Баталов: “Талай адам жұмыссыз қалды. Жұртқа жағдай жасауды ойлау керек”
Алматы облысының әкімі Амандық Баталов облыс тұрғындарының атынан еріктілерге алғыс айтып, әр азаматты вирустың таралуын тоқтатуға үлес қосуға шақырды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Құрметті жетісулықтар!
Елімізде енгізілген төтенше жағдайға байланысты Талдықорған қаласының маңында 4 санитарлық пост орнатылып, сол посттарға біздің еріктілер белсене көмек көрсетуде. Ыстық тамақ, шай, басқа да бірінші кезектегі қажеттіліктерді жеткізіп, алғы шептен көрінді. Мен өз атымнан жəне барша облыс тұрғындарының атынан еріктілерге алғыс айтамын.
Біз ең алдымен осы санитарлық посттардың қойылу себебі – індеттің таралуына жол бермеу екенін ұмытпауымыз керек. Вирустың таралуын тоқтатуға əр азамат үлес қосып, қауіпсіздік шарттарын қатаң сақтап, мүмкіндігінше артық қозғалысты доғарып, үйде отырған абзал. 28 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантиндік режим күшейтіледі.
Осыған орай біз де осы қағиданы басшылыққа алып, індетті тоқтатуға атсалысайық! Өзіңіздің жəне жақындарыңыздың денсаулығы үшін үйде болыңыздар, құрметті жетісулықтар!
Бұдан бұрын өңірлік селекторлық режимде өткен кеңес барысында Баталов “Жұмыспен қамту жол картасы” бағдарламасының маңыздылығын атап өткен:
“Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 23 наурызда Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында “Жұмыспен қамтудың Жол картасын” жүзеге асыру үшін 1 трлн.теңге бөлуді тапсырды. теңге. Оның ішінде Алматы облысына 109,2 млрд.теңге бөлінді.
Бұл біздің өңір үшін өте маңызды және қажетті қаражат. Бірінші кезекте халықты жұмыспен қамту мәселесін шешу маңызды.
Өйткені коронавирусқа байланысты облыстың көптеген тұрғындары жұмыссыз қалды. Олардың отбасыларына жағдай жасап, жаңа жұмыс орындарын ашу қажет.
Бұған дейін жұмыс жасауға осындай орасан зор қаражат бөлінген жоқ. Сондықтан біз оларды бөлгенде жауапкершілікпен қарауымыз керек. Есепті кездесу, жеке қабылдаулар кезінде тұрғындар жүгінген облыстың аудандары мен қалаларына да қаражат бөлеміз.
Тұрғындардың барлық өтініштерін талдап, бөлінген қаражатқа маңызды және қажетті жобаларды жүзеге асыру қажет. Жолдарды жасау, әлеуметтік нысандарды жөндеу және т.б., – деп атап өтті А. Баталов.