«Қазақстанда әркім маңызды!»

Елімізде1 қыркүйектен 30 қазанға дейінгі аралықта Ұлттық санақ өтеді. Оған онлайн режимде де, дәстүрлі тәсіл арқылы да қатысуға болады. 2021 жылдың санағының ұраны — «Қазақстанда әркім маңызды!».

— Онлайн режимінде жүргізілетін Ұлттық санақ 15 қазанға дейін sanaq.gov.kz сайтында жұмыс істейді. Азаматтар орналасқан жеріне қарамастан, виртуалды көмекшінің көмегімен санақты өздері және отбасы мүшелері үшін сауалнамалар толтыру арқылы дербес аяқтай алады. Әрбір адам санаққа қатысу үшін өзіне ыңғайлы кез келген уақытты таңдай алады, сонымен қатар egov.kz электронды үкімет платформасында sanaq.gov.kz сайтының қосымша парағы орналастырылады. Осы парақ арқылы электронды цифрлы қолтаңбаны (ЭЦҚ) қолданып, санаққа қатысуға болады. Дәстүрлі үздіксіз санақ онлайн-санақтан өтпеген азаматтарды қамту үшін қажетті санитарлық нормаларды сақтай отырып, 2021 жылдың 1 қазанынан 30 қазанына дейін жүргізілетін болады, — дейді Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысы Жолдасқали Беисов.

Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Ақтөбе облысы бойынша департаментіне респонденттер мына телефон арқылы хабарласа алады: +7 (7132) 54-55-03.

Биыл Ұлттық санақ жүргізу жұмыстарына 32 мыңнан астам адам тартылмақ. Қазіргі уақытта 17 аймақтан жалпы саны 85 адамнан тұратын Ұлттық санақты дайындау және өткізу жөніндегі штаттан тыс бөлімдер құрылды. Ұлттық статистика бюросының Ақтөбе облысы бойынша департаментінде 4 адамнан тұратын штаттан тыс бөлім жұмыс жасайды, ұлттық санақты дайындау және өткізу бойынша 49 нұсқаушы (уәкілдер) жұмысқа тартылған.

 

Қ.Құдайберген,

Ақтөбе облысы.