Қазақстанда қантты қымбаттатқандар жазаланып жатыр
Солтүстік Қазақстан облысында құмшекердің бағасын негізсіз өсірген кәсіпкерлер айыппұл арқалайтын болды.
Шенеуніктер шекердің құнын тиісті мөлшерден асырып, саудасын қыздырып жатқандарды іздеуге кірісті. Жеміс-жидектің пісіп, тосап даярлайтын мезгілде бағаны ауыздықтаудың басқа амалы жоқ дейді олар.
“Қант сатып алу биыл қиын болып тұр. Бірнеше рет әкімдікке осы проблеманы айтып хат жазып, қоңырау да шалдым. «Рахмет» дүкені әкімдік ғимараты жанында болған соң ба, қант сонда ғана бар. Басқа сауда орындарында тұрғындар шекер алу үшін сағат таңғы 6дан бастап кезекке тұрады”, – дейді Петропавл қаласының тұрғыны Наталья Якова.
Өңірдегі кез келген дүкенде қанттың келісі 900 теңгеден емін-еркін сатылуда. Бірақ бұған тұрғындар наразы. Ал, шенеуніктер мониторигтік топтар дүкен сөрелеріндегі тауар бағасын күнде тексереді деп жайбарақат отыр. Жақында қант бағасын белгіленген мөлшерден қымбатқа саудалаған екі компанияға ескерту жасалыпты. Бірақ, олар тез арада шекердің құнын төмендетіп, айыппұлдан құтылып кеткен. Енді әкімдік құмшекерді әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы сауда орындарына тікелей жеткізуді көздеп отыр. Қазірдің өзінде өңірге 15 вагон қант жеткізілген. Оның бағасы келісіне 450 теңгеден аспайды деп сендірді атқамінерлер. Өткен жылы солтүстік тұрғындары бір жылда 12 вагон шекер тұтынған екен.
“Қанттың нақты тұрақты бағасы жоқ. Өйткені, баға өткен жылғы статистикаға сәйкес белгіленуі тиіс. Ал қазір баға тұрақсыз, сатып алу құны тым көтеріліп кетті. Сондықтан әзірге қант құнын нақтылай алмаймыз”, – дейді СҚО Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Данияр Исаев.
“КТК” арнасы