ҚАЗАҚТЫҢ «ЖАУЫ» – АЙГҮЛДЕР Қалай оларды қазақтың досы етеміз?..

Дж. Неру: «Өз халқының ең жаман жауы — бұл отаршылар тәрбиелеген ұлттық интеллигенция»

«Жау», әдеттегідей күтпеген жақтан тиді. Посттарын ФБ-да оқып, сырттай сүйсініп жүретін (болса да өзін танымаймын ғой) Айгүл Асылбекова-Нөкербаева мынадай әңгіме айтады деп ойлаппын ба (сәл ықшамдадым): «…Жақында бір кісінің постын оқыдым. Сол кісі — орысша оқыған балада иман болмайды-деп жазған-ды. Сөз таластырмадым. Бәрібір бекер әуре боламын. Түсіндірейін — мен неге немеремді (бүгін ол судент, 18 жаста – Ө.А) орысша оқыттым? Біріншіден — немерем 1 -ші класқа барарында қазақ мектептерін аралап көрдім. Екіншіден — қазақша оқулықтарды қарап шықтым. Үшіншіден — қазақ мектептерінің мұғалімдерімен сөйлестім… Көңілім толмады. Ойымнан шықпады. Әсіресе сапасыз, мағынасыз, қатеге толы оқулықтарды оқи бастағаннан-ақ немеремді орысша оқытамын деп шешім қабылдадым. Себебі — орыс мектептері аз да болса советтік оқу жүйесін сақтап қалыпты. Және «асыра сілтеуден» таза екен. Яғни өтірік озықтар, жылтыр жаңашылдар орыс мектептеріне эксперимент жасай алмапты. Ал ең бастысы — қазақ мектебінің мұғалімдері…олардың күйгелек мінездері мен біртүрлі көңілдері маған ұнамады. Оның себебін айт десеңіздер — кейінірек талдап жазамын…»
Айеке, себебін жазбай-ақ қойыңыз, өйткені менің өзім он себеп айтып бере аламын… Алдымен, сізді неге «жау» атағанымнан бұрын, неге бұлай болғанының объективті және субъективті себептеріне қысқаша тоқталайын.
Біріншіден, кеңес заманында «все лучшее – детям» деген ұран Қазақстанға қатысты «все лучшее – детям русских школ» деген, жазылмаған заң бейнесінде іске асты.
Екіншіден, Айеке, қазақ мектебінің, орыс мектебі секілді, жақсы жағы да, жаман жағы да бар. Соған қарамастан сол кеңес заманында да, орыс мектебімен теңдесе алмағанына қарамастан қазақ мектебі, бірінші кезекте ауыл мектебі, орыс мектебінен артық болатын. Артық болғанына бір ғана дәлел келтірейін: қазақтан шыққан академиктердің (1991-ден кейінгі көп «ксерокопия- академикті» есепке алмаймыз) бәрі ауылдан шыққан! Оны айтасыз, қаладағы қазақтан шыққан бір де бір өнеркәсіп, білім, өнер, әдебиеттің ірі қайраткері жоқ! (Олжас не в счет, потому что он исключение, подтверждающее правило!). Кәзірдің өзінде де халықаралық олимпиалардан жеңіп келіп жүргендердің көбі – қазақ мектебінің оқушылары.
Үшіншіден, Тәуелсіздік заманында кеңес кезеңіне жылап көрісетін жағдайға жеттік – 1989-2019 жылдардағы билікке қазақ мектебі ғана емес, 2005 жылы марқұм Герольд Бельгер ағамыз айтқандай «қазақтың өзі керек болған» жоқ. Керек еткен, оның қамын жеген билік, 1989-91 жылдардағы қазақ тілін үйренуге деген ұмтылысты тоқтатпас еді, қайта, одан әрі күшейтіп, бүкіл дамыған елдердің үлгісіне сай, «бір ел – бір тіл» деген саясатты баяғыда жүзеге асырып, білімді тек қазақша беретін етіп қояр еді. Оның орнына «реформадан» көз ашпадық, қазақтың басы бірігіп кетпесін деген оймен (сондай күдігім бар) ең ақыры әлемнің еш елінде жоқ балабақша, мектепке «үштілділікті» енгізе бастадық. (Кейінгі жылы, Құдайға шүкір, іс оңға қарай бет түзеген сыңайлы). Соның салдарынан, Астанада аялдамада тұрғандар (ал, бұл — нағыз орта тап, байлар автобусқа мінбейді) 100 пайызға жуық қазақ, бірақ қазақша сөйлейтінін көрмейсің. (Оған менің былтыр 7 ай Астанада жүргенде, көп қабатты үйде тұрғанымда көзім жетті).
Неге олар қазақша сөйлемейді? Өйткені, олардың иә әке-шешесі бала-шағасына, иә ата-әжесі немерелеріне қазақша сөйлемейді. «Мен үйде қазақша сөйлеймін» дейтін шығарсыз. Бәрібір, сіз немереңізді орыс мектебіне беріп, қазаққа жау екеніңізді көрсеттіңіз.
Неге?
Біріншіден, сіз оның санасына қазақ деген болмағыр, артта қалған ұлт деген «өзін қорсыну» комплексін (комплекс неполноценности) есін білмейтін кезден сіңіріп тастадыңыз. Өйткені, ондай ой санада емес түпсанада (подсознание), адамның еркінен тыс қалыптасып қалады. (Одан құтылу немереңізге өте қиын болады, басымнан өткен, білемін). Сөйтіп, «біз қор халық емеспіз, зор қалықпыз! Зор халық болғанбыз! Соған ертерек қайта оралуымыз керек!» деген қанша адамның еңбегін бір өзіңіз жоққа шығардыңыз!
Одан бөлек, сіз өзіңіздің де немереңізге халқыңыз жайлы айтқан, айтып келе жатқан (солай шығар-ақ деп ойлаймын) жақсы сипаттама сөзіңіздің бәрін осы әрекетіңіз арқылы күйсінге жібердіңіз. Себебі, сіз сөзі — басқа, ісі – басқа екіжүзді адамның тірлігін істедіңіз. Бұндай жағдайда сіздің тәрбиеңіздің оң нәтиже беруі мүмкін емес! Сіз ары барғанда жартыкеш нәтижеге – «қазақша сөйлейдіге» — мәз болып жүрсіз.
Екіншіден, сіз немереңіздің рухын сындырдыңыз! Ал, рух күші дене күшінен ондаған, жүздеген есе артық. Рухы биік Махамбет майданға екі қолына екі қылыш ұстап кіреді екен. Рухы күшті болған кезде, найзаның заманында, бабаларымыз қытайларға 7 мың шақырымдық қорған салдыртқан. Саны қытайлардан 100 есе аз болса да! Біз бүгін де 100 есе азбыз, бірақ, көбіміз қытай десе т..п қоя жаздаймыз. «Калашниковтың» заманында. «Қытай экспансиясына қарсы күресуіміз керек, оларды қуып шықпай болмайды, сауда шекарадан аспауы тиіс» десем, талай адам «е, қойыңызшы, түбінде жер бетін қытай алады екен ғой» дейді. Сіз сияқтылардың «арқасында»… Оларды да ата-анасы «сен – қазақсың, сен – кереметсің, кеудеңді – кер, басыңды – көтер» деп тәрбиелемеген. Керісінше, «қазақ мектебінде білім жоқ, мұғалімдері де оңбаған, ойлайтындары ақша» деген.
Ал, қазақ мектебін бітірген, әлемді мойындатқан математик, сөйте тұра «менің барлық ғылыми атағым – қазақтығымнан садақа!» дейтін Мұхтарбай Өтелбаев ағамыз 2007 жылы сұхбаттасқанымда «…елімізде робот шығаруды жедел қолға алу қажет» деп еді. (Құлақ асқан билік болған жоқ…) 2017 жылы сұхбаттасқанымда «өзіңізді ең қатты толғандырып жүрген қандай мәселе?» деген сұрағыма: «Қытайды соғыссақ қалай жеңеміз?» деген мәселе» деді. Жолын да айтты. «Тек қаржы мен ұйымдастыру ғана керек» деді.
Бүгінгі заманда да өзінен 100 есе көп орысты шешендер жеңіп шыққан жоқ па? Сол кешегі шешен-орыс соғысының тұсында «әр ұлым – жауға атылар бомба!» деген шешен әйелдері бала тууды күрт көбейткен. Шешеннің ең жаманы өзіне ешкімді тең көрмейді. Санасында өзін қор, өзгені зор тұтудың ұрығы да жоқтығының арқасында! Олардың бүгінгі жағдайын ешқандай жеңіліс деуге келмейді, тек олар 19-ғасырдағы Шәміл секілді, «халқымның тұқымын тұздай құртып жіберуден аман алып қалайын» дегн оймен ғана уақытша шегініс жасап отыр, қай күні сәтті сағат туады, сол күні олар атойлап шыға келеді!
Айеке, мүмкін, сіз «немерем мектепте тек білім алды ғой, мына айтып отырғаныңыздың оған қандай қатысы бар?» дерсіз. Жоқ, мектеп, тек білім бермейді, ол ең алдымен тәрбие береді. Тәрбиені де арнайы берейін деп бермеуі мүмкін, бірақ, адам баласына, қай жаста болса да, ең терең тәрбие беретін фактор – ол орта! Әсіресе, бала кезде. Дана қазақ сол себепті «қызым – үйде, қылығы – түзде» деген. Бәріміз де бала болдық. Мектепті еске түсіріңіз. Оның тәрбиесі із-түссіз кетпейді! «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» — мектептегі ортаның да жақсы жағы да, жаман жағы да жұғады балаға. Жаман жағы алдымен. Себебі, біз қазақпыз, өте алғыр, көргенімізді қағып алатын, және соның бәрін сиясорғыш секілді талғамай сіңіріп алудан теңдесі жоқ халықпыз.

Тектілер, жігерсіздер және дұшпандар

«Білім беріп тәрбие бермеу – қарақшыға қанжар ұстатқанмен бірдей» деген Әл-Фараби. Менің орыс мектебін бітірген қанша досым, жолдасым, танысым, ағайыным бар. Бармағын шайнап жүрген… Осы жасқа келгенде мен оларды шартты түрде үш топқа бөліп қарайтын болдым. Олардың жартысы – өзінің, Мұхтарбай ағамыз айтқан, қазақтығына қайтып оралғандар. «Оңай болған жоқ, қиын болды, әке-шешеміз заманына қарай қимылдаған шығар, кінәлағаннан не шығады» дейді. Мен оларды «тектілер» деймін.
Ширегі – қайтып оралғысы келетін, бірақ санасындағы арпалыста жеңіп, бір жағына шыға алмай, жігері жетпей, «шөре-шөре» күйде, «иә ол емес, бұл емес, менің де күнім күн емес» болып өмір сүріп жүрген байғұстар. Оларға жаным ашиды, себебі, олар ата-анасының тайыз санасының құрбаны болғандар.
Екінші ширегі – қайтқысы келмейтін, өзі таза қазақы білім алып, докторлық қорғаған, профессор, гендиректор, т.с.с. лауазым-дәрежеге жеткен, бірақ берісі орыстың біліміне, Айеке, сіз айтқандай «тазалығына», т.б. жағына бас ұратын, ұл-қыздарын орысша оқытқандар, арысы қазақ атаулыдан жеріген, қазақ болуға намыстанатын, оны өзіне ар көретіндер. Міне, Дж.Неруше айтқандай, қазақтың қас жаулары – осылар. Орыстар қит етсе бізге, ұлтшылдарға, «билікте отырғанның бәрі қазақ, демек, елдің жағдайының осындай күйгеніне түскені қазақтар, сендер кінәлісіңдер» дейді. «Олар — қазақ емес» десең түсіне алмайды. Өйткені, немісті, французды пір тұтқан дәуірден олар баяғыда өтіп кетті, кәзір олардың санасы «өзін қор тұту комплексінен» арылған. Көшеде құлап жатқан алкашының өзі сондай. Мен бұрын да талай рет жаздым, тағы бір рет қайталаймын – Қазақстанды қазақ ұлттық мемлекеті еткізбей отырғандар – солар. Не үшін? Өздерінің үйреншікті өмірінен, үйреншікті орыс тілінен айрылып қалмас үшін ғана. Сол үшін қазақтың болашағын құрбандыққа шалып отыр. Сонау Талапкер Иманбаевтан бастап Мұхтар Әбләзовке шейін шетелге қашып кеткен, немесе қашайын деп дайындалып жүрген жемқор-миллионер-миллиардерлердің бәрі дерлік қазақ тіліне жаны қастар. «Болашақта» оқып жүріп, «қазақ тілі жалғыз мемлекеттік тіл болса, елге қайтпаймыз» дейтіндер, «ұлты – қазақ» деп көрсетпейтін болайық» деп үндеу жазатындар да солар.
Үшіншіден, ең өкініштісі де – осы, Айеке, сіз, немереңіздің санасына қиындыққа қарсы күреспегеннен, «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүріп өмір сүргеннен жақсы нәрсе жоқ деген улы жемістің дәнін сеуіп кеттіңіз. «А, қазақ мемлекетінде қазақ ұлты шын мәнінде мемлекетті құрушы, өзгелердің бәрін айналасына ұйыстырушы, топтастырушы ұлт болуы үшін қазақ тілі жалғыз мемлекет тіл болуы керек дей ме жұрт? Десе дей берсін! Олардың бос сөзін қайтесің, қазақ мектебін жолға қоя алмай жүріп, ұлттық мемлекет құрғысы келетіндерін… Ал, сен жақсы білім алуға тиіссің, енді ағылшын тілін толық игер, КБТУ-да оқып жатсың ғой, білімің дипломыңа сай болсын. Ертең шетелге барып жұмыс істейтін боласың!» деп жатырсыз. Дәл осылай айтпасаңыз да ісіңіз соны көрсетіп тұр…
Жақсы, немереңіздің керемет білім алып шығуына мен де жан-тәніммен тілектеспін. Тек ертең ол сол білімін кімнің мүддесіне жұмсайтын болады – ұлттың ба, өзінің бе? Егер шетелге ақша қуып кетсе, онда оның орыстан, басқадан айырмашылығы не? «Жоқ, жас кезінде тұрмысын түзеп алсын, оған дейін елдегі жағдай да жақсарар, сол кезде келеді ғой, қазақ қой, қайда кетеді» дейсіз бе? Интернетте дәл осылай уәж айтатындар толып жүр. Демек, «өз елімізді өзіміз жұрт қатарлы өркениетті ел етейік, қатарымыздан қалмайық, тіпті алдыңғы қатарға шығуға шамамыз келеді» дейтіндер аңғал-ақымақтар-дағы, «дайын асқа тік қасық» болғысы келетін Айдаболдар ақылды ғой, солай ма?
«Жоқ, менің немерем тек елде жұмыс істейтін болады, бар күш-жігерін соған жұмсайтын болады» дейсіз бе? Ләйім, солай болсын! Бірақ, солай болған күннің өзінде де оның ұлтқа қызмет ету КПД-сы (коэффициент полезного действия) тым жоғары болмайды. Неге? Өйткені, ол табиғаттың заңы. Мен сондай өзімнің қатарластарымды, өзімнен кіші замандастырымды көріп келемін. Олар ұлтына қызмет еткенде міндетінің шеңберінде ғана жұмыс істейді. Одан арыға барайын десе, түпсанасында жоқ болғаннан кейін болмысы жібермейді. Жанында, қанында бар нәрсенің сыртқа шығуына мүмкіндік
бермейді.

 

Міндетті орындау бар, Ұлттық мүддені ұмытпау бар.

Мысал ретінде, Ж.Тәшенов пен Д.Қонаевты алайық. Қазақтың жері талауға түсе бастағанда Жұмекең ойланған жоқ, Хрущевқа атылып қарсы шықты. Оны Димекеңнің өзі де мойындады: «Неткен жолбарыс жүректі жан едіңіз!» деді. Ал, өзі сондай бола алмады – Тәшеновті кеудесін Хрущевтің оғына төсеп, қорғамады. Бірақ, онысымен Хрущевтің құрығынан құтылған жоқ – мансабынан айрылды. Ең өкініштісі, 2 жылдан соң билікке қайтып оралғаннан кейін де «Жұмекеңе обал болды-ау» деген жоқ. Оны айтасыз, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумыныңң Төрағасы болып істеген, Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің Төрағасы болып тұрған жерінен 45 жасында Шымкентке облатком төрағасының қатардағы орынбасарының бірі етіп жіберген жерінен 60 жасқа толғанша тапжылмай істеткен Жұмекеңді жасы толған күні зейнетке шығарып жіберді. (А.Асқаровқа рахмет, обком болып келгенде, номенклатураға кірмейтін жұмысқа – Қаракүл институтының директорының орынбасарлығына қойды). Тағы да сол Димекең 1971 жылы 1962 жылы Өзбекстанға Хрущев беріп жіберген жердің төрттен бірі ғана қайтқанын көріп тұрып, соған көнді, алған жерді түгел неге қайтарасың дей алмады. Брежневпен арасы жақсы екенін, Саяси бюроның мүшесі екенін пайдаланбады. «Әділеттілік салтанат құруы тиіс, бұл айтқаным өтпесе қызметтен кетемін» деген жоқ. Рас, кейін, өмірінің соңына таман «менен де көп қате кетті» деді, бірақ, одан не пайда…
Айеке! Біздің еліміз менің пайымдауымда мемлекет ретінде «быть или не быть?» деген сұрақтың алдында тұр. Жаһандану деген тарихта болған емес. Ресей Украинаның Қырымын, екі облысын өзіне заңсыз қосып алды. 2010 жылы ««Комсомолкада» «Война за Украину: и проиграть нельзя, и выиграть невозможно» деген тақырыпта мақала шыққан болатын, «война» сөзі тырнақшаға алынбаған еді… Ресей әзірге жеңіп отыр. Украина жерінің тұтастығына кепілдік беріп, 1994 жылы Будапешт меморандума қол қойған (Украина, Ресей, АҚШ пен Ұлыбртания) әлемнің екі алпауыт елі Ресейге «басып алған жеріңнен қайт, әйтпесе тұрысатын жеріңді айт!» деді ме? Жоқ. Путин Кеңес Одағын қалпына келтіру жайлы әңгіме айтты кеше… Қытай мысықтабандап экономикалық экспансиясын жалғастыруда. Соңғы кезде елшісінің даусы қатты шығып, Қытайда қазақ жеріне көз алартып, біздің «тамырымызды басып көріп» жатқан мақалалар беріле бастады… Өзбекстанның бұрынғы президенті «біз Әмір-Темір бабамыз аттың тұяғымен жаулап алған жерді ақылмен жаулап алуымыз керек» деген болатын… Қырғызстанға біраз жерді беріп те қойдық…
Мен қалай ауруымнан жазылдым?
Міне, осындай кезде бізге әрбір ұлтшыл ауадай қажет емес пе? Санасында комплекс бар бала сондай бола ала ма? 1970 жылы мектеп бітіргенде мен де орыстың «1917 жылға дейін қазақтың 2 пайызы ғана сауатты болған» деген ресми сөзіне имандай сенген, «орыстың мектебінің білімі қандай күшті, оның тамағы қандай керемет, киімі қандай әсем, біз шынында артта қалған ұлт екенбіз» деп ойлайтын, кеңес дәуірінің сансыз көп жемісінің бірі едім. Кейін мүлдем басқаша екеніне көзім жетті. Мені космополит болудан аман алып қалған бала күнімде ауылдағы ата-әжелеріме сағаттап оқыған «Батырлар жыры», қазақтың ертегі-аңыздары, Ә.Марғұлан атамыздың кітаптары, талдау жасауға бейімдігім болды.
Мен ол аурудан институтта жүргенде сауықсам, марқұм досым Кеңесбай деген керемет жігіт кейін арыла бастады. Екеуміздің ойымыз негізінен үндес-ті, тек ұлттық мәселеде қырықпышақ болып қалатынбыз. «Өмеке, не дей бересің, мен де қазаққа қызмет етіп жүрмін ғой?» дейтін. «Дұрыс! Енді бәріне ұлттық тұрғыдан қарайтын болсаң, КПД-ың 2 есе, 3 есе өседі. Қашан толық ұлтшыл болғаныңша дей беремін» дейтінмін. Мысалы, мен Сыздық Кенесарыұлына ең алдымен ұлттық батыр ретінде қарасам, досымды ол тағдыры керемет адам ретінде қызықтыратын. Тіпті, ол жайында киносценарий де жазды… Бірақ, біздің айтысымыз достығымызға қылаудай әсер етпейтін. Бір-бірімізді қостап, көтермелеп жүретінбіз. «Оңтүстікте» істейтін мені «Южанкаға» жұмысқа шақырды. «Қып-қызыл ұлтшыл мені қайтесің?» дедім. «Ничего, мы с тобой общий язык находим же? То же самое будет с остальными» деді…
Айеке, дос болайық…
Мен бұның бәрін сізге неге айтып отырмын? Сізді қазаққа әйкәпір етіп көрсету үшін емес, әрине. Әңгіме жалғыз сізде тұрған жоқ. Біз кейінгі кезде саясаттан өзгеріс сезініп, қанағатшыл қазақ ретінде соған қуана бастаған жайымыз бар. Ол үшін бізге шындап келгенде бір-ақ нәрсе керек (қалғанының бәрін Құдай бізге беріп қойған): «Бір ұлт – бір тіл, бір діл, бір дін!» болатын ауызбіршілік. 6 миллион еврей 380 млн,араб, 80 млн.парсы жұртының ортасында Ұлттық мемлекет құрып, 2018 жылы жаңа Конституция қабылдап, онда «Израиль — еврейдің ұлттық мемлекеті» деп жазып, қызыл құм мен тасты жерден қанша табыс тауып отыр. Бірауыздылық оларды техника мен технологияда әлемнің алдына шығарды. Біз де солардай бола аламыз. Тек бәріне, тағы да «қазағым!» деп өткен Герольд ағамыздың сөзімен айтсақ: «Біз бәріне қазақтың тұрғысынан қарауымыз керек – осы қазаққа керек пе, жоқ па, пайдалы ма, зиян ба?» Ал, ол үшін асқақ Рух керек. Бізді біріктіретін сол. Соған жету жолында жұмыс істейік. Кемшілігімізді түзеуге тырысайық. Өмірде пайда болған проблеманы жеңуге, күресуге тырысудың орнына оның ең оңай жолы көріп, қит етсе ажырасуға ұмтылатын бүгінгі жастарға ұқсамайық…

Құрметпен, замандасыңыз Өмірзақ.

 

Өмірзақ Ақжігіттің

фейсбук парақшасынан