ҚАЗЕКЕҢЕ

Ақылды кім, ақымақ кім кеш білер,
Білсе-дағы үндемейді естілер.
Мүйізі мен бұлдап-бұлдап сақалын,
Қой бастайтын болып алды ешкілер.

Қойлар солай жолын беріп жеңілді,
Жат билесе жарға жығар еліңді.
Төбе сайын бүйен қатып Серкелер,
Семіздіктен бір басуға ерінді.

Қасқыр келді қашып ала жөнелді,
Қасқа қойлар жол бастатты не көрді.
Ит аулада, мысық үйде бұлданып,
Кешіп бітті, тесіп бітті төбемді.

ДАНАЛЫҚ

Дана болсаң, ойбай, онда сабалық,
Абайды да орға жыққан даналық.

Бұл бір енді таптырмайтын жаңалық,
Балағың мен жағаңыздан алалық.

Өсек пенен өлшеп-пішіп таңалық,
Өрден ойға сыпсың қағып шабалық.

Тырнақ асты бір кір іздеп табалық,
Көк желкеңнен, ту сыртыңнан қадалып.

Теспей сорып қаныңыздан алалық,
Бар күйені үйіп-төгіп жағалық.

Аңдып жүріп андағайлап шам алып,
Əр сөзіңе ши жүгіртіп бағалық.

Көзге күліп, аяғыңнан шалалық,
Дана болсаң обалың жоқ сабалық.

Ұрындырып қазған орға тап қылып,
Өп-өтірік алдарқатып бап қылып,

Ит сүйреген терідейін лақтырып.
Жөнелейік жын-періге қақтырып.

Ақ ісіңе қара жағып көрелік,
Жауға барып жасатайық төрелік.

Дұшпаныңды тауып алып ымдасып,
Жеткізейік бар сырыңды жымдасып.

Күйдірейік, бар уақытың өртенсін.
Өз қолымен өлтіргенше өлкең шын.

Біліп тұрып, сезіп тұрып сезбелік,
Жақындама ол бір жүрген ез делік.

Дана болсаң кешірмейміз кескілеп,
Тепкілейік есер менен есті кеп.

Елім деген шын сөзіңді көмелік,
Жүре тыңдап, күле тыңдап өлелік.

Қайда барсақ қара сөзді тулатып,
Құлағыңды жатқызбайық шулатып.

Ескі менен қатар жауып жаңаны,
Ес тандырып өлтірелік дананы.

Өлгеннен соң біз бірінші мақталық,
«Аһ» ұралық аламанға ақталып.

Саралайық оның аппақ сүйегін,
Алып тастап қошқар сөздің күйегін

Мақтау менен марапат көз ілмесін,
Қайсы дұшпан, кімдер сатқын білмесін.

Дана болып туылғаның жазығың,
Дана болсаң қайғы сенің азығың.

Қай халық бар бақ сыйлаған данаға,
Даналыққа бір жаулық бар санада.

Жан сарайы жанып біткен күлміз бе,
Даналықты таптап кешіп, жүрміз бе!?

Бұл надандық бітпес, сірə, бір бізбен,
Даналықты арашалар кім бізден!?

Əділ Құдай, тек өзің бар жаратқан.
Жер бетіне даналарды таратқан.

Біз наданбыз – қара түннің қақпаны,
Даналар күн ақыл-ойдың ақпары.

Біз білмейтін дана болса айтыңдар,
Көзге түссе көзін ойып қайтыңдар.

Даналардың бар міндеті – даналық!
Біздің міндет: – дер кезінде сабалық!

Өз міндеті, өз парызы əркімнің!..
Оған куə күміс ай мен алтын күн!

Дана – суат, ұл қызымыз – мың құрақ,
Құрақ сүйсін даналықты шын жылап!


Сабыр Адай

Ақтау қаласы
«Алтынзер»