Қазақстанға Украинаның жеңгені керек. Әйтпесе Беларусьтің күйін кешеміз – сарапшы
Саясаттанушы Дәурен Әбен Украинаға шабуылдаған Ресейдің әрекеті Қазақстанға қалай әсер етерін айтты деп хабарлайды Dalanews.kz.
Айта кетелік, Ақорда әлі күнге дейін Украинадағы ахуалға қатысты ресми мәлімдеме жасамады. Осынау үнсіздікті сан-саққа жорыған Кремльдің пропаганда құралдары одақтасын опасыздық жасады деп айыптауда.
Донецк мен Луганскіні мойындауға келгенде біздің елдің бейтараптық сақтайтынын айтқан Мұхтар Тілеуберді мен ҰҚШҰ әскерін Украинаға жөнелту мүмкін емесін мәлімдеген Мәулен Әшімбаевтың риторикасы Кремль идеологтарына ұнамай қалса керек.
– Ақорда әліптің артын бағып, қазіргі жағдайда Мәскеудің көңіліне келмейтін саңылау іздеуге тырысуда. Әлем ресейлік агрессияны ашық айыптап, Кремльдің сазайын беруді талап етіп отырған тұста тепе-теңдік сақтау оңай емес.
Қазақ билігінің тактикасы төңірегін барлауға, күтуге негізделіп отыр. Билік қаңтар дүрбелеңінен әлі айыққан жоқ. Түнеукүнгі оқиға Ресей алдындағы саяси -экономикалық кіріптарлықты күшейте түсті.
Кремльдің Украинаға басып кірген сұғанақ саясаты немене тынады? Қазақстан мен Ресейдің келешектегі қарым-қатынасы қалай өрбитіні осыған байланысты”, – дейді сарапшы.
…
Оның пайымдауынша, Киев Кремльге тізе бүккен болса, бұл Қазақстанға да кері әсерін тигізеді. Ақорда осы соғыста Украинаның мерейі үстем болуына мүдделі. Егер Ресей жеңсе, Қазақстан екінші Беларуське айналады. Мәскеудің айтқанына құлдық ұрып, агрессордың сөзін сөйлеуге мәжбүр болады.
“Киевке басып кірген Путиннің тауы шағылып, кері шегінсе күллі посткеңестік кеңістіктегі саяси ахуал күрт өзгереді. Ресейдің күштеуімен құрылған саяси-экономикалық блоктар көпке ұзамай күйрейді. ҰҚШҰ, Еуразиялық одақ секілді ұйымдар шетінен шытынап, ыдырай бастайды. Олардың орнына аймақтық жобаларға жан бітіп, Кремльмен тең дәрежеде сөйлесетін құрылымдар пайда болады”, – дейді сарапшы.
…
Дәурен Әбеннің айтуынша, Путиннің авантюрасы Ресейді құзға құлатып тынады. Мәскеу сырт әлемнен толық оқшауланып, сұрапыл санкцияның астында қалады. Бұл біздің елді де айналып өтпейді.
Қазақстан 2014 жылдан бері Ресейге салынған санкцияның салдарын сезініп келеді. Осы жолғы “айыппұл” бұрынғыдан жойқын, ауқымды. Осы жолғы санкция Қазақстан экономикасын күйретіп кетуі мүмкін. Екі елдің цифрландыру, атом энергетикасы бағытындағы әріптестігі кейінге шегеріледі.
“Ақорда Кремльдің дегеніне көніп, айтағына ерер болса, ертеңгі күні өзі де санкцияның астында қалады. Ресейге қол ұшын созар болсақ, АҚШ пен Батысың ашуына тиеміз.
Репутациясын кірлеткісі келмейтін ел Ресейден аулақ жүреді” деп Байден ата бекер айтқан жоқ.
Ал Қазақстан мен Украина осы күнге дейін сыйласып келеді, алыс-беріс, барыс-келіс үзілген жоқ. Бертін ғана біздің ел Еуразиялық одаққа шырмалып қалды да, арамыз суыңқырап кетті. Ақорда пен Киевтің арасына Кремль де киліге берді.
Қырымды басып алған Ресейдің әрекетін айыптаудан бас тартқан Тоқаевтың сөзі де украин халқының көңіліне тиді. Әйтсе де артынан бұл мәлімдеме мәжбүрліктен жасалғанын дәлелдеп, Украинаның тұтастығына құрметпен қарайтынымызды көрсеттік.
Қазір де Қазақстан халқының басым көпшілігі Украина қолдап отыр. Ондағы жағдайға бей-жай қарамайтын белсенділер Киевке көмек көрсетудің амалын іздеуде. Екі елдің арасындағы әріптестіктің потенциалы мол, болашағы зор. Соғыс кімнің пайдасына шешілсе де, Қазақстан украин халқына құрметін жоғалтпайды”, – дейді саясаттанушы.
Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ