ҚОЙШЫСЫНА АЙЛЫҚТАН БӨЛЕК 3 МЛН. ТЕҢГЕ БЕРГЕН
Жеке қалтаның қомпиғанын емес, дүйім жұрттың көңіліне, тұрмыс-жайына қарайласатын жандар бар арамызда. Түнеугүні Мойынқұм өңіріндегі шопандар жайын білмекке сапарға аттанғанымызда, тұлпар шапса тұяғы, қыран ұшса қанаты талатын маңғаз даланың жасырған сырын ұққандай болдық.
Көгөй алқабынан өтіп, «Пионер» өндірістік кооперативінің штабын арта қалдырғанымызда алдымыздан «Ынтымақ» шаруа қожалығының төрағасы Әскербек Шоқаев қырдың басында малшысы – Асан Жолаймен бірге бізге қарай беттеп келе жатыр екен. Көрген көз таразыласа керек, төрағасы қайсы, шопаны қайсы бірден аңғару мүмкін емес. Бұл Әскербек ағаның тағы бір қасиеті екенін кейінірек білген едік. Қарапайымдылығы мен жомарттығы өзін абырой биігіне көтеріп, ризығын Алла еселей берсе керек.
Бардық. Шаруалар жайын назарға алып, құмды өңірге келгенімізді айтты аудан әкімінің орынбасары Жомарт Телеуов. Аузы ашылса, жүрегі көрінетін Әскербек Шоқаев бірден шаруа қожалығы туралы сөз қаузады.
– Ұшы-қиыры жоқ Мойынқұм өңірінің әр шатқалы өзіндік құпиясымен ерекшеленеді. Дала баласы мұны жақсы біледі. Көз алдыңдағы төрт-түлікке жанарының қарашығындай қарайтын 6 шопанымның кейбірі отбасымен осында қоныстанған. 2500 гектар жер иелігімізде. Ақ бас сиырдың 227-і аналық, 8 бұқа. Биыл ірі қарадан 100 пайыз төл алдық. Ал 2318 аналық уақ малдың 2000-ы төлдеді. 60-қа жуық жылқылар да көбейіп келеді. Қойшыларға 100 мың теңге, бір уақ мал және ай сайын ұн беріліп отырады, – деді Әскербек Мыржамалұлы қасындағы шопанының арқасынан қағып.
Темір тұлпарды тізгіндеген шаруа қожалық төрағасы бізді мал жайылымына апарып, өткен күнгі жауыннан кейінгі өскіннің бітік шыққанын, төрт-түлік қоңды екенін жеткізді.
Біз шопан Асан Жолаймен аз-кем әңгімелесіп үлгерген едік.
– Отбасымызбен осында көшіп келдік. Екі балам мал бағуға көмек көрсетеді. Жеңешең үйде ас даярлап, тазалықты ұстап отырады. Әр іске әр адам аса жауапкершілікпен қарағаны абзал. Алты жыл ішінде мал басын көбейтуге баса көңіл бөлдік. Жыртқыштарқа тіс батырмай, қырағылық таныттық. Бәлкім, осы жауапты еңбегімді елеген болар Әскербек аға айлығымыздан бөлек 3 млн теңгені күні кеше қолыма ұстатты. Басқа да шопандарға да үлестірген екен сол күні. Бұдан бөлекте жасап жатқан жеңілдіктері жетерлік, – дейді ол.
Әрине, Әскербек Мыржамалұлы «қанағат қарын тойдырар» деген тәмсілді жалау етсе, бір қап қоржын алтыны бар кейбіріміз тағы бір қоржыным болса екен деп күйбең тіршілікте күйіп жүргеніміз ақиқат.
600 МЫҢНЫҢ БҰҚАСЫН АУЫЛЫНА АРНАП СОЙДЫ
Арада бір жұма өткеннен кейін Әскербек ағаның Рамазан айында жасаған қайырымды амалы біздің назарымызды еріксіз бұрді. Бәйтерек ауылының тумасы 400 келіден аса ірі қара малын сойып, ауылындағы 60 отбасыға тегін үлестірсе керек.
Бұл туралы Қаратөбе ауылдық округінің әкімі Ғамзат Сағымбеков: «Тұрғындар 6-7 келіден ет алып, қасиетті айдағы жасаған Әскербек ағаның амалына алғысын білдірді. Ауыл имамы құран оқыды. Қайда жүрсе де, кіндік қаны тамған мекеннен алыстаған емес. Өткен жылдары да ірі қарасын сойғаны тағы бар. Базарда 600 мың теңге тұратын мал басын ауылына арнауы екінің бірінің қолына келе бермейтін іс», дейді Ғамзат Мейрамбекұлы бізбен әңгімесінде.
Әскербек ағаның сауаптың кілтін жоғалтпаған азамат ретіндегі тағы бір қасиетін осы тұста аңғардық. Ауылы тілеуін тілеп, жолын тосып, дұғасына қосатын жан бар болса, ол – Әскербек Шоқаев.
Жамбыл ауданы