ҚОР БОЛҒАН, ҚАЙРАН КОНЦЕРТ!

Астана қаласына келгеніме екі-үш жылдың жүзі болды. Бас қаладан не аңғардым дейсің?! Кейде Астана зиялы адамдардың қаласы емес, тоғышарлардың жиналған ортасы ма деп қаламын /өз пікірім/. Ақша, лауазым, атақ, жалған марапат жолында жанталасып, жолдасын да сатып кетіп, тыраштанған адамдарды көргенде жүрегім айныйды.
Ұрпаққа терең білім берсе де айлығы шайлығына жете алмай жүрген оқытушы-профессорлардың, өрнекті сөзін өзгелерге жеткізе алмай жүрген сөзден сарай соққан ақын-жазушылардың, қылқаламына бар тіршілікті сиғызса да көрмесіне адам түгілі көлеңке түспейтін суретшілердің, ұлттық аспабынан інжу-маржанды төккен әнші-күйші, жыраулардың өнерлері, еңбектері елеусіз қалып бара жатқан сияқты. Бір сөзбен айтқанда білім-ғылым, әдебиет пен өнер саласындағы адамдардың білімі мен дарынын бағалайтын, ұлттық мұраның қадіріне жететіндердің қарасы азайғандай.
ҚР Ұлттық академиялық кітапханадағы жиын залында ақындардың жыр кешіне саусақпен санарлық адам келгеніне бірнеше мәрте куә болдым. Қазан айының 2 күні «Астана» концерт залында Астана қаласы әкімдігінің мемлекеттік академиялық филармониясы қазақ оркестрінің КСРО Халық әртісі, композитор Мұқан Төлебаевтың туғанына 105 жыл толуына арналған «Бақыт вальсі» атты концерті өтті. Залға енсем, өз көзіме өзім сенбедім. Әскери гарнизоннан алдырған сарбаздардан басқа ешкім көрінбейді. Алдыңғы орында есімі елге танымал төрт – бес адам ғана отыр. Ұят — ай, көрерменнен оркестр мүшелері көп! Жұмыс уақыты емес,кешкі сағат 19.00-да басталатын концертке жұрттың келуге мүмкіндігі бар. Басқаларды айтпағанның өзінде, мәдениет пен өнер саласындағы жандардың,осы салада оқып жатқан студенттердің концертті көруге құлықсыз болғаны қалай? Бір ауыз жылы лебізін білдіретін Мәдениет саласындағы шенеуніктер қайда?
Жүздеген адамнан тұратын оркестр мүшелері, белгілі өнер шеберлері концертті көпшілікке, келешек ұрпаққа қысқа ғұмырында сарқылмас қазына қалдырып кеткен Мұқан Төлебаевтай музыка тарланын таныту үшін қойып жатыр. Көркемдік жетекшісі және бас дирижеры Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Айтқали Жайымов дирижерлық еткен концертте мін жоқ. Мұқан Төлебаевтың таңдаулы шығармаларын Халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаттары атанған өнер шеберлері жоғары деңгейде орындап шықты. Әттен, оны тыңдайтын құлақ жоқ. Есіл өнер, тыңдарманын таппаған. Қор болған қайран концерт!

Жұлдыз ТОЙБЕК