ҚАЗАҚЫ СПОРТ: ПӘРМЕН МЕН ДӘРМЕН

Қазақы спорт дегенде ұлттық спорт ойындарын айтып отырмыз.  Алайда, әлі күнге қазақы орта спорт пен ұлттық ойындарды ажырата алмай келеді.  Мұның басты себебі – ойынның ғылыми негізде зерттеліп, оның дамуына технологияның қойын-қолтық араласуының осалдығынан.

Қазақ спортындағы ғылымның ықпалын жекелеген беделдер мен субъектив көзқарастар ауыстырып алған, қоғамдық құдайшықтар пәрмені билеген. Соның кесірі спорт пен ойынның аражігін аштырмай отыр. Бүгінде «қазақша күрес» аталатын спорттан бастап, тоғызқұмалақ, асыққа дейінгі талай ойындарымыз әлі күнге спортқа айнала алмай, түрлі мәселелерге малтығуда. Айталық, спорттың этнонимдік сипатқа иек артуы мүлдем сәйкеспейтін жағдай, түп-тамыры қазақтыкы болғанмен, ойын спортқа көшкен күннен бастап адамзаттық құндылыққа айналады. Өйтпеген жағдайда, оны басқа кеңіске тарату, ауқымын кеңейту мүмкін емес.

Мәселен, «қазақша күрес» аталатын тіркеске қатысты жайт осыны аңғартады. Жапондар мен кәрейлердің талай спорты жалпыадамзаттық бола тұрып, оларда «жапон» не «кәрей» анықтауыштары атымен болмайды, тек қана сол халықтың тілімен анықталатын атау ғана қалған. Бұл жағынан алғанда өзбекше «кураш» әлдеқайда талапқа сай әрі айналасы жұп-жұмыр атау. Біздің «қазақша күрес» атауымыз шын мәнінде ғылыми не тарихи атау емес, қазақ ешқашан өз күресіне «қазақша» деген қосымша анықтауыш жалғамаған. Бүгінгі жалғауымыз – советтік кембағалдық сананың көрінісі. «Қазақ» сөзін қоспасақ әлгі күрестен ажырап не айырылып қалатындай қорқыныштан туындаған әрі ғылыми тұжырымға емес, субъектив көзқарасқа негізделген «дуалы» пікірдің нәтижесі.

Дәл осындай жайтты «тоғызқұмалақ» атауына да қатысты айтуға болады. Бұл ойын әлі күнге қазақша «құмалақ», қырғызша «коргол» (бұл маңғол сөзі) сөздерімен аталып келеді. Бұған кедергі — тағы да сол спортты ойыннан ажырата алмай, оған ғылыми емес, этностық мән беруімізден. Бұл жағынан қазақ пен қырғыз деңгейлес.

Спорт деген не? Спорт ғылыми зерттеуге және адамның денелік не зерделік дамуына негізделген жүйелі жаттығумен шыңдалатын, арнайы ұйымдастырылған, айырықша сайманмен жарақталған, нақты ережелермен бекітілген физикалық әрекет. Ойын — дәстүрге негізделген және ритуалдық маңызы бар, жоралғылық, рәсімдік сипаты мол этнологиялық құндылық.  Айталық, көкпар ойыннан спортқа айналуы үшін ол барынша зерттелуі арқылы жетілдірілуі керек, ал біз оны көзқарастар мен пікір-пайым арқылы, ықпалды да дуалы ауыздан шыққан сөзбен «дамытуға» әуеспіз. Содан да спортқа тән снарядтың орнына серкенің тұлыбынан әрі аса  алмай қалдық. Онымыз күлкілі әрі дөрекі көрінеді,  басқа жұрт үрке қарайды. Жалпыадамзатты қызықтырмайды, өзіміз сүйсінген боламыз, бірақ күңкіл көп. Басқа жұрттың қақпасын тарс бекітіп алатыны содан. Көкпардың спорт ретінде даму тұжырымы әлі жоқ, оның ойын сипатындағы миссиясы мен спорт нұсқасындағы болмысын ажырата алмай дағдарудамыз. Ойын спорт болған күннен бастап, этностық болмысынан ажырайтынымен келіскіміз жоқ, сөйте тұра көкпарды батыс елдері қабылдамайды деп тоңтеріс боламыз.

Айтқымыз келіп отырғаны, өзімізді күстәнәләу емес, адамзат кешегі аттылы мәдениет иесі болып табылатын қазақтан енді шынайы нәрселерді күте бастағанын аңдауымыз әрі өзгерген дүниемен бірге өзгере білудің тетігін меңгеруіміз керектігі. Егер де ұлттық ойындарды спортқа айналдырғымыз келсе, онда оған ғылымды алға салып кіріскен мақұл. Жалпы бүгінгі спорт – технология мен техниканың физикалық, биологиялық, педагогикалық салаларға сыналап ену нәтижесі. Спорт дегеніміз осы қыруар саланы қамтитын құбылыс. Бұл критериді ескермесек, кембағалдықтан арылмаймыз.Алайда, бұл пікір бұдан да бұрын айтылып келеді,тіпті арнайы академия керек деген пікір де болған, бірақ ол болған күйінде қалды.

Көкпарды ойын ретінде кез келген ауылда ойнай беруге болады, оған мінетін ат пен бауыздалған серке болмаса тұлып болса жеткілікті. Ал оған спорт ретінде қарауға болмайды.Бірақ ол спорт емес, оған спортқа сәйкес бапталған ат пен көкпаршыдан бастап, киім мен әбзелдерге дейінгі ұсақ-түйектің бәрі ойластырыла қамтылады.  Спорт-көкпардың серкесі бауыздалған ешкі болуымен немесе дәстүрмен шырмалуы міндет емес. Оның дәстүрге қаныққан бірақ спортқа икемді ережесі мен снаряд-жабдығы және барлық өлшемдер мен талаптарды қанағаттандыратын алаңы болуы шарт.

Нақтырақ айтсақ, қолға алынып жатқан барлық ұлттық ойындарды дамыту тетігіне Ұлттық қауымдастықтарды жегу мүлдем қате! Бұл клубтар,қауымдастықтар мен федерациялардың мұраты — бар болғаны ойынды көпшілікке тарату жолы ғана, Қауымдастық оны жан-жақты дамытушы бола алмайды. Дамытуға ғылыми зерттеу мен технологиялық тарапты тарту мен қарастыру әділді әрі қисынды.

Сол себепті барлық қазақы ұлттық ойындарды зерттейтін, зерделейтін Қазақ спорт және туризм академиясы жанынан арнайы ғылыми зертханалар ашылғаны жөн. Бірақ бұл зертханалар бар мәселені шешеді деген сөз емес, бұлар мәселені шешуге қажетті үдерісті ұйымдастырып, ғылыми-технологиялық шешімдерге алғышарт жасай алмақ. Сонда ғана ер-тұрманы сақадай сай спортты одан әрі тарату, әлемге жаю әлгі қауымдастықтардың шаруасы болмақ. Олай болмаған күннің өзінде спортқа ойынды айналдыратын құдайшықтардың лебізі емес, ғылыми кірісім екенін біле жүргеніміз абзал. Өйтпесек, жаман тонды жалпылдатып, жұртты үркітіп бітеміз. Енді ең болмаса ұлттық ойындарды спортқа айналдыру жөніндегі тұжырымдамадан бастасақ екен.

С.Ерғали, мәдениеттанушы