ҚОСТӨБЕ АЛДЫҢҒЫ ШЕПТЕ

Тұрғындар табысын арттыру жолындa

 

Өткен жылы Үкімет қолдаған қанатқақты жоба елімізде алғаш болып Жамбыл облысында жүзеге асқаны белгілі. Қосалқы шаруашылықты дамыту жұмыстары бойынша өңірден он аудан бойынша 11 ауыл таңдап алынды. Солардың алғашқылары қатарында 6 710 тұрғыны бар Қостөбе ауылдық округі де бар.

Қостөбе ауылдық округіне Талас, Қостөбе елді мекені мен Талас стансасы кірсе, ондағы 1 222 аула тұрғындарының төрт мыңнан астамы жұмысқа қабілетті болып табылады. Бес бағытты қамтитын «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» пилоттық жобасы аясында ауылдық округте ауқымды жұмыстар атқарылды. Қостөбе пилоттық округіндегі тұрғындардан сауалнамалар алынып, әрбір отбасына әлеуметтік карта әзірленді. Сонымен қатар, жобаның бес бағыты бойынша азаматтарды өзектендіру жұмыстары жүргізілді,-деп хабарлайды «Elana.kz» сайты.

Алдымен, үй іргесіндегі жерлерді тиімді пайдалану бағытына сәйкес, екі айналымдық дақыл орналастырылатын болды. Оның ішінде, бірінші айналымда 1 161 ауланың иелігіндегі 91,3 гектарға және 0,6 гектар жылыжайға «Аякс Нунхемс» тұқымды қияр егілді. Екінші айналымда 755 аулаға тиесілі 59,3 гектарға «Бобкат», «Сингента» тұқымды қызанақ, ал, 406 ауланың 32 гектар жеріне қияр орналастыру жоспарлануда. Екі айналымға қажетті тұқымдар, тыңайтқыштар мен химиялық қорғау шығындары есептеліп, өнімді сату құны мен табыс мөлшері болжанды. Әр аулаға кететін шығын орта есеппен есептегенде 51 937 теңгені құрайды. Осы бағытта әр ауланы тұқыммен, минералды тыңайтқышпен, гербицидпен қамту үшін «Қостөбе-2019» ауылшаруашылығы кооперативінің айналым қаражатына 20,0 млн теңге несие алынды.

 

 

Жалпы бір отбасының табысы 309 680 теңге болады деп күтілсе, оның ішінде: өзінің жеке тұтынуына 54 680 теңге кетсе, бір отбасының орташа таза табыс сомасы 255 000 теңгені (әр отбасының айлық табысы айына 45 000 теңге) құрамақ. Жобаға дейін орташа табыс сомасы 63 000 теңгені болса, яғни, жоба аясында орташа табыс көлемі төрт есеге артпақ.

Аталмыш жобаның екінші бағыты үй ауласында мал және құс өнімділігін арттыруға бағытталғаны белгілі. Зерделенген әлеуметтік картаға сәйкес, жалпы ауылдық округте 1 222 ауланың, 670 ауласында малы бар, 552 аулада малының жоқтығы анықталған.

Жалпы, 4 443 бас төрт түлік мал алуға қатысушылар құжаттарын толықтырып, несие қаражаттарын алды. Атап айтқанда, 225 бас сауын сиыр, 808 бас бұқашық, 699 бас жылқы, 2 311 бас қой, 400 бас құс сатып алынды. Жоба аясында малмен айналысатындар саны 1 222 аулаға шаққанда 895 аула, яғни 73,2 пайызға қамтылды.

Жобаның ауыл сыртындағы пайлық үлес жерлерін ұтымды пайдалану, сол арқылы жем-шөп, жайылым мәселесін шешу мақсатындағы үшінші бағыты да назардан тыс қалмады. Осыған орай, ауылдық округте «Қостөбе-2019» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі барлық саланы қамту бағытында құрылды.

Ауыл сыртындағы пай жерлерін ауылшаруашылық өндірістік кооперативі  арқылы игеруге 69 отбасы (34 шаруа қожалық) ниет танытып, жалпы жер көлемі 235 гектар суармалы егістікті құрады. Осы егістік алқаптың 24 гектарына арпа, 94 гектарына дәндік жүгері, 117 гектарына көп жылдық шөп (жоңышқа) егілді. Біріккен жерлердің өнімділігін жоғарылату мақсатында тұқым мен тыңайтқыштар алуға керекті қаражат мақсатты игерілді.

 

Кооперативтердің де үлесі бар

Қосалқы шаруашылықтардың тиімділігіне қол байлау болып отырған мәселелерді кооперативтер арқылы шешу бағытындағы жұмыстар да жүйелі атқарылып отыр. Ауылшаруашылық өндірістік кооперативіне жалпы 47,5 млн теңгеге 12 дана ауылшаруашылығы техникалары сатып алынды.

Сонымен қатар, жоба құны 5 млн 700 мың теңгені құрайтын аумағы 125 шаршы метр болатын гидропоник құрылғысы қойылып, аталған құрылғыдан күндігіне 600 – 750 келі өнім алынуда. Бұл дегеніміз 65-70 бас мүйізді ірі қараны жайылымға шығармай, жыл бойы бір орында ұстап – бағу үшін жасыл өніммен қамтамасыз етеді. Осы құрылғыны қолдану мақсаты елді мекендегі жайылым тапшылығын шешу жолының бірден-бір тетігі болып отыр.

 

 

Аудан көлемінде қордаланған жайылым мәселесін шешу жолын табу үшін, құрылғыны жаппай қолданысқа енгізу мақсатында, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ғылыми тұрғыда қолдауымен Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің гидропоник мамандығын ашу реестріне енгізіліп, №3 Байзақ колледжіне лицензия берілді. Кәсіпті ауданда ары қарай дамыту үшін 25 білімгерді мамандық бойынша оқыту үшін арнайы топ ашылды. Жоғарыда аталған 25 білімгер мамандық бойынша 2 ай мерзімдік оқу куәліктерін алғаннан кейін «Еңбек» бағдарламасы аясында төмен пайыздық несиелермен қаржыландырылып, өздері жеке кәсіпкер ретінде тұрақты жұмыс орындарымен қамтылып, өздері тұратын елді мекендерде жасыл өнімді өндірумен тұрақты айнылысуға қол жеткізеді.

Қолда бар және алынатын малды қолдан ұрықтандыру шаралары бойынша «Қостөбе – 2019» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі «Асылдандыру – Тараз» ЖШС-мен келісімшартқа отырып, 1 275 бас мүйізді ірі қара  қолдан ұрықтандырылатын болды. Құрал-саймандарымен толық қамтылған.

Қостөбе ауылдық округінде сүт бағытында құрылған «Талас – 16» және ет бағытында құрылған «Айбек – 17» ауылшаруашылық өндірістік кооперативтері жұмыс атқаруда. Бұл кооперативтер жоба аясында құрылған «Қостөбе – 2019» ауылшаруашылық өндірістік кооперативіне мүше болып кіріп, тұрғындардан сүт және союға мал қабылдайтын болады. «Талас сүт» сүт өнімін өңдеу цехының күндік қуаттылығы 24 тонна, бүгінгі күнге жүктелімі 30 пайыз болса, «Айбек – 17» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі модульді мал сою пунктінің күндік қуаттылығы 25 бас, бүгінгі күнге жүктелімі 25 пайыз болып отыр.

Ауыл тұрғындарының әлеуметтік – тұрмыстық жағдайын жақсарту пилоттық жобасы аясында ауылдық округке жалпы көлемі – 886,2 млн теңге несие берілді. Оның ішінде, мал сатып алу үшін 251 аулаға – 754,7 млн теңге, «Қостөбе – 2019» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің қаржы айналымын толықтыру үшін – 20,0 млн теңге, ауылшаруашылығы техникаларын сатып алуға – 47,5 млн теңге берілді. Ал, тұрғындардың өз кәсібін ашу бағытындағы 6 жобаға жалпы сомасы 64,0 млн теңге бөлініп, оған 4 жылыжай мен 1 шұжық цехы және 1  гидропоник құрылғысын орнатылып, бүгінде олар өз жұмыстарын бастап кетті.

Жоба аясында атқарылған тындырымды тірліктер өз нәтижесін  беруде. Атап айтар болсақ, жоба жүзеге асқан уақытқа дейін ауылдық округтің 146 отбасындағы 663 адам атаулы әлеуметтік көмек алатын болса, бүгінде олардың саны айтарлықтай қысқарып, үш отбасындағы 15 адам ғана қалды. Бұған қоса, 257 жұмыссыздар өзін-өзі жұмыспен қамти отырып, жеке кәсіпкерге айналды.

Ауылдағы ағайынның басым бөлігі табыстың көзін өз ауласынан табуға болатынына көз жеткізді. Ендігі кезекте, Қостөбе ауылдық округінің тұрғындары қанатқақты жобаның арқасында ауылдың дамуына, елдің еңсесі көтеріліп, жағдайы жақсаратынына нық сенімді.

 

Бекнұр Сатыбалдиев,

Жамбыл облысы