«Қазфосфат» жыл соңына дейін тағы бір цехын іске қосады

Еліміздің химия өндірісінің жүрегі саналатын «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Нұрхан Нұрланов «Минералды тыңайтқыштар зауыты» филиалында болды. Бүгінде зауыт аумағында моноаммоний фосфатының өндірісін кеңейту үшін зауыттың екінші кезеңінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр.

 

Н.Нұрланов салынып жатқан екінші кезектегі зауыт жұмысшыларымен кездесу барысында нысанның құрылысымен, жұмысшылардың еңбек жағдайымен тікелей танысып, сондағы тиісті басшыларға бірқатар тапсырма берді. Техникалық қауіпсіздік пен құрылыс мерзіміне баса назар аударылды. Қазіргі уақытта құрылысқа мердігер ұйымдардың 450 жұмысшысы тартылған. Бас мердігер – «Тараз Проммонтаж» ЖШС.

 

Жалпы, компания баспасөз қызметінің хабарлауынша осы жылдың соңына дейін фосфор қышқылын экстракциялайтын цехты пайдалануға беру жоспарланып отыр екен. Зауыт 2022 жылдың екінші тоқсанының басында толық іске қосылмақ. Өндірістік бөліктен басқа, бұл жобаның мақсаты – біздің өңірдің әлеуметтік компонентіне оң әсер ететін қосымша жұмыс орындарын құру.

 

Жасұлан СЕЙІЛХАН,
Жамбыл облысы