Қоғамдық экологиялық бақылауды күшейту қажет

«Есојег» қауымдастығы Батыс Қазақстан бойынша филиалының кеңсесінде өткен өңірлік экологиялық кеңес отырысында, 2021-2025 жылдарға арналған Маңғыстау облысының экологиялық проблемаларын кешенді шешу жөніндегі Жол картасының жобасы талқыланып, қоғамдық экологиялық бақылауды күшейту керектігі туралы ұсыныс айтылды.

Отырыста алғашқы болып сөз алған Маңғыстау облысы өңірлік экологиялық кеңес төрағасы Қажымұрат Хайрушев және кең төраға Рашит Мұстапаев, аймақтың экологиялық проблемаларын кешенді шешу жөніндегі Жол картасының жобасымен таныстырды. Аталмыш жоба жуырда ғана ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағаливетің маңғыстаулық қоғам өкілдерімен онлайн режимінде өткен басқосуда таныстырылған болатын.

 

 

Кеңес отырысына қатысушылар жол картасының маңыздылығына тоқталып өтті, әсіресе оған азаматтық қоғамды қатыстыру және жұртшылықтың пікірін ескеру еліміздің бас экологиялық ведомстваның ашықтығын көрсетіп отыр.

Рашит Мұстапаев жол картасы бекітілмей тұрып, облыстағы барлық өзекті экологиялық мәселелер қамтылуы тиіс екендігін, ал өңірлік экологиялық кеңес құжаттың іс жүзінде жүзеге асырылуын бақылауға алуы қажеттігіне тоқталды.

 

 

Кеңес отырысына қонақ ретінде шақырылған еліміздегі гидробиология және экология институтының өкілі Тимур Баймұқанов қатысты. Оның айтуынша, инстиут мамандары көп жылдан бері теңіз итбалығы мен оның жатақтарын зерттеумен айналысып келеді. Сонымен қатар, мемлекеттік мекемелердің және «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен, жергілікті үкіметтік емес ұйымдар мен еріктілерді тарта отырып, жағалауда және Каспий теңізінің 500 метрге дейінгі аймағында қоқыстан тазарту жұмыстары жүргізілген, әсіресе заңсыз балық аулауға арналған бірнеше құрал-жабдықтар табылған.

Кеңес төрағасы Қажымұрат Хайрушев өңірде «Rixos» қонақ үй кешенінің пайда болуы су тапшылығы мәселесіне әкелуі мүмкін екендігін тілге тиек етті. Оның айтуынша, іс насырға шаппай тұрғанда аталмыш проблеманы қазірден бастап қоғамдық талқылауға салу қажет.

Соңғы кездері Маңғыстау облысында көптеген жобалар қоғамдық тыңдаусыз жүзеге асырылып келе жатқандығы туралы «Эко Мангистау» үкіметтк емес ұйымының жетекшісі Кирилл Осин айтып өтті.

Ол «Rixos» қонақ үй кешені сияқты ірі әлеуетті тапсырыс берушілерді жобаның жүзеге асырылмай тұрып қоғаммен санасуын және кәсіпкерлік субъектілерін еліміздің заңнамаларын қатаң сақтауға шақырды. Себебі жоба жұртшылыққа таныстырылмай, құрылысы аяқталғаннан кейін ұсынылған жобалар халық арасында наразылық туғызуы мүмкін.

 

 

Орта Азия Рамсар өңірлік бастамасы үйлестіру комитетінің мүшесі, эко-амбассадор Әділбек Қозыбақов, Қаркөл көлі қаумалында тәртіптің ақсап тұрғанынан алға тартты. Атап айтқанда, аталмыш қаумалда әр көктем мен күз мезгілінде, қоқиқаздардың маусымдық көшу-қону барысы туралы бейнекөріністер кейбір БАҚ мен әлеуметтік желілерде көрсетіліп жатыр.

Түсірілім кезінде дрондар пайдаланылады, соның кесірінен Қызыл кітапқа енген құстардың тұрақты мекендеуі күмән туғызады. Әділбек Қозыбақовтың айтуынша, осындай заңға қайшы әрекеттер Үстірт қорығының инспекторлары таранынан жол берілмеуі тиіс, себебі аталмыш қорықты күзету солардың тікелей міндеті. Ал аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының инспекторлары заң бұзушылыққа жол бергендерді ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 378 бабы 2 бөліміне сәйкес жауапкершілікке тартуы тиіс.

 

 

Қорық аумағына барған әрбір адамның қолындағы дронды пайдалана берсе, құстар үркиді және қоқиқаздарды айтпағанда, ұшып келуші басқа да құстардың түрлері жыл санап азайып кетуі ықтимал.

Ал Қаракөл көліне баруға ниет білдірушілер болса, Үстірт қорығына саяхат ұйымдастыру үшін жолықсаңыз жетіп жатыр. Тек талап пен тәртіпке бағынған абзал.

Отырыс соңында 2021-2025 жылдарға арналған Маңғыстау облысының экологиялық проблемаларын кешенді шешу жөніндегі Жол картасының жобасына кез-келген тұрғын өзінің ұсынысын mangystau@ecojer.kz мекенжайына жолдауға болатыны айтылды.

«Есојеr» қауымдастығы

Батыс Қазақстан бойынша

филиалының баспасөз қызметі