«Қазыбек би ауданы қайта ашылсын!»

деп өңірдің байырғы тұрғындары хат жолдады

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВҚА Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан ҚОШАНОВҚА Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Әлихан СМАЙЫЛОВҚА Қарағанды облысының әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕККЕ

Ашық хат

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Егіндібұлақ өңірінің халқы Қазақстан халқына жариялаған «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты биылғы Жолдауыңызды зор қуанышпен қарсы алды. Елімізде жаңа Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарының ашылатындығы турасында айтылған Сіздің Жолдауыңыздағы: «Мемлекетіміздің өркендеуі аймақтардың қуатты болуына тікелей байланысты. «Қуатты өңірлер – қуатты ел» деген ұстаным әрдайым өзекті. Осы орайда еліміздегі әкімшілік-аумақтық құрылымның оңтайлы болуы өте маңызды», – деген ұстанымыңыз біздің сөнген үмітімізді қайта жақты. Осы орайда Сізден Қазыбек би ауданы (1928-1963 ж.ж. – Қу, 1965-1993 ж.ж. – Егіндібұлақ, 1993-1997 ж.ж. – Қазыбек би) атанған тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында саяси және экономикалық ахуал себебінен жабылып қалған мәселені қайта қарауды сұраймыз.
Бұрынғы Қазыбек би ауданы – ұлтымыздың тарихында алтын әріптермен жазылатын ірі оқиғалар өткен, ұлы тұлғалар өмір сүрген қасиетті қоныстардың бірегейі. Осынау құнарлы топырақта Қазақ хандығының Орда биі Қаз дауысты Қазыбек би, Бекболат би, Тіленші би, аруақты би Алшынбай, күй тәңірі Тәттімбет, өлең сөздің бұлбұлдары Қалдыбай мен Кемпірбай, Балта мен Мауқай, күрескер ақын, әнші-композитор Мәди, ұлы Абайдың анасы Ұлжан, бәйбішесі Ділдә, атымтай жомарт Ақайдың Хасені, қоғам қайраткерлері Мұстақым Малдыбаев пен Нығымет Нұрмақов, әйгілі әншілер Ғаббас Айтбаев, Қали Байжанов, Қуан Лекеров, Нұғыман Әбішев, Жүсіпбек Елебеков, Мағауия Көшкімбаев басқа да тұлғалар, ақын-жазушылар, ғалымдар мен суретшілер өмір сүрді.
Алаш қозғалысының қайнар бастауында тұрған «Қарқаралы петициясы» 1905 жылы осы өлкедегі атақты Қоянды жәрмеңкесінде жазылып, Ресей империясының билік органдарына жолданған болатын. Биылғы Қазақстан халқына Жолдауыңызда: «Біз тарихи әділдікті орнатып, ұлыларымыз дүниеге келген киелі өлкені қайта жаңғыртуға тиіспіз», – деп айтқаныңыз құт қонған, ұлылар мекені болған өлкені қайта жаңғырту жолын көрсетеді деп санаймыз.
Шаруашылығы өркендеп тұрған Қазыбек би ауданының 1997 жылы үстірт шешім салдарынан таратылып, Қарқаралыға, бір бөлігі Шығыс Қазақстан облысына берілуі онсыз да моральдық соққыға ұшырап отырған елге жасалған әділетсіз қысым болды. Халық күнкөрісі үшін жаппай облыс орталықтарына қарай үдере көшті. Аудан мәртебесінен айырылған өңірлерде тұрғындар саны азайып, тұрмыс сапасы төмендеп кеткені айтпаса да түсінікті. Өйткені, Сіздің халыққа Жолдауыңызда: «әкімшілік-аумақтық өзгерістер мемлекеттік басқару үдерісін жеңілдетеді. Ішкі көші-қон мәселесін реттеуге септігін тигізеді», – деген стратегиялық мәні бар ойыңыз осы жіберілген олқылықтың орнын толтырады деп сенеміз.
Қазақстан халқына Жолдауыңызда: «Облыс орталығына бару үшін халықтың алысқа сабылуына тура келеді», – деген ойыңыз бұрынғы Қазыбек би ауданына қарасты жергілікті халықтың дәл қазіргі күйін көрсетіп отыр. Өңір халқы жол азабынан қиындық көруде, атап айтатын болсақ, аудан орталығынан шалғайда орналасқан Едірей, Айрық, Мыржық, Арқалық, Абай, Шөптікөл, Қызылшілік, Қаратау ауылдарының тұрғындары бір жапырақ қағаз алу үшін 180-200 шақырым жерде орналасқан аудан орталығы Қарқаралыға және 400 шақырым қашықтағы облыс орталығы Қарағанды қаласына қиындықпен қатынайды.

Сізден Қазыбек би ауданы (1928-1963 жж. – Қу, 1965-1993 жж. – Егіндібұлақ,
1993-1997 жж – Қазыбек би) атанған тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында саяси және экономикалық ахуал себебінен жабылып қалған мәселені қайта қарауды сұраймыз.

Ел азаматтары әр жылдары Президент пен Үкімет басшылығына Қазыбек би ауданын қайта қалпына келтіру бойынша ұсыныстармен шығып отырғанымен әзірше ешқандай нәтиже жоқ. Ал биыл Сіз Жолдауыңызда халықтың ұсыныстары мен қалауын ескеретініңіз жайлы айтқаныңызға орай, біздің өңір халқының бастамасы аяқсыз қалмайды деп сенеміз. Аудан ашылса ол экономикалық тұрғыдан өзін-өзі қаржыландырады. Оның үстіне, қазіргі кезде өңірде жүздеген тұрғынға жұмыс тауып беруші Теректі кен-байыту комбинаты жұмыс істеп, жергілікті бюджетке қыруар салық төлейді. Өңірде зерттеліп, ашылуға таяу тұрған кен орындары тағы бар.
Бұл өңір ауылшаруашылығына өте қолайлы аймақ болып саналады. Ауданды қайтадан ашу ауылшаруашылығының дамуына, мал басының қайтадан көбеюіне және егістік жерлердің көлемін арттыруға мүмкіншіліктер беріп, еліміздегі азық-түлік өнімінің қорын жасақтауға септігін тигізеді. Сонымен қатар Балықтыкөл, Қарасор көлдерінде балық шаруашылығы кәсіпорындары ашылады. Бұл әрине, ауылға жұмыс күшін көбірек тартуды талап етеді. Қазір Қарағанды қаласының өзінде тұрақты жұмысы не белгілі бір игерген кәсібі жоқ жастар өте көп. Егер аудан қайтадан ашылса, осы жастардың туған жеріне ауылдарға қайтып оралары анық. Жастардың еңбек етуге деген құлшынысы да, қабілеті де өте жоғары деңгейде. Сондықтан да Қазыбек би ауданы ашылар болса, аудан экономикасы мемлекеттік бюджеттен ақша сұрамай-ақ, өзін-өзі қаржыландырады деп сенеміз.
Мемлекетіміз жаңа ғана аяғынан қаз тұрған кезде таратылған Қазыбек би ауданын қалпына келтіретін уақыт келді. Қазіргі Жаңа Қазақстан әлемдік қауымдастықтан лайықты орын алған, экономикасы ұдайы даму үстіндегі қуатты мемлекеттің біріне айналды. Бейбітшілік пен келісімді үлгі тұтқан Қазақстан болашақта да өркендей беретіні күмәнсіз. Егер Қазыбек би ауданы қайтадан ашылып, әкімшілік бөлініс қалпына келтірілсе, ол жер республиканың қара шаңырағын берік ұстау үшін қадалатын алтын уықтардың бірі болары анық.
Аудан жабылған жылдары жұмыс пен жайлы тұрмыс іздеп жан-жаққа босып кеткен тұрғындардың көпшілігі туып-өскен жеріне оралуға әзір. Себебі қазіргі кезде қалада да жұмыс табу оңай емес. Шағын және орта бизнес үшін ауыл қолайлы екеніне адамдардың көзі жетті. Аудан таратылған ширек ғасырда мұндағы мемлекеттік мекемелер, коммуникация жүйесі, мәдени-әлеуметтік мекемелер (екі орта мектеп, Мәдениет үйі, полиция, сот, бала бақша, кітапхана, аурухана-емхана кешені, «Казпошта», «Қазтелеком», т.б.) сол күйі сақталып, жұмыс істеуде. Осындай жерге еліміздің оңтүстік өңіріндегі тығыз орналасқан халықтың бір бөлігін көшіруге де қолайлы болары анық.
Бүгінде елімізде Төле би және Әйтеке би атындағы аудандар бар. «Біз ұланғайыр жеріміздің байырғы атауларын, ұлы тұлғаларымыздың есімін ұрпақ санасында жаңғырта береміз», – деп айтқан Сіздің тұжырымдамалық ойыңыздың негізі ретінде халқымыздың ынтымағы мен бірлігін нығайтудың символдық мәні Қазыбек би ауданы қайта өзі өніп-өскен ортада ашылса тарихи әділеттілік болады деп санаймыз. Қазақтың үш биінің қатар аталуы – Жаңа Қазақстан қоғамының бірегейлігін білдіреді.
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Алты алаштың ардағы, қара қылды қақ жарған әділ би, көрнекті қоғам қайраткері, мәмілегер-дипломат, Қазақ елінің ұлы перзенті қаз дауысты Қазыбек бидің есімін өзі қоныс еткен жерінде ұлықтап, 1997 жылы тарап кеткен ауданды «Қазыбек би ауданы» деген атаумен қайта ашуды Сізден сұраймыз.

 

 

Өзіңізге деген зор құрметпен, өңір тұрғындарының атынан:
1. Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров, қазақтын тұңғыш ғарышкері, ұшқыш, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының Халық қаһарманы, техника ғылымының докторы, профессор;
2. Ахмадия Сүлейменов, еңбек ардагері;
3. Ермек Балташұлы, журналист, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері;
4. Зарқын Тайшыбай, Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері;
5. Кәріпбек Күйіков, АТОМ жобасының құрметті елшісі, суретші, антиядролық қозғалысының белсендісі;
6. Сайлау Біләлов, Социалистік Еңбек Ері, еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері;
7. Өмірзақ Дүйсенбеков, еңбек ардагері;
8. Ниқанбай Омарханов, еңбек ардагері, қоғам қайраткері;
9. Арман Қани, ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі;
10. Жақан Мұхамедияров, атбегі, еңбек ардагері;
11. Сара Боранбаева, Егіндібұлақ ауылдық ардагерлер комитетінің төрайымы;
12. Рымбек Смағұлов, Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі, Ақпарат саласының үздігі, Қазақстан мәслихаттарының құрметті депутаты;
13. Мақсым Алшынбай, заң саласының ардагері, Республикалық адвокаттар алқасының мүшесі, адвокат;
14. Рымбек қажы Қорабаев, ішкі істер органдарының ардагері, полиция полковнигі;
15. Мұрат Нұрақышев, қоғам қайраткері, Қазыбек би және Қарқаралы ауданының құрметті азаматы;
16. Серік Қоңыров, ауылшаруашылығы саласының ардагері;
17. Сара Қоңырова, медицина саласының зейнеткері;
18. Нұржан Қорабаев, қаржыгер;
19. Нұрлан Қорабаев, заңгер;
20. Нұрсұлу Қорабаева, заңгер
21. Қуаныш Мақсұтов, ақын;
22. Кенжеғали Мыржықбай, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері;
23. Мейір Мубараков, Қарқаралы аудандық мәслихатының депутаты;
24. Ғазиза Смағұлова, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің Құрметті қызметкері;
25. Алма Смағұлова, Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі;
26. Жұлдыз Тойбек, журналист-ақын, Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі;
27. Берлібек Әбдікәрімов, еңбек ардагері;
28. Боран Тергеубеков, палуан, атбегі;
29. Аман Ахметжанов, ақын;
30. Аманжол Қуанбай, журналист;
31. Ерқанат Қақабай, заңгер-құқықтанушы;
32. Балқан Сағатов, мұғалім;
33. Жанар Сембекова, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің Журналистика кафедрасының меңгерушісі, профессор;
34. Жұлдыз Қарсыбаева, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымының кандидаты;
35. Тілеуғалы Әміртаев, алаштанушы, ұстаз, қоғам белсендісі;
36. Амантай Дауыпбаев зейнеткер, Егіндібұлақ ауылдық қоғамдастықтың төрағасы;
37. Нәзипа Асқар, Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі;
38. Мұрат Омаров, зейнеткер;
39. Сағынжан Апақашев, Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылық саласының үздігі;
40. Қайыржан Тоқышев, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет саласының ардагері;
41. Раушан Жылтыбаева, Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының қайраткері
42. Ғазиза Смағұлова, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің Құрметті қызметкері;
43. Мейірлан Қалиев, Егіндібұлақ мәдени-сауық орталығының директоры;
44. Нұртас Смағұлов, тарихшы-зерттеуші, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті тарих факультеті деканының орынбасары;
45. Жағыпар Әділет, тарихшы-зерттеуші, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті аға оқытушысы…
Барлығы 2000-ға жуық байырғы өңір тұрғындары қолдау көрсеткен.