Қорқыт атадан бiр сөз мынадай…

Қорқыт атадан бiр сөз мынадай:
«Тәңiрге сыйынбаған адамның тiлегi қабыл болмайды.
Тiрiсі құрамаса, ешкiмнiң бiрi екеу болмайды.
Тәңiрi пәндесiнiң маңдайына жазса, сол болады. Оның жазуынсыз адам жамандық көрмейдi, ажал келiп өлмейдi. өлген тiрiлмейдi, кеудеңнен жаның кетсе, ол қайтып келмейдi.
Жiгiт тiрiсiнде Қаратаудай қылып, бiр күн тыным көрмей дүние жияды, баийды, бiрақ iшiнен өзiне тиiстi үлесiн ғана жейдi.
Сулар қанша тарам-тарам болып, тасып аққанмен, теңiздердi толтыра алмайды.
Менмен, тәкәппар адамды Тәңiрi сүймейдi.
Басқалардан өзiн жоғары ұстаған адамға Тәңiрi бақ бермейдi. өзiңнен тумаса ұл өгей, қанша бағып-қақсаң да ұл болмайды. Ер жетiп, ат жалын тартып мiнген соң өз жөнiне кетедi, бәлки ол тәрбиелеген адамды көрдiм-бiлдiм деген сөздi де айтпас.
Кұмды қаншама үйгенмен төбе болмас.
Қара есектiң басына жүген таққанмен тұлпар болмас.
Күңге сарыпай шапан жапқанмен бәйбiше болмас.
Қар қаншама қалың жауғанмен жазға бармас.
Гұлденiп өскен бәйшешек күзге бармас.
Тозған мақта бөз болмас, ежелгi жау ел болмас.
Ат қиналмай жол шалмас.
Қайыспас қара балтасыз жау алынбас.
Мыңғырған мал жиғанмен, адам жомарт атанбас.
Анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағылым алмаған ұл жаман. Ондай бала ел басын құрап, үйiнен дәм беруге де жарамас.
Ананың көңiлi балада болар, жақсы ана үшiн бала – екi көздiң сыңары. ұлың өсiп жетiлсе, ол от басының мерейi, бас-көзi.
Атадан қалған малы болмаса, баланың күнi қараң. Ақылсыз балаға ата дәулетiнен қайран жоқ”.

Шабден Омаралиев фб парақшасынан