ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУДА ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕР КӨТЕРІЛДІ
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің қабылдауына жазылған жүзге жуық облыс тұрғыны назардан тыс қалмады. Барынша көп халықты қамту үшін облыс басшысының орынбасарлары Сәкен Қалқаманов пен Ұлан Тәжібаев жиналған халықты аймақ басшысымен қатар қабылдады. Ол үшін облыс әкімдігінің 1-қабатында ыңғайлы бөлмелер жасақталған. Онда кезекпен бас сұққан Өмірзақ Естайұлы әр өтініштің шешімін жіті бақылап отырды.
Бұған қоса, холлда өңір тұрғындары өз сұрақтарына қалалық басқармалар мен жекелеген департаменттердің басшыларынан жауап ала алды. Қоғамдық қабылдауға келген жандардың өтініштері сан түрлі. Басым бөлігі жұмыспен қамтуды, баспана беруді, бизнес ашуда қаражат табуға ықпал етуді сұрап келді.
«Біз кез келген өтініштің, талап-тілектің артында адам тағдыры тұрғанын ұмытпауымыз керек. Сол үшін де осындай жүздесулердің маңызы зор. Әр басшы алдына келген адамды жылы қабылдап, оның жағдайын сұрап, жанайқайын тыңдауға міндетті. Мәселелер тек заң шеңберінде шешілу керек», – деді облыс әкімі.
Қабылдауға келген Сайрам ауданы, Манкент ауылының тұрғыны аумақта жастарды теріс жолға түсіретін ойын автоматтарының қаптағанына алаңдаулы. Ауыл тұрғыны жастарға арналған спорт және өзге де орталықтарды ашуға көмек беруді өтінді.
Мәселелерді талқылау барысында ұсыныстар мен кеңестер берілді. Әр тұрғынның мәселесін шешу жолында аудан, қала әкімдері мен мемлекеттік мекеме басшыларына нақты тапсырмаларды жүктелді. Қабылдауға келген тұрғындардың барлығын өз сауалдарына жазбаша жауап алады. Халықпен ықпалдаса жұмыс істеудің пәрменді әдістерінің бірі ретінде осындай шаралар облыс орталығында жүйелі түрде өткізіліп тұрмақ.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі