«Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» байқауының Маңғыстау облысы бойынша жеңімпаздары марапатталды

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауында және  «Бес әлеуметтік бастамада» халықтың әлеуметтік мәселесі басты назарда екендігі нақты көрсетілген. Бұл — Елбасының, халқына ерекше қамқорлығы мен жанашырлығының айқын көрінісі.

 

Алғашқы болып сөз алған «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұри Тумышев осылай дей келе, билік партиясы барша азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға үлес қосуға шақырып, Отанымыздың жүрегіне, тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған бас қаламыз Астананың 20 жылдығы аясында «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалар» байқауын жариялағанын айтып өтті.

 

Ақтау шаһарында өткен салатанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Шолпан Ілмұханбетова, облыстық мәслихат хатшысы Серікбай Тұрымов, қала және аудан партия фиилиалының жетекшілері,  мемлекеттік органдар басшылары, үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, зиялы қауым қатысты.

Жалпы байқауға кемінде 1 жыл көлемінде жұмыс атқарған үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер, мүмкіндігі шектеулі жандар ұйымы, басқа да халықтың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ететін жүйеде қызмет атқаратын мекемелер қатысты.

Жүлделі орындарды иеленген қатысушылар ақшалай сертификаттармен марпатталса, жобасы ерекше деп танылған қатысушыға теледидар табысталды. Байқауға қатысқан 10 қатысушының барлығына облыс әкімі атынан алғыс хаттар мен сыйлықтар берілді.

Жобаның ережесіне сәйкес өтініштер бес бағыт бойынша қабылданды. Атап айтқанда: «Әлеуметтік проблемаларды шешуді ақпараттық сүйемелдеу», «Әлеуметтік саладағы еріктілер қозғалысының даму», «Тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету», «Азаматтарды, соның ішінде мүгедектігі бар азаматтарды  жұмыспен қамтуға ықпал ету» және «Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде көмек көрсету». Үздік жобаларды іріктеп алу үшін аудандар, қалала мен облыста арнайы комиссия құрылған болатын. Барлығы 19 үміткер өздері дайындаған жобаларын ұсынды. Шара кезінде «Үздік әлеуметтік жобалар» байқауына қатысушылар туралы бейнероликтер көрсетілді.

Іріктелген жобалардың арасында мүгедектігі бар тұлғаларды қоса алғанда, азаматтардың жұмыспен қамтылуына ықпал ететін, әлеуметтік мәселелерді шешудегі ақпараттық жылжу және әлеуметтік салада еріктілер қозғалысын дамытуға бағытталған жобалар бар. 16-30 шілде аралығында облыстық комиссия мүшелері анықтаған бірінші орынды иеленген жоба республикаға жолданады.

 

Байқаудың қорытындысына сәйкес, «Үміт сәулесі» қайырымдылық жобасы номинациясы бойынша өңірге танымал тележурналист Маржан Медиеваның «Үміт сәулесі» авторлық телебағдарламасы жеңімпаз деп танылды. «Man`g`ystay`» арнасынан көрсетілетін бұл тележоба 10 жыл ішінде көптеген үмітін үзген отбасыларға үміт сәулесін шашып, әлеуметтік мәселелерін шешуге үлес қосып келеді.

«Мейірім» әлеуметтік дүкендер жобасы бойынша екінші орын «Біз адамбыз – Біз біргеміз» қоғамдық қорының жетекшісі Иманғазы Досмухамбетовке бұйырды. Жоба халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған, осал топтағы, көп отбасылармен мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп, азық-түлік, киім-кешек, ыдыс-аяқ пен басқа да қажеттіліктерін тарату мақсатында тегін дүкен ашып, мұқтаж жандарға көмек қолын созу болып табылады.

  • Ал «Жарқын болашақ» номинациясы бойынша жүлделі үшінші орын Бейнеу ауданынан келген «Жайдарлы» үкіметтік емес ұйымының жетекшісі Набия Айлашова марапатталды. Жобаның мақсаты мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Нәтижесі де жоқ емес. Осыдан екі жыл бұрын мүмкіндігі шектеулі балғындарға арналған оңалту орталығы ашылған еді. Онда науқас балалар үй жағдайда кездесетін қиындықтарды шешуге көмектесетін орталықтан 45 бала шипа тапты.

 

Сондай-ақ, «Мүмкіндігі шектеулі балаларға және жастарға бейімделген жағажай» ерекше жоба аталымы бойынша «Луара» қоғамдық қорының жетекшісі Лаура Асырова марапатталды.

Марапатқа ие болғандардың қатарында «Ана мен бала-2011» қоғамдық бірлестігі, «Түпқараған ауданының мүмкіндігі шектеулі азаматтарымен творчестволық, психологиялық, қайырымдылық көмек ұйымдастыру» бойынша «Ізгі жүрек» қайырымдылық қоры, «Мұқтаждың мұңын бөліс» бойынша «Үммет жастары» қайырымдылық тобы, «Мүмкіндіктері шектеулі балаларды кешенді дамыту» жөнінде «Нұр-Ай» балаларды дамыту орталығы» қоғамдық қоры, мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамтуға ықпал етуге бағытталған «Кедергісіз бизнес» бойынша «Алтын жүрек – Маңғыстау» қоғамдық қоры, «Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде көмек көрсету» номинациясының мектептердегі әлеуметтік-психологиялық сауықтыру бағдарламасы аясында қолға алынған «Бірге үйренеміз» атты жоба бойынша «Еуразия Орталық Азия» қорының жетекшілері бар.

Шара кезінде партия саясаты мен игі бастамаларына қосқан белсенді үлесі үшін «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың атынан Құрмет грамотасымен «Жаңаөзен сүт зауыты» ЖШС басшысы Сәуле Жақаева және «Жастар жетістіктері» қоғамдық қорының жетекшісі Жақсыгүл Маханбетова марапатталды.

Айта кету керек, 20 қыркүйек күніне дейін партияның республикалық интернет сайтында және министрліктің интернет ресурсында ашық дауыс беру жүргізілетін болады. Шара соңында жергілікті өнерпаздар «Мұнарлы Маңғыстау», «Дәстүрлі ән», «Өз елім» және тағы басқа туындыларды орындады.

 

 

Дайындаған Кәмшат Ізбасарова

ҚР Журналистер Одағының мүшесі,

Ақтау қаласы