Қазіргі қиын сәтте дәрігерлер тәулік бойы көзге көрінбейтін ерлік жасауда

Қазақстан Республикасының

Үкіметіне

«Ак жол» Демократиялық партиясының

Үндеуі

«Ақ жол» партиясы мемлекеттік органдардың коронавирус пандемиясына қарсы іс-қимылдарын қолдайды. 2020 жылдың 17 маусымында «Ақ жол» ҚДП парламенттік фракциясы ҚР Үкіметіне карантинді реттеуді толықтыру бойынша депутаттық сауал жолдаған болатын.

Өкінішке қарай, өткен апта ішінде жағдай едәуір нашарлады. Мысалы, депутаттық сауалда біз науқастарды ауруханаларға жатқызбау жағдайлары туралы айтқан болсақ, ол бүгінде жаппай құбылысқа айналуда.

Тіпті, ірі қалаларда ауруханаларда орын болмағандықтан дәрігерлер науқастарды ауруханаға жатқызудан бас тартып, оларды үйлеріне жіберіп, вирустың одан сайын таралуына ықпал етуде. Жедел жәрдем қызметтеріндегі ақаулар мен бірнеше сағаттық кідірістер де жиілеуде. Мұны шенеуніктер жоққа шығаруға құмар әлеуметтік желілердегі хабарламалар ғана емес, біздің әріптестеріміз бен жақындарымыздың бастан кешкен оқиғалары да растап отыр.

Пандемия аясында басқа да аурулармен ауыратын (онкология, жүрек аурулары және тағы басқа) адамдар тиісті назардан тыс қалып отыр, олардың да жағдайы нашарлауда.

«Ақ жол» Демократиялық партиясы депутаттық сауалда короновирус анықтайтын тестілердің жетіспеушілігі мен адамдардың 3 ай бойы табыссыз қалғанына қарамастан тестілердің бағасы негізсіз жоғары екенін айтқан болатын. Апта ішінде жағдай одан бетер ушықты.

Біз медицина орталықтарында медициналық қызметкерлердің тапшылығын, науқастарға қажетті ем-дом жасауға үлгермей жатқандығы туралы да айтқан болатынбыз. Енді ашық ақпарат көздері дәрігерлер мен медбикелердің үлкен ауруханаларда көптеген жұқпалы аурулардың, физикалық және эмоционалдық шаршаудың салдарынан жұмыстан кетіп жатқаны туралы хабарлауда.

Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекелері күндерінде «Ақ жол» Демократиялық партиясы пандемия соққысын бірінші болып қабылдаған дәрігерлердің өз денсаулығын (кейде өз өмірлерін) тәуекел ете отырып, басқа адамдарды құтқару жолындағы жанқиярлық еңбектерін жоғары бағалайтындығын атап өткіміз келеді. Осы қиын уақытта қатардағы дәрігерлер мен медициналық қызметкерлер елімізде тәулік бойы көзге көрінбейтін ерлік жасауда, біз оларды жоғары бағалауымыз керек.

Дегенмен, басқару деңгейінде денсаулық сақтау жүйесі болып жатқан оқиғалардың ауқымын еңсере алмай жатқанын мойындауымыз керек.

Жағдайдың өршуіне модульдік клиникалардың жедел құрылысы да ықпал ете алмады, олар пандемияны еңсеруде айтарлықтай рөл атқармады, бірақ қомақты бюджеттік қаражатты иеленіп кетті.

Қоғамда ресми медицинаға деген сенім жоғалып, әртүрлі «емшілердің» антибиотиктерді, басқа препараттарды, тұздарды және т.б. жүйесіз қолдану туралы кеңестері таратылуда. Бұл денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін.

Жоғары да айтылғандарға байланысты «Ақ жол» Демократиялық партиясы Қазақстан Республикасы Үкіметінен:

1) Науқастарды госпитализациялауды қалпына келтіруді, қажет болса азаматтық медициналық мекемелерден басқа әскери бөлімдердің стационарлық және жылжымалы әскери госпиталдарын тартуды;

2) Госпитализацияға орын жетпесе – тар коридорларда жатқызғаннан, немесе жұқпалы адамдарды үйіне,отбасына қайтарғаннан гөрі уақытша орталықтарды- жұмыс істемейтін спорт залдарын, көрме залдарын және медициналық нысандар жанындағы басқа да қолайлы ірі объектілерді уақытша қайта жарақтандыру, оларды қажетті құрал-жабдықтармен жабдықтауды;

3) Қатардағы медициналық кадрларды толықтыру үшін медициналық мектептерден, факультеттерден, колледждерден студенттерді, сондай-ақ бастапқы медициналық білімі бар басқа еріктілерді (медициналық курстар немесе университет кафедралары) тартуды және оларды қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етуді сұрайды.

Қазір шағын және орта бизнес субъектілерінің жұмысының тоқтап тұруына байланысты еңбекақы табу үшін тілек білдірушілер табылады.

4) «Симптомсыз аурулармен» жұмыс істеудің тәртібін қайта қарастыру қажет! Өйткені, объективтік және субъективтік себептерге байланысты осы топ вирусты таратушы көздерінің бірі деуге негіз бар.

5) Монополияға қарсы күрес органдарынан қоғамның және мемлекет бюджетінің мүдделерін қорғау мақсатында коронавирусты анықтау тестілері бағасының көтерілуін болдырмауды сұраймыз. Аталған нарықта бәсекелестік және қосымша медициналық мекемелердің қол жетімділігін қамтамасыз ету қажет. Моралдық және қаржылық жағынан да халықтың ауыр жағдайын спекуляция үшін пайдалануға жол берілмеуі керек деп санаймыз.

6) Пандемия індетіне қарсы күрес ойдағыдай ұйымдастырылған тәжірибесі бар елдерден практикалық көмек сұрауды дұрыс деп ойлаймыз.

7) Пандемия індетіне қарсы күрес кезінде негізгі эффект орындаушылардың тәртібі мен азаматтардың өзін-өзі бақылауына тікелей байланысты. Осы бағытта түсіндіру жұмыстарын күшейтуді ұсынамыз.

Өкінішке қарай, біздің депутаттық сауалымыздан кейінгі өткен апта көрсеткендей, келеңсіз оқиғалар өршіп барады. Сондықтан да, «Ақ жол» Демократиялық партиясы Үкіметтен аталған ұсыныстарды мүмікіндігінше қысқа мерзімде қарастыруды сұрайды.