ҚАЗАҚСТАН ТЕМІР ЖОЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ САУАТ МЫҢБАЕВ ПЕН ӨМІРЗАҚ ШӨКЕЕВ АРЫСТА БОЛДЫ
Сауат Мыңбаев Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевпен бірге Арыс қаласының басты көрікті жерлерінің бірі — теміржол вокзалында болды. «Қазақстан темір жолы ҰК» АҚ-ның төрағасы Арыс темір жол стансасындағы көлік инфрақұрылымы нысандарын қалпына келтіру жұмыстарының нәтижесімен танысты. Шойын жол нысандарында жүргізілген барлық жөндеу жұмыстары мерзімінде аяқталған. Жарылыс салдарынан темір жол торабында орналасқан 60-тан астам қызметтік-техникалық ғимараттар, көптеген тұрғын үйлер зақымдалған болатын. Қысқа уақыт ішінде көне теміржол вокзалы толық қайта жөндеуден өтіп, жаңа кейіпке енген. Қала өміріндегі тарихи да маңызды нысанның күрделі құрылысын «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры жүргізді. Арыс – Орта Азия қақпасы, тоғыз жолдың торабы атанған теміржолшылар кенті. Халқының басым көпшілігі де шойын жол саласында қызмет етеді. Биыл Арыс қаласының 1-теміржол вокзалына 115 жыл толып отыр. Іргетасы 1904 жылы қаланған көне ғимараттың іші-сырты толық жаңғыртылды. Ең бастысы, ғимараттың тарихи сәулеті сақталып, ұрпаққа көне жәдігерлердің бірі болып қалмақ.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі