Қонаевқа арналған ғылыми-практикалық конференция
Талас ауданының орталығы – Қаратау қаласында дана халықтың дара перзенті, иісі Алаштың пір тұтар тұлғасы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туылғанына 110 жыл толуына орай, алып тұлғаның өмірі мен еңбек жолына арналған ғылыми-практикалық конференция өтті.
Конференцияға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек, Халықаралық Қонаев қорының вице-президенті Болат Байбол, Жамбыл облыстық Қонаев қорының төрағасы Әлімбек Жұмабаев, Талас ауданының әкімі Қанатбек Мәдібек, республикалық және облыстық және аудандық ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Конференцияның модераторы Тараз мемлекеттік университетінің оқытушысы Бақытжан Махашов аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік еңбек ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, кеңестік Қазақстанды отыз жыл басқарған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың ел дамуындағы басшылық кезеңі мен ғылыми жолы туралы айтып өтті.
Одан бөлек, конференцияда сөз алған Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, жазушы, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер Сәттібайұлы Көсемәлі, филология ғылымдарының докторы, профессор Сәмен Құлбарақ, филология ғылымдарының докторы, профессор Меруерт Көпбаева, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Ермек Серікбаев және Талас аудандық билер кеңесінің төрағасы Сәулембай Әбсадықұлы Д.Қонаевтың халықаралық дәрежедегі тұлға екендігіне, оның ел басқарумен қатар ғылымдағы зерттеулерінің маңыздылығына тоқталды.
Жиын барысында Д.Қонаев атындағы халықаралық қорының вице-президенті Болат Байбол сөз алып, халқымыздың қастерлі дара тұлғасы, бүкіл әлемге қазақтың қасиетін танытқан, ұзақ жылдар бойы елімізді басқарып, оның экономикасы мен мәдениетін өркендетуге қыруар еңбек сіңірген көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үлкен ғалым, ізгілік пен даналықтың, биік парасаттың иесі Дінмұхамед Қонаевтың өнегелі өмірін жастарға үлгі ету, насихаттау қажеттілігін атап өтті.
Сөз кезегін конференция модераторы облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібекке берді. Дәулет Жамаубайұлы алып тұлғаның қазақ атының қалыптасуына енгізген ерен еңбектері, ел экономикасы мен мəдениетін дамыту жолында өзінің тәжірбиесін, мол білімін жəне ұйымдастырушылық қабілетін қазақ халқының пайдасына жұмсағанын тілге тиек етті.
Конференция соңы Д.А.Қонаевтың 110 жылдық мерекелік медалімен марапаттау рәсімімен аяқталды. Мерекелік медалды тапсыру Д.А.Қонаев атындағы Талас аудандық қорының директоры Рашид Сейдалиевке тапсырылды.
Д.А.Қонаевтың 110 жылдық мерекелік медалі Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібекке, Д.А.Қонаев атындағы халықаралық қорының вице-президенті Болат Байболға, Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаевқа, Жамбыл облыстық Қонаев қорының төрағасы Әлімбек Жұмабаевқа, Ғұмыр дария газетінің редакторы Жаңабай Миллионовқа, Халықаралық Д.Қонаев қорының Жамбыл облысы бойынша қамшоршылық кеңесінің мүшесі Күләш Назарбековаға, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, жазушы, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер Сәттібайұлы Көсемәлі, филология ғылымдарының докторы, профессор Сәмен Құлбарақ, филология ғылымдарының докторы, профессор Меруерт Көпбаева, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Ермек Серікбаев және Талас аудандық билер кеңесінің төрағасы Сәулембай Әбсадықұлына салтанатты түрде табысталды.
Талас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі