Қазіргі адамдар өзін өзгеден оқшау, ерекше етіп көрсетуге құмар

Қоғамның қадір қасиеті ең алдымен адамды қалай ардақ тұтуымен өлшенуі керек. Осы орайда, көшпелі өмір салттың ақиқат болмысы қайран қалдырады. Көшпелілер қоғамында адам қартайған сайын әлпештене түседі, қартайған сайын қоғамға керек бола түседі, қартайған сайын беделі арта түседі, қартайған сайын өкшебасар ұрпақтың құрметіне бөленеді. Бұл шындықтың шет жағасын көріп өстік.
Сол шындықтың мәніне, себебіне ден қойып, әлеуметтік сырын саралай білу бір міндет. Сол танығанымызды бүгінгі, болашақ болмысымызға үлгі өнеге ете алсақ, өмірдің мәні мен сәні, ұлттық қасиетіміздің бір тамаша дәстүрі сол болмақ.
***********************************************
Қазіргі адамдар өзін өзгеден оқшау, ерекше етіп көрсетуге құмар. Осыдан жиырма -отыз жыл бұрын ғана қазақ ауылдарында жеке адамның жұрттан өзгешеленуі жаман қасиет ретінде сырт көздің сынына ұшырайтын. Қазақтың жеке адам туралы идеалы көпке ұқсауымен, көппен бірдей болуымен өлшенетін. Сондықтан да ұрпағына ұрысса: ,,сен жұрт болмайсың,,- деп, ақыл айтса ,,көппен көрген ұлы той,, -деп немесе ,,ел қатарлы бол,,- деп отыратын. Мұның өзі халқымыздың мәдени рухани идеалының тұтастығына себепші жақсы қасиет еді.
Қазіргі өмірімізде даралықты әуезе көрушілік ең алдымен адамдар арасына өзімшілдік, бәсекешілдік сияқты жаман әдетті орнықтыруда. Одан да қауіптісі- қоғамымызда мәдени әртектілік пен идеалдың алашабыр болуы бел алуда.,, Жеке шапқан ат жүйрік,, дегендей, әркімнің өзінше лағуы қоғамдық- әлеуметтік тұтастықтың, ұлттық этникалық даралықтың әлсіреуіне себепші болуда.
Ақселеу Сейдімбек кітабынан.
21.07.1985ж.