Қос қария бір мезгілде көз жұмған

Америкалық 90 жастағы Норма Джун Плателл мен оның 92 жастағы күйеуі Фрэнсис Эрнест Плателл 70 жыл бір шаңырақ астында ғұмыр кешкен. Әйелі Альцгеймер ауруына шалдыққан соң, қария шама шарқы келгенше оған күтім жасады. Алайда ақырында өзінің күш-қауқары таусылып, әйелін қарттар үйіне жіберуге мәжбүр болды. Ақыр соңында тағдыр Фрэнсистің өзін де қарттар ордасына алып келді. Инсульт алғаннан кейін оның жағдайы нашарлап кеткен. Дәрігерлер жұпты бір палатаға орналастырыпты. Күндердің күнінде мейірбике екеуі жатқан палатаға кіріп, олардың жағдайын тексермек болады. Ол кезде ерлі-зайыптылар тірі еді. Мейірбике 10 минуттан кейін қайта айналып келгенде, қариялардың өмірден озғанын анықтаған. Қызығы, олар тіпті бір күнде емес, бір сәтте, айналасы бірнеше минуттың ішінде қол ұстасып о дүниеге аттанған. Дәрігерлер кімнің бірінші өлгенін анықтай алмапты. Норма — бақуатты, ал Фрэнсис — кедей отбасынан шыққан. Әлеуметтік теңсіздікке қарамастан екеуі отау құрып, үш баланы өмірге әкелген. Ері ғұмыр бойы екі ережені сақтанып келген: ешқашан шағымданбау және кез келген әңгімені жақсы аяқтау. Ал Норма некеге тұрған сәтте: «Қымбатты Фрэнсис, сенің жұбайың болатыныма өте қуаныштымын. Дәл қазір Құдайдың алдында саған ант беремін, сені өмір бойы жақсы көріп және барлық адамнан артық көріп өтемін», — деген екен. Ол осы берген уәдесін өмір бойы орындап өтіпті. «Махаббат — мәңгілік»,— деген осыда.

Ермек Сахариев