Қажет кәсіпті игеруде

Оралдағы қайырымдылықпен айналысатын «West Үміт» волонтерлық тобы әлеуметтік жағдайы төмен қыз-келіншектерге арналған тегін оқулар ұйымдастыруда.

Еріктілер қаладағы Отбасы орталығында тігіншілік және аспаздық өнер бағыты бойынша тегін шеберлік сағаттарын өткізуде. Бұл туралы айтып өткен аталмыш волонтерлық топтың жетекшісі Айдана Меңжанова: – Бүгінгі таңда мұндай іс-шаралар көп жағдайда ақылы болатыны белгілі. Ал әлеуметтік жағдайы төмен қыз-келіншектер оларға қатыса алмайды. Ал біздің шеберлік сағаттарымызға жалғызбасты, көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі әйел-азаматшаларды қатыстырамыз. Оларға осы саланы жетік меңгерген мамандар дәріс береді, – деді.

 

 

Тігіншілік, аспаздық секілді қажетті кәсіпті арнайы мамандардан үйренген қыз-келіншектерге одан әрі өз кәсіптерін ашуға мүмкіндік бар. Қазіргі уақытта 10 адам қолдарына ине-жіп ұстап, тігіншіліктің үйренуде. Оларға жұмысқа қажетті материалдарды да қайырымды жандар алып берген. Аспаздық өнер бағытындағы шеберлік сағаттарына да топ жинақталуда. Белгілі бір санаттағы нәзік жандарға арналған бұл қайырымдылық іс-шарасы алдағы наурыз айына дейін жалғаспақ.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы