептер (құқыққа қайшы келетiндердi қоспағанда) салдарынан мүгедек деп танылған, Ұлы Отан соғысының қайтыс болған қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушiнің, «Ленинградты қорғағаны үшiн» медалiмен немесе «Қоршаудағы Ленинград тұрғыны» белгiсiмен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған жұбайы (зайыбы);
3) 1988 – 1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдар;
4) 1979 жылғы 1 желтоқсан – 1989 жылғы желтоқсан аралығындағы кезеңде Ауғанстанға және ұрыс қимылдары жүргізілген басқа да елдерге жұмысқа жiберiлген жұмысшылар мен қызметшiлер;
5) бұрынғы КСР Одағы Мемлекеттік қауiпсiздiк комитетiнiң Ауғанстан аумағында уақытша болған және кеңес әскерлерiнiң шектеулі контингентінің құрамына енбеген жұмысшылары мен қызметшiлерi.
Ескертпе. Осы баптың 1) тармақшасының мақсатында әлеуметтік қолдауға құқық берiлетiн отбасы мүшелерi мыналар болып табылады:
қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен, қайтыс болған) адамның асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақы төленетiн балалары мен басқа да асырауындағылары;
Ұлы Отан соғысында қаза тапқан (қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен) жауынгерлердің ата-аналары және екінші рет некеге тұрмаған жесірлері; екінші рет некеге тұрмаған зайыбы (жұбайы).
9-бап. Ардагерлердің мәртебесiн белгілеу
Ардагерлердің мәртебесi осы Заңға сәйкес айқындалады және Ұлы Отан соғысы жылдарында, бұрынғы КСР Одағын қорғау бойынша ұрыс операциялары кезiнде, басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдары кезінде майдандағы армияға, Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысуды, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысуды растайтын анықтамалардың, әскери билеттердiң және өзге де құжаттардың, жаралану, мүгедектiк туралы анықтамалардың, сот-медициналық қорытындылардың негiзiнде белгіленеді.
Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне осы құжаттардың негiзiнде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгiнiң органдары Ұлы Отан соғысы ардагерінің куәлiгiн бередi. Қалған ардагерлерге жасына байланысты зейнетақы төлемдерін (жәрдемақылар) алушы куәлігіне белгi қойылады.
10-бап. Ұлы Отан соғысының ардагерлерін әлеуметтік қолдау шаралары
- Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне мынадай әлеуметтік қолдау шаралары ұсынылады:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлеу;
2) жергілікті атқарушы орган өз құзыреті шегінде көрсететін ақшалай немесе заттай түрдегі әлеуметтік көмек;
3) егер олар Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес тұрғынжайға мұқтаж деп танылса және бұрын тұрғынжайды бiрiншi кезекте алу құқығын пайдаланбаған болса, жергiлiктi атқарушы органдардың, ұйымдардың біржолғы бiрiншi кезекте тұрғынжаймен қамтамасыз етуi;
4) жеке тұрғын үй салу үшiн жер учаскелерiн біржолғы бiрiншi кезекте алу;
5) коммуналдық тұрғын үй қорының үйлерiндегi өздерi тұратын тұрғынжайларды Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасында белгiленген тәртiппен меншiкке беру (Ұлы Отан соғысының тұрғынжай берілген ардагері қайтыс болған жағдайда, оны өтеусіз алу құқығы оның отбасы мүшелеріне өтеді);
6) амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін ұйымдарда артықшылықпен қызмет көрсету және ауруханаға кезектен тыс жатқызу;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртiппен бiлiктi медициналық көмек алу;
8) протездермен (тіс протездерінен басқа) және протездік-ортопедиялық бұйымдармен тегін қамтамасыз ету;
9) Ұлы Отан соғысының ардагерлері жұмыс iстеп жүрген кезiнде тіркелген емханаларды зейнеткерлiкке шыққан кезде де пайдалану құқығы;
10) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің кепілдік берілген көлемін бірінші кезекте алу;
11) барлық байланыс қызметiн кезектен тыс пайдалану құқығы;
12) Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес жеңiлдiктi салық салу.
- Ұлы Отан соғысының қайтыс болған жалғызiлiктi ардагерлерін жерлеуді тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметтері салт-жоралар рәсiмдерiн орындай отырып жүзеге асырады.
- Отбасы мүшелеріне не Ұлы Отан соғысының қайтыс болған ардагерін жерлеуді жүзеге асырған адамға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жерлеуге арналған біржолғы төлем төленеді.
- Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне мүгедектi оңалтудың жеке бағдарламасына сай Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қосымша әлеуметтік қолдау шаралары ұсынылады.
- Кеңес Одағының Батыры, «Халық қаhарманы», Социалистiк Еңбек Ерi атақтарына ие болған, үш дәрежелi Даңқ орденiмен, «Отан» орденiмен наградталған Ұлы Отан соғысына қатысушыларға әскери құрмет көрсетіле отырып, тегiн жерлеу және қабiрлерiнiң басына құлпытас орнату құқығы беріледі.
11-бап. Басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлерін, сондай-ақ жеңiлдiктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестiрiлген ардагерлерді әлеуметтік қолдау шаралары
- Басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне, сондай-ақ жеңiлдiктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестiрiлген ардагерлерге мынадай әлеуметтік қолдау шаралары ұсынылады:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлеу;
2) жергілікті атқарушы орган өз құзыреті шегінде көрсететін ақшалай немесе заттай түрдегі әлеуметтік көмек;
3) Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес жергiлiктi атқарушы органдардың тұрғынжаймен қамтамасыз етуі;
4) жеке тұрғын үй салу үшiн жер учаскелерiн біржолғы бiрiншi кезекте алу;
5) амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін ұйымдарда артықшылықпен қызмет көрсету және ауруханаға кезектен тыс жатқызу;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртiппен бiлiктi медициналық көмек алу;
7) ардагерлер жұмыс iстеп жүрген кезінде тіркелген емханаларды зейнеткерлiкке шыққан кезде де пайдалану құқығы;
8) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің кепілдік берілген көлемін бірінші кезекте алу;
9) білім беру гранттарын алуға, сондай-ақ жоғары білімді кадрлар даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алушылардың құрамына қабылдауға конкурс өткізу кезінде балдары тең болған жағдайда артықшылықты құқық;
10) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына түсу кезінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын мөлшерде қабылдау квотасы көзделеді;
11) барлық байланыс қызметiн кезектен тыс пайдалану құқығы;
12) Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес жеңiлдiктi салық салу.
- Басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының қайтыс болған жалғызiлiктi ардагерлерін және жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестiрiлген қайтыс болған жалғызiлiктi ардагерлерді жерлеуді тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметтері салт-жоралар рәсiмдерiн орындай отырып жүзеге асырады.
- Отбасы мүшелеріне не басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының қайтыс болған ардагерін және жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестiрiлген ардагерді жерлеуді жүзеге асырған адамға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жерлеуге арналған біржолғы төлем төленеді.
- Осы Заңның 6-бабының 2) тармақшасында аталған ардагерлерге мүгедектi оңалтудың жеке бағдарламасына сай Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қосымша әлеуметтік қолдау шаралары ұсынылады.
12-бап. Еңбек ардагерлерін әлеуметтік қолдау шаралары
- Еңбек ардагерлеріне мынадай әлеуметтік қолдау шаралары ұсынылады:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлеу;
2) жергілікті атқарушы орган өз құзыреті шегінде көрсететін ақшалай немесе заттай түрдегі әлеуметтік көмек;
3) жұмыс iстеп жүрген кезінде тіркелген емханаларды зейнеткерлiкке шыққан кезде де пайдалану құқығы;
4) барлық байланыс қызметiн кезектен тыс пайдалану құқығы;
5) Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес жеңiлдiктi салық салу.
- Отбасы мүшелеріне не қайтыс болған еңбек ардагерін жерлеуді жүзеге асырған адамға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жерлеуге арналған біржолғы төлем төленеді.
13-бап. Осы Заңның күшi қолданылатын басқа да адамдарды әлеуметтік қолдау шаралары
Осы Заңның күшi қолданылатын басқа да адамдарға мынадай әлеуметтік қолдау шаралары ұсынылады:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлеу;
2) жергілікті атқарушы орган өз құзыреті шегінде көрсететін ақшалай немесе заттай түрдегі әлеуметтік көмек;
3) жұмыс iстеп жүрген кезiнде тіркелген емханаларды зейнеткерлiкке шыққан кезде де пайдалану құқығы.
14-бап. Қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары үшін қосымша әлеуметтік қолдау шаралары
- Осы Заңның 8-бабының 1) тармақшасында санамаланған қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына мынадай қосымша әлеуметтік қолдау шаралары ұсынылады:
1) Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес олар тұрғынжайға мұқтаж деп танылған жағдайда, жергiлiктi атқарушы органдардың тұрғынжаймен қамтамасыз етуi;
2) амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін ұйымдарда артықшылықпен қызмет көрсету және ауруханаға кезектен тыс жатқызу;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртiппен бiлiктi медициналық көмек алу;
4) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің кепілдік берілген көлемін бірінші кезекте алу;
5) жерленген жерге тегiн баруға және кері қайтуға (бiрақ үш адамнан аспайды), сондай-ақ әскери қызметшi қайтыс болған күннен бастап алты ай ішінде отбасы таңдаған тұрғылықты жерiне тегін жол жүруге құқық;
6) қайтыс болған (қаза тапқан) әскери қызметшiні тегін жерлеу өзiнiң соңғы қызмет өткерген орны бойынша жүзеге асырылады (бейбiт уақытта әскери (азаматтық) борышын өтеу кезiнде қаза тапқан немесе жалпы аурудан қайтыс болған әскери қызметшiнiң мәйiтiн отбасының қалауы бойынша басқа жерлеу (қайта жерлеу) орындарына тасымалдау Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгiнiң, Iшкi iстер министрлiгiнiң, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң және Мемлекеттік күзет қызметінің шешiмi бойынша жүзеге асырылуы мүмкін).
- Ауғанстанда және ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа мемлекеттерде, сондай-ақ әскери мiндеттiлер жиындарына шақырылған қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлердiң, iшкi iстер органдарының басшы және қатардағы құрамы адамдарының отбасыларына Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген мөлшерлерде бiржолғы жәрдемақы төленедi.
- Ауғанстандағы ұрыс қимылдарында қаза тапқан не сол кезеңде жараланудың, контузия алудың, мертігудің немесе ауруға шалдығудың салдарынан қайтыс болған әскери қызметшiлердiң жұбайларына не асырауында аталған әскери қызметшiлердiң балалары бар басқа адамдарға жұмыс орнынан балаларымен бiрге демалу үшiн демалыс үйлерi мен пансионаттарға жолдамалармен, сондай-ақ аталған әскери қызметшiлердiң балалары үшiн балаларды сауықтыру мекемелерiне жолдамалармен артықшылықты қамтамасыз ету ұсынылады.
- Отбасылары осы Заң бойынша әлеуметтік қолдау шараларына құқығы бар және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар алатын генералдардың, адмиралдардың және әскери қызметшiлер қатарындағы зейнеткерлердiң жұбайларына «Әскери қызмет және әскери қызметшiлердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгiленген тиiстi жеңiлдiктерге құқығы өмір бойы сақталады.
15-бап. Әлеуметтік қолдау шараларын қаржыландыру
Осы Заңда көзделген әлеуметтік қолдау шараларын қаржыландыру мемлекеттік бюджет қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздердің есебінен жүзеге асырылады.
16-бап. Әлеуметтік қолдау шараларын ұсынуды тоқтата тұру және тоқтату
- Осы Заңда көзделген әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну осы Заңның күші қолданылатын адам сот тағайындаған бас бостандығынан айыру түрiндегі қылмыстық жазасын өтеу кезеңінде тоқтатыла тұрады.
- Осы Заңда көзделген әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну осы Заңның күші қолданылатын адамдар қайтыс болған күннен бастап тоқтатылады.
17-бап. Жергілікті өкілді органдар мен ұйымдардың құқықтары
Жергілікті өкілді органдар, ұйымдардың басшылары өз құзыреттері шегінде қосымша әлеуметтік қолдау шараларын және емделуге жол жүру (екі жаққа), сондай-ақ ардагерлерге және осы Заңның күші қолданылатын басқа да адамдарға материалдық және басқа да көмек түрлерін көрсету бойынша жеңілдіктерді белгілей алады.
18-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
- Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
- «Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерiне және соларға теңестiрiлген адамдарға берiлетiн жеңiлдiктер мен оларды әлеуметтiк қорғау туралы» 1995 жылғы 28 сәуiрдегі Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., №6, 45-құжат; №14, 98-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., №7, 79-құжат; №12, 184-құжат; 1999 ж., №8, 247-құжат; №23, 925-құжат; 2004 ж., №23, 142-құжат; 2007 ж., №10, 69-құжат; №20, 152-құжат; 2011 ж., №1, 3-құжат; №16, 129-құжат; 2012 ж., №5, 41-құжат; 2014 ж., №16, 90-құжат; 2018 ж., №14, 42-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.ТОҚАЕВ