ҚАЗАҚТЫҢ САЛТЫНА ТИІСЕ БЕРМЕҢІЗДЕРШІ..

 

Қазақты қазақ қылып тұрған не? Тілі. Жері. Салт- дәстүрі.
Тілінің жайы белгілі.
Жерін жанын салып қорғап келеді. Ал кез келген ұлттың басқа ұлттан айырмашылығын көрсететін белгісі, ұлт екенінің нышанының бірі салт- дәстүрі дал- дал болып, көкбарға түскен лаққа айналды. Салттан айыру, ұлтсыздандыру, кеңес үкіметі тұсында басталды. Өлім- жітімде жаназа шығаруға, құран түсіруге қарсы болды. Қазақ салтымен құда түсу, қыз ұзату, келін түсіру, сүндет той, ұлттық киім кію, сыңсу, өлім болса жыласу, дауыс салып жоқтау, үштігін, жетісін, қырқын, асын беру кезіндегі қазақтың ұлттық салттарының біразы жойылды, біразы орыстанып өзгерді. (Құдалыққа бір жәшік арақ апару сияқты). Енді біразын тек кітаптан ғана білеміз. 70 жыл бодандықтан кейін қазақ өз салтын танымай қалған. Тәуелсіздік жылдарынан кейін соңғы 30 жыл ішінде сол дәстүрін енді енді тірілте бастаған. Әуелі кейбір діннен адасушылар өлгенде жыламаңдар деді. Жақыны өліп жатқанда қатігез ғана жыламайды. Яғни жылама, ас берме, жетісін қырқын берме деу арқылы қазақтың жүрегін мейірімнен айырып жатқандаймыз. Иә, шығын шығады. Бірақ сол дүниені кім о дүниеге алып кетеді? Дүниені қазақ той мен өлімде жұмсайды. Екеуі де қазаққа мейірім сыйлайды. Бір үйдің адамы өлсе, бүкіл ауыл болып жоқтайды. Салты бойынша жетісін қырқын жылын бергенде қайғысына бүкіл ауыл, ел қазақ болып ортақтасады. Үш- төрт адам көтеріп апарып жерге тыға салып, ұмытып кете алмайды. Қазақ ондай мейірімсіз ұл емес. Өлісін тірісінен де көбірек құрметтейді. Аруағын силайды. Бәрін кешіреді. Оның бұл салтына да қол салдыңдар. Енді тойына тиісіп жатырмыз. Иә, қазір індет кезі. Той жасалмасын. Бірақ тойды мүлде тоқтату керек деген салт дәстүрге, тіптен әр адамның шешім қабылдау жеке құқығына шабуыл. Тым дарақыланбасын. Тойды өткізетін тамадаларды этикаға үйретейік. Тіпті арақ қоюға тыйым салайық. Бірақ түгел той жасауға тыйым салу қазақтың салтына қиянат. Той деген қазақ пен қазақты буыр, туыс, дос ететін, бауырмал, ынтымақшыл ететін, бір бірін құрметтететін, мейірім сыйлайтын салт.
Той жасау арқылы үйленген жастарды елге қосады. Жаңа отау құрылды сүйеу болыңдар, баталарыңды беріңдер деп. Сүндет тойы — балам мұсылман болды, иманды азамат болды дегені. Сондықтан, ұлтты ұйыстырудың ең үлкен дәстүріне айналған қазақтың тойын тыю арқылы дёстүрінен де алшақтайтынымызды ұмытпайық.
Елде тойхана көп екен дейміз. Біздің ұлттың ниеті сондай. Қуанышы көп. Көрші елдің бірінде түрме көп екен. Айырмасы сол. Оның үстіне зауыт фабриканы үйіп салып тастамағанына кім кінәлі. Той кінәлі ме?
Қазірше зауыт фабрикалар емес, сол тойханалар жүздеген адамға жұмыс беріп, бюджетке салық түсіріп жатыр. Тоқтатып тастап не ұтамыз?
Одан да тойды ежелгідей ұлттық салтқа лайық жасау, үнемді болу, дарақыланбау, мақтан қумау жағына қарай ыңғайлайық, қадағалайық. Ең бастысы қазақтың салт дәстүрі барда, қазақ барын ұмытпайық.
Әділбек Қаба