Қазақты қырған жендет

Қазақ табиғатынан еркін халық. Дала демократиясына бағынып, иен даласында емін-еркін тыныстап ғұмыр кешкен. Әрине, олар да пенде болғаннан кейін пендешілік жасаған. Араларында ұрыс-керіс, дау-дамай, мал ұрлау деген секілді нәрселер болмай тұрсын ба? Алайда атам қазақ әділ билеріне жүгінген. Солар саралаған, салмақтаған, қылмыс сипатына қарай кесімді шешім айтып, ағайын арасын жымдастыра жақындатып отырған. Оған бағзыдан бері айтылып, ауыздан-ауызға тарап, бүгінге жеткен мың сан мысал жетіп артылады.

Алаш тағылымын бұзған орыс саясаты

Әрине, Тәуке ханның «Жеті жарғысын» аттап өте алмаймыз. Ол біздің қағазға кестеленген Ата заңымыз деуге әбден болады. Бабаларымыз соған сүйеніп, мамыражай, ың-шыңсыз өмір сүріп, ұрпақ өрбіткен. Қандай қылмыс болсын ағайын арасынан асырмай, тентек-телілерін тезге салған. Олар да үлкендерден асып кетпеген. Аталы сөзге, ақсақалдық дәстүрге жүгінетін осы тағылымды бұзған орыстық саясат. Қазақты өздерімен тең көрмей, кем көру пиғыл-пайымы, әрине, саналы, өр намысты қазақ азаматтарының шамына тиіп, қарсылығын тудырды. Міне, осылай мінез көрсеткен кім болса да қамауға алынды, аяқ-қолдарына темір кісен салынып, «ит жеккенге» айдалды. Кеудесін таптатпайтын ер қазақты қасиетті рухынан айыру әрекеті сол кездерде осылай басталған. Патшалы Ресейдің бұл ұстанымы бірте-бірте күшейген. Шырқау шыңы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне сәйкес келеді. Ал оған дейінгі, яғни 1861 жылдан басталатын «переселендердің» қазақты жайлы қонысынан шөл-шөлейт жерлерге қуалап, қиянат, қыспақ көрсетуі кеңестік заманда айтылмай, «жабулы қазан жабулы» болып келсе, енді архив құжаттарына жол ашылған уақытта адам жанын түршіктіретін дәйек, деректердің талайы зерттеушілер тарапынан ашық айтылып та, жазылып та жатыр. Есіктен еніп, төрге озған орыстың егініне қазақтың малы түссе, атып тастаған немесе басыбайлы меншіктеп, бермей қойған. Ол да түк емес, малын сұрап келген иесінің өзін сотсыз, сұраусыз өлтірген. Нысана етіп он екіде бір гүлі ашылмаған баласын атқан. «Соғыстың қара жұмысына азаматтарымызды бермейміз!» деп тұтастай халық болып көтерілген алмағайып заманда, бала-шаға, кемпір-шал демей зеңбіректің зіркілдеген оғының астына алған. Үйлерін тонап, қайқы қылыштарымен аяғы ауыр әйелдердің қарнын жарған. Осындай қайғы-қасіреттің бәрін бастан кешкен қазақ едік, теңдікке қол жеткіздік, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын керемет өмірге жеттік деген социализм дәуірінде одан да асқынған, одан да құйтырқыланған, қазақты табиғи рухынан мүлде айырып, санын өсірмей құртатын сойқанның нешеме түріне ұлтымыз тап келді. Қызылдар қуды, ақтар қашты. Қайсысы қуып, қайсысы қашса да, қырғын мен қиянат қайран, момын қазақты айналып өтпей, халқымыз көресіні екі жақтан да көрді. Одан кейінгі тәркілеу дүрмегі, оған ілесе жүрген колхоздастыру науқаны… Малына ғана сеніп, сан ғасыр өмір сүру дәстүрін осыған бейімдеген можантопай қазақ қынадай қырылды. Зерттеуші ғалымдардың айтуынша, халқымыздың үштен бірі ақсүйек аштықтың бейкүнә құрбандарына айналды. Кім кінәлі? Қазақ халқына қарсы жасалған осы аштық нәубеті неліктен ашық айтылмады? Соған жол бергендер не себепті жазаланбады? Азалы ашаршылықтан бес-алты, немесе жүз шақты ғана адам ажал құшқан жоқ қой, екі жарым миллион адам қынадай қырылды. Бұны адамзатқа қарсы жасалған ауыр қылмыс, қазаққа әдейілеп ұйымдастырылған геноцид демеске лажымыз жоқ!.. Бұл қазақтың талайлы тағдырын талай жылдан бері шын жанашырлықпен шұқшия зерттеп жүрген ғұлама ғалым Мекемтас Мырзахметов ағамыздың алқалы жиындардың бәрінде ашылып, ашынып айтып жүрген шындығы. Патшалы Ресейдің түпкі мақсаты асты-үсті байлыққа тұнған ұлан-ғайыр қазақ жерін өмір сүріп жатқан халқын жойып, иелену болды. Соны жүзеге асыру үшін әбден тиянақтап, түйіндеген көп жылдық құпия құжат қабылдады дейді ағамыз. Сондықтан да қазақтар өз атамекен қонысында қағажу көрді, резервацияланған америкалық үндістердің кебін киді. Екінші сортты ұлтқа айналды. Қауға сақалдылар атып-асып, аналарымыздың қарнын тілгілеп, ішіндегі сәбиімен қоса өлтірсе де үндемедік, адамдарды ажал оғына нысана еткен жауыздарды жазалай алмадық. Орыс тілін білмегенімізді кеміс көрді. Өздерін артық, айрықша жаратылған ұлт санады. Осы көзқарас ұрпақтарынан ұрпақтарына ұласты. Орыс патшасының қазақ халқына қарсы бағытталған қарау ниетті жоспар-жобасы әшкереленбей, қайта тереңдеп, зымияндықпен жүзеге асырыла берді. Енді қазақты ойсыз, мисыз, көнбіс, ешбір қарсылықсыз айтқанға көніп, айдағанға жүретін сорлы халық – сормаңдай қазақ етуге білек сыбана кірісті. Солай болғандықтан да Қазақстанда ақсөңке аштықпен қосарласа қолға алынып, барған сайын ауқымдана үдеген «халық жауларын» әшкерелеу науқанын тежеусіз жүргізді.

 

 

Миллиондап  қырылу, жүз мыңдап айдалу,  он мыңдап ату жазалары

 

Ресейдің үлкен қалаларында сан салалы мамандықта жоғары білім алып, саяси тұрғыдан да әбден ширап, шыңдалған қазақтың озық ойлы азаматтары Орта Азия халықтары арасында айрықша дараланған еді. Әлихан Бөкейханов бастаған сол шоғыр кез келген тақырыпта, әсіресе ұлт мүддесіне қатысты әңгіме қозғалған сәтте пролетариаттың «ұлы көсемі» Ленинмен де, халықтар «көсемі» Сталинмен де сан түрлі пікірталасқа ашықтан-ашық баратын. Бәрін билегісі келетін, сондай әрекетін тежеусіз жүргізетін шовинист орыс билігіне қадам сайын алдынан шығып, тайталасатын ақылды, білімдар адамдар қажет емес еді. Олардан арылу үшін «буржуазияшыл-ұлтшылдар» деген жалған айыпты ойлап тапты. 1928 жылдың орта шегінен бастап Алаш қозғалысына қатысқан зиялыларымызды жаппай тұтқындай бастады. Сол жылы 44 алашордашы қамауға алынып, Ж.Аймауытов, Ә.Байділдин мен Д.Әділов ату жазасына кесіліп, үкім көп кешікпей жүзеге асырылды. Қалғандары түрме торының арғы жағына жіберілді. Бұл әуелгі дүрмек екен. 1930 жылдың қыркүйек-қазан айларында ұлт зиялыларының екінші тобы тұтқындалып, солардың он бесі Орталық Ресейге жер аударылды. Сүргін қасіреті жаппай жаңаша сипат алып, 1936-1938 жылдары Қазақстан бойынша 25833 адам партиядан шығарылып, олардың 8544-іне «халық жаулары» немесе «халық жауларының сыбайластары» деген секілді жосықсыз айыптар тағылды. Танымал қазақ зиялылары, Алаш қайраткерлері түгелге жуық саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Олардың отбасыларының ересек мүшелері ғана емес, сәбилері де жазықсыз жапа шекті, «халық жауының» ұл-қызы ретінде теперіш көрді. Википедиядан алынған бір зерттеу материал осылай деп ой өрбітсе, репрессия тақырыбына тереңдеп барып, тың зерттеу материалдар ұсынып жүрген академик, тарихшы-ғалым ағамыз Мәмбет Қойгелдиев: «Өткен ХХ ғасыр бедерінде қазақ халқы кеңестік жүйенің солақай саясатының арқасында… «репрессия», «геноцид» және «этноцидті» түгелдей дерлік басынан кешірді, – деп жазыпты. Бұған елде ұр да жық тәсілмен жүргізілген тәркілеу, ешқандай даярлықсыз және еріксіз ұжымдастыру, жартылай көшпелі қожалықтарды жаппай отырықшы тұрмысқа көшіру, сондай-ақ зорлау және күш қолдану арқылы іске асырылған астық және ет дайындау науқаны дәлел. Бұл шаралар 1931-1933 жылдардағы сұрапыл аштыққа ұласып, солардың салдарынан 2,2 миллионнан астам адам қырғынға ұшырады. Кейбір деректерде аштық құрбандарының саны бұдан әлдеқайда көп көрінеді. Оның нақты есебі әлі шығарылған жоқ. Жобалауымызша, бұдан көп болмаса аз емес. Сол жылдары 1 миллион адам атамекендерін тастап, жат жерлерге қарай босып жан сауғалады. Жолай өлім-жітімге ұшырағандары қаншама? Сондай-ақ 100 мыңнан астам адам (бір деректерде бұл сан 105 мың деп көрсетілген) саяси репрессияға тартылып, соның 25 мыңнан астамы атылған. Репрессияға тартылғандардың басым бөлігі қоғамдық өсіп-өркендеудің бағыт-бағдарын айқындайтын биліктегі және шығармашылықтағы, сондай-ақ күнделікті еңбектегі белсенді топ болғандығы мәлім. Сандық тұрғыдан аса үлкен емес халқымыз үшін бұл орасан гуманитарлық апаттың нағыз өзі-тін…»
«Халық жауларының» көпшілік бөлігінің тағдыры КСРО Жоғарғы Соты Әскери алқасының мәжілістерінде «екілік» пен «үштік» атанғандар мен НКВД-ның ерекше кеңестерінде құпия жағдайда шешілді. Көрнекті партия және мемлекет қайраткерлері Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Нығмет Нұрмақов, Ұзақбай Құлымбетов, Темірбек Жүргенов, Сұлтанбек Қожанов секілді азаматтардың өмірлері осылай қиылды. Олармен бір күн бірге сапарлас болған қарапайым кісілердің өздері «халық жауының» серігі, сыбайласы атанып шыға келді. Оларды «рысқұловшина», «қожановшина» деген сияқты топқа қосып, жазалады; сол секілді қазақстандықтар «жапонның тыңшысы», «герман тыңшылары» деген сау адамның санасына сыймайтын өтірік жала, кінә мен күйелеулердің де қисынсыз құрбанына айналды. Осылай айыпталып, сотталғандардың «өз қылмыстарын мойындаулары» ешбір дәлелдеусіз-ақ жүзеге асырылды. Тексеріп, тергеу сипаты негізінен көршілердің, қызметтестердің, тіпті таныстар мен туыстардың ойдан құрастырылған ақпараттарына сүйенді. Кеңес өкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізді деген айыптау тәсілі де жалпылама сипат алды. Сонымен қатар, қазақ азаматтарына ұлтшылдық бояуын аямай жағып, ұлтшыл ұйымдар құру арқылы республиканы Кеңестер Одағының құрамынан бөліп алуға әрекет жасады деген жөн-жосықсыз күстаналаулармен азаптау, атып-асып, жазалау, қайтып келмейтіндей қылып жер түбіне жіберу ешқандай тежеусіз жүргізілді. Ойында жаулық ниеттен қылаудай қиқым жоқ талай бейкүнә жандар «террорлық әрекеттер, диверсия, саботаждарды жүзеге асыруға дайындық жасағаны, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың қалыпты жұмысына кесір келтіретін контрреволюциялық іс-әрекеттер ұйымдастырғаны үшін» қуғын-сүргінге ұшырады.

 

Архив  қоймаларына тығылған қылмыстық  құпиялар

 

Сол секілді өзіміз википедиядан алған материалда: «Әлеуметтік тапсырыс беру» мемлекеттік қуғындау-жазалау органдарын толық қуатымен жұмыс істеуге мәжбүр етті, – деген ойлар бар. – Бұл жұмыстың көлемі ұлғайып… БК(б)П ОК-нің саяси бюросы өз бастамасымен, республикалық және жергілікті партия, кеңес органдарының НКВД өтініштерінің негізінде жекелеген аймақтардағы қуғын-сүргінге ұшырауға тиісті адамдардың шектеулі тізімін бекітті. Қызмет бабында өсуге, көрініп қалуға ұмтылушылықтың нәтижесінде республикалық және жергілікті органдар бұл тізімді көбейтуді ұсынған өтініштер білдірді».
Осы «өтініштер» аңқылдаған, ақжүрек, аңғал қазақтардың тарапынан қардай бораса керек. Әйтпесе Мәскеудегі БК(б)П Орталық комитетінен ешкім келіп, кең-байтақ даламызды оңды-солды шарлап, тізеге салып жалған ойға от беріп, арыз жаздырған жоқ. Өзбекстанда да дәл солай болды, әйткенмен іргелес республикада «халық жауы» атанып атылғандар да, Колымаға айдалғандар да, «шпиондық жасағандар» да аз, тіпті саусақпен санарлықтай ғана. Бұған орыс патшалығының қазақ жерін қазақсыз қалдыру саясатын жүргізген сталиндік сұрқия саясаттың да ықпал күші қатты әсер еткені күмәнсіз. Ресейдің ең алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарынан оқып, энциклопедиялық біліммен мықтап қаруланған аталарымыз осы қасіретті алдын ала білді, сезінді. Сезініп қана қалмастан, зұлым ойлы империя ықпалынан тезірек құтылу қажет деген күрес жолына түсті, осы мақсатпен қалың ұйқыдағы халықты оятуға кірісті. Сол мүддені мұрат еткен аталарымыздың тағдырлары тас-талқан болғанын, қуғын-сүргіннің кесірінен көбінің артында ұрпақ қалмағанын да білеміз. Олар біздің сүт бетіне шыққан қаймақ секілді ғажап тұлғаларымыз еді. Жан-жақты мамандық иелері, әр саланың ту ұстар тұлғалы тұтқасы болатын. Үлкен мемлекеттік билікті атқарғандарын былай қойып, ауыл-ауылда, ең төменгі буында қызмет тізгінін ұстағандарының өзі сөзімен де, істеген істерімен де айнала-төңірегіндегі елді үйіріп, бәріне бастамашы болып көзге түскендер екенін бір сәт сана сүзгісінен өткізіп көріңізші, нендей ауыр күй кешер екенсіз? Қуғын-сүргіннің құрбанына айналған 105000 адам ғылым, білім, мәдениет пен өнер, экономикамыздың әр саласының кереметтей қозғаушы күштері емес пе еді?! Сонда, өзіңіз-ақ айтыңыз, біз безбүйрек биліктің кесірінен кімдерді жоғалтып, қайталанбайтын тағдырлы қаншама асыл азаматтарымыздан көз жазып қалдық. Бұны бір ғана қазақ халқына емес, күллі адамзатқа қарсы жасалған ауыр қылмыс деп қарауымыз керек. Бұл ешқашан да ақтауға келмейтін қылмыс. Осы кесапатты жүзеге асырғандардың бәрі әшкереленіп, оларға еш кінәсіз адамдарға көрсеткен қылмыстарына қарай, өздері сияқты қамау, соттау, ату, табиғаты адам төзгісіз қатал аймақтарға жер аудару т.б. жаза тәсілдерді қолдану адами әрекет әрі өзгелерге, әсіресе кейінгі ұрпақтарға сабақ болары күмәнсіз шешім еді. Бірақ қуғын-сүргін қылмыстарын жартылай әшкерелеген кеңестік билік сот пен прокуратураның бар құжаттарын құпия архив қоймаларына тығып, елу жыл ешкімге аштырмайтын шешім. Елу жылда ел жаңарады, санада із қалмайды, бәрі ұмытылады десе керек. Бірақ қаншама жылдар өтсе де ұмытылмайтын, кез келген кезеңде қайта көтеріп, әшкерелейтін өте ауыр қылмыс екенін ескермеген екен: елу жыл өтті, алпыс, жетпіс, тіпті сексен жылдан да асып барады, хрущевтік билік бекіткен архивтің осы қылмыстарға қатысты құрсаулы қақпағы әлі де ашылар емес. Қайта қылмыстық материалдар қосылған үстіне қосылып, қат-қат болып қалыңдай түсуде. Кеңестік тоталитарлық жүйенің билік жүргізу саясатының темір тезінен өткен билік авторитарлық басқару әдісін әбден шыңдап, орнықтырды.

 

Желтоқсан  көтерілісі  шындығы әлі де тұншығып жатыр

 

1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі біздің осы айтқан ойымызға бұлтартпас дәлел. Пейілі өз даласындай кең, мейірімі шексіз, кісілігі кемел, қилы замандарда қиналып келген қандай халыққа да жүрегін айқара ашып, жақсылық жасаған қасиетті қазаққа КПСС Орталық Комитетінің ұлтшылдық туралы Қаулысы шықты. Ұлтымызды қорлап, сау адамның санасына сыймайтын «махровый национализм» деген ауыр айыпты жапсырды. Сол уақытта Горбачевтің жариялылық, демократия дейтін демогогиялық ұрандарына талғаусыз иланып, от алаңда ұсталған қазақ жастарын апарып қамайтын орын қалмады. Қазақстанды қазақ басшы билесін деген ойлары үшін ғана қызметтен қуылып, оқудан шығарылып, партия, комсомолдан аластатылып, адами құқығы аяусыз тапталған, жазықсыз жазаланғандардың нақты саны қанша екенін қазірге дейін ешкім де дәл айта алмайды. Бар сүйенеріміз, Мұхтар Шаханов ағамыз жанкештілікке барып, ерлікке бергісіз тайсалмас табандылықпен құрғызған Алматы қаласында 1986 жылғы желтоқсанның 17-18-інде болған оқиғаларға байланысты жағдайларға түпкілікті баға беру жөніндегі Комиссия деректері. Біздіңше, бұл бергі жағы ғана. Өз қызметін, бала-шаға, басқаларының жағдайын қаперде ұстап, тұншығып, іштен тынып жүргендер қаншама! Арада отыз үш жыл уақыт өтсе де, бастағы қасіретін әлі де ашылып айтатын кезіміз келген жоқ дейді. Өйткені билік мызғымай тұр. Сондықтан да Желтоқсан көтерілісі – жабық тақырып. Толық ашылып, мемлекеттік тұрғыда саяси бағасы берілмеуінің себеп-сыры түсінікті десек те, көпе-көрнеу қиянат көрген, ар-намысына нұқсан келген халық ретінде үнсіз қалуға, түк болмағандай әрекетсіз жүруге қақымыз бар ма өзі?! Қасірет қайталанбауы, бұл биліктің дағдылы әдетіне айналмауы үшін айтуымыз, жазуымыз керек қой! Жазықсыз жазалағандардың да, жазаланғандардың да аты-жөндері, ұрпақ зердесінде сақталып, мәңгілік сабақ болуы үшін қажет деп, көтерілістен кейін себепсіз сотталған 100 желтоқсаншы қыз-жігіттерді ойға алайықшы.
Қараңыздаршы, артық-кемсіз сол 100 адамның арасынан ең ауыр жаза алғандар: Қайрат Рысқұлбеков пен Мырзағұл Әбдіғұлов атылуға, Түгелбай Тәшенов пен Жамбыл Тайжұмаев – 15 жылға, Қайыргелді Күзембаев 14 жылға сотталды. Кейін өлім жазасына кесілген Қайрат ақталып қана қоймай, еліміздегі ең жоғарғы «Халық Қаһарманы» атағына алғашқылардың қатарында ие болды. Алған жазаларында қылмыстық іс жоқтығына байланысты ақталмаған бірде-бірі қалмады. Дұрыс қой, дәл солай болу керек еді, болды!
Енді осыған орай адами пайым безбеніне салсақ, оларды нақақтан-нақақ жазалап, тағдырларын талқандайтын сот шешімін шығарған соттар да, оларды айыптап, ауыр жазалар сұраған прокурорлар да, сот шешімін құптаған халық заседательдері де, сонымен бірге тергеушілер де қоғам болып айыптайтын үлкен әңгіменің арқауына айналуы керек еді. Өйткені олар ақты қаралаған қылмыскерлер емес пе?! Ақиқаты солай ғой! Енді солардың өзі сұрақ-жауапқа алынып, қыз-жігіттерді не үшін, қандай қылмыстары үшін соттағандарына жауап беруі тиіс еді. Алайда ол жағы тіпті ескерілмей, елеусіз қалды. Әйтеуір әлгі соттағыштардың арасынан ырымға біреуі шығыпты. Ол – Республика прокуроры, Мәжіліс төрағасы болған Жармахан Тұяқбай. Жәкең азамат екен! ҚазМУ-дың физика факультетінің бірінші курс студенті Құрманғазы Әбденұлы Рахметовты 7 жылға соттауға шешім шығарған ағаттық ісі үшін, ақталып шыққан соң жолығып, кешірім сұрапты. Ал қалғандары үн-түнсіз. Бәлкім, біразы бақилық болған шығар. Бәрібір ешқайсысын ескерусіз, жауапсыз, жазасыз қалдырмауымыз керек. Әрине, тірілерін өздеріне ұқсап түрме торына тоғыта алмаспыз. Бірақ сондай сойқан іс-әрекеттері үшін баласы, баласының бала-шағасы атын айтуға арналып, намыстанатындай шара жасауға әбден болатын еді.
– Польшада да кеңестік саясаттың салдарынан осындай қуғын-сүргін, негізсіз жазалау орын алған. Солар жазықсыз құрбан болғандардың аты-жөндерін түгендеп, оларды соттап, жазалағандардың да ешқайсысын қалдырмай кітап шығарғанын әлеуметтік желіден оқыдым, – дейді ақын, желтоқсан зерттеуші журналист Болат Шарахымбай. – Онда Қазақстанда қудалау көріп, нақақтан көз жұмған поляктар жөнінде де қамтылған. Бірақ бұл деректер толық емес деп жазыпты.
Ендеше бізге де неге осы үлгіні нұсқа етпес-ке? Солай жасасақ, Қазақстанды бөліп алу үшін ұлтшыл топ құрмаған Алаш арыстары да жапонның да, германның да шпионы болмаған. Жалған өтірік-жаламен «халық жауы» атанған аталарымыз бен апаларымыздың аты-жөндерін ұлықтар едік те, солардың істемеген істерін ойдан шығарып, қолдан қылмыскер қылып өлім жазасына кескен, жаппай соттап, жер айдатқан тергеуші, сот, прокурорлардың кім екендіктерін ұл-қыз, ұландарының назарына ұсынар едік. Неге десеңіз, бәрін жаппай жазалы еткен, Алланың бір-ақ рет берілетін еркін өмір сүру құқығынан айырған нағыз «халық жаулары», қылмыскерлер солар ғой! Ал қылмыскер қай жүйеде де жасаған қылмыс дәрежесіне қарай әшкереленіп, жазаланса, сол – әділдік! Бұл заңдылық жазалау органы адамдарын да айналып өтпеуге тиіс. Солай етсек, бүгінгідей өздерінің Ата заңдағы құқығы тапталып, 5-10 күнге қамалып, сотталып жатқан оқиғалар өз-өзінен тежелер еді. Қазағын, халқын, елін, жерін қаншалықты сүйсе, соншалықты жазалы болған Арон Атабек, Мұхтар Жәкішев, Макс Бақаев, Алмат Жұмағұлов және біреу білсе, біреу білмейтін, тура 55 жасында 15 жылға сотталып, 70-ке келіп кейуана болғанда бір-ақ шығатын Роза Бұқарбаева сияқты Желтоқсан қаһарманы абақтының арғы жағында азап шегіп отырмас еді…

Сот тәуелсіз  болу керек!

 

Иә, аяулы оқырман, ананы да, мынаны да қозғап келгендегі айтар түйінді ойымыз: сотқа тәуелсіздік керек! Билікке бағынбай, заңға ғана сүйенетін, шын мәніндегі тәуелсіздігі болмай – тергеушілер де, сот, прокурорлар да биліктің бишігін үйіру қызметін әрмен қарай жалғастыра береді. Қазақ жерінің тұтастығы мен қасиетті тіліміздің мәртебесі үшін деп, адамша еңбек етіп, өмір сүру еркіміз сақталсын деп, мемлекеттің дүние-байлығын тонау тоқтатылсын деп үн шығарғандардың бәрі қамалады, қудаланады, қасірет шегеді. Кешегі кеңестік биліктің билік жүргізу әдісінен арылмай, одан да күшейтіп жіберген авторитарлық басқару жүйесі міз бақпай тұрғанда қуғын-сүргін тіпті тоқтамай, сүргін – сүргінге ұласады. Қызылағаштағыдай қылмыскер қытайларды қорғаштап, ұлтын сүйетін намысшыл қазақтарды соттап азаптайды… Жаңаөзен қырғыны секілді қасірет қайталана береді. Бұны Айтбайұлының айта салған сөзі деп әсте ойламаңыз, бүгінгі жүйе өстіп тұра берсе, дәл осылай жалғаса беретін айдай ақиқат – осы!

PS: Автордың жазып отырған шындығы бұрын сан мәрте айтылған. Бірақ бір орындалмай келе жатқан зор шындық. Қазақ деген халықты жасанды, қолдан жасалған «қанды» әрекеттермен шыбындай қырған, қорлаған, зорлаған жендет КСРО-ның қылмысы айтылғанмен, оның мұрагері Ресей мемлекеті өтемақысын әлі төлеген жоқ. Батыс жағалауындағы елдер, Украина талап етіп, Адамзат қоғамы алдында олардың қылмысын әшкере етті. Біз үндемей отырмыз! Біз момындық, бейшаралық танытып отырмыз. Мұрагерлер ештеңе төлемесе де ол жан түршігерлік қылмысты бүкіл әлем және әлемдік ұйымдар білуі тиіс. Біз осы оймен халық атынан Президентке ұсынып отырмыз.

Талғат АЙТБАЙҰЛЫ,
публицист-жазушы