ҚОСЫ БАТЫРҒА ЕСКЕРТКІШ — ТАҚТА ОРНАТЫЛДЫ

Жыл өткен сайын түрленіп, жасарып келе жатқан Тараз қаласында кіндіктері қазіргі Байзақ ауданының  аумағында кесілген,  өз замандарында жасаған ерліктерімен тарихта қалған батыр бабаларымыз Мәмбет Күнбасұлы, Қосы батыр Сәмбетұлы, Сеңкібай би Қабанұлы, Байзақ датқа Мәмбетұлы атындағы үлкен  көшелер бар. Бұл ұрпақтары үшін зор мақтаныш. Олар батыр бабаларын ұлықтау шараларын атқарып, соның ішінде, есімдері берілген көшелердің сән — сәулеттерін арттыруға да үлес қосып келеді.

 


Өткен жексенбіде қаладағы Қосы батыр көшесінің бас жағына орнатылған анықтамалық ескерткіш — тақтаның  ашылуына арналған іс-шара өтті. Оған Байзақ ауданының  орталығы мен ауылдарында, Тараз қаласында тұратын батыр ұрпақтары, көше тұрғындары  қатысты.
Іс-шараны ақын Қасқырбай Нарбатыр жүргізді. Ол ең  алдымен  жиналғандарды Байзақ ауданындағы Қарасу  көлінің жағасында дүниеге келген, он бесінде алғаш рет жекпе-жекке шығып, жау батырын жер жастандырып, жиырма бесінде «ақ сауытты, алмас қылышты хас батыр — Қосы батыр»  атанған тұлғаның ерлікке толы өмір деректерімен қысқаша таныстыра келе, арнау өлеңін оқып, оны:
..  Ей, ағайын, танып алғың Таразда,
Қол бастаған Қосы батыр көшесін!- деген, әсерлі жолдармен түйіндеді.
Алғашқы сөз «Қосы батыр» қоғамдық қоры төрағасының орынбасары, Тараз өңірлік университетінің профессоры, осы оқу орны ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Үсенбаевқа  берілді. Ол батыр ұрпақтарының бабаларының есімдерін ұлықтауда қордың бұрын  атқарылған және қазірде қолға алып жатқан істері жайлы жан жақты айтып берді.
Осыдан отыз жыл бұрын 1992 жылдың 6-шы ақпанында қаланың сол кезгі әкімінің № 345-ші шешімімен бұрынғы «Виноградов» көшесіне «Қосы батыр» есімі беріліп, туған өлкемізден шыққан қазақ — жоңғар соғысының айтулы қаһармандарының бірі, атақты Аңырақай шайқасында шымыр Қойгелді батыр бастап барған қолда мыңбасы болған,  жарты ғасыр аттан түспей жаумен шайқасқан, ғажайып ерліктері жайлы тарихшылардың зерттеу еңбектерінде, жазушылардың кітаптарында жазылған батыр бабамыздың есімін мәңгілікке есте қалдыру шарасы жүзеге асқан.
Айта кетер тағы бір  дерек — бүгінде Тараз қаласында ғана емес, Байзақ ауданының орталығы Сарыкемер ауылында және осы ауданның бірқатар ірі елді мекендерінде, Шу қаласында, Шу ауданының Балуан Шолақ, Далақайнар, Бәйдібек ауылдарында Қосы батыр есімімен аталатын көшелер бар.
Ұзақ жасап, тоқсан жастан асқанда қайтыс болған, қазіргі Тұрар Рысқұлов ауданының  Мойынқұмға шектесетін «Әбілқайыр – Сұмғайтты» аталатын өңіріндегі қорымға жерленген Қосы батырдың өсіп,  өнген ұрпақтары негізінен облысымыздың  Байзақ, Шу, Мойынқұм, Жамбыл аудандарында, сондай-ақ, Алматы, Түркістан, Ақмола облыстарында тұрады. Олар 1995 жылдың 1-ші ақпанында «Қосы батыр» қоғамдық қорын құрды. Сол кезден берідегі уақыт ішінде қордың ұйытқы болуымен Қосы батыр Сәмбетұлының және оның елге кеңінен танымал ұрпақтарының ерліктерін, өнегелі өмір жолын насихаттап,  кейінгі ұрпақтарға жеткізу бойынша талай игілікті істер атқарылды. Ескерткіштер тұрғызылып, республикалық баспалардан кітаптар  шығарылды.
Аз уақытта-ақ жұмысы жолға қойылған қор 1998 жылы Қосы батырдың кіндік қаны тамған өңірге,  ұрпақтары тұратын төрт ауылдың ортасына халықтан жиналған қаржыға  Ақбақайдың ғасырлар бойы тұратын тасынан қашалған еңселі ескерткішін орнатты,  оның ашылу салтанатын да жақсы ұйымдастырды, оған сол кезгі облыс әкімінің шақыруымен  халықаралық ғылыми конференцияға Таразға келген шетелдік ғалымдар да қатысып, тамашалады. Соңғы жылдар көлемінде де қор тарапынан  талай игілікті шаралар жүзеге асты. Қосы батыр ескерткіші мен мешіті жөндеуден өткізіліп, аумағы қоршалып, жарықтандырылды,  абаттандырылды.
Қор қол жеткізген ең үлкен жетістік — Байзақ ауданы әкімдігі мен аудандық мәслихаттың  қолдау, көмегімен ұрпақтары тұратын Қарасу ауылы тұрғындарының тілегін табандылықпен жоғары орындарға жеткізе білудің нәтижесінде Қосы батыр есімі «Тарихи тұлғалар» тізіміне енгені болды. Осылайша, көп жыл шешімін таппай келе жатқан мәселеге  нүкте қойылды.  2020 жылдың желтоқсан айында  Жамбыл облысы әкімдігі мен Жамбыл облыстық мәслихатының бірлескен Қаулысы және шешімімен Суханбаев ауылдық округінің «Қарасу» ауылы «Қосы батыр» ауылы деп аталатын болды. Осы қуанышты оқиғаға арналған салтанатты шара 2021 жылдың маусым айында өтті. Алдында  Қосы батыр ұрпақтары өз араларынан қаржы жинап, ауылға кіре беріске келісті бас қақпа – арка орнатқан болатын. Мұндай арка кейін батыр ұрпақтары тұратын Жақаш, Көкөзек ауылдарында да бой көтерді.
Міне, осындай істерімен танылған «Қосы батыр» қорының  алдын ала жасалып, бекітілген, атқарылуы тиіс іс-шаралар бағдарламасында Тараз қаласындағы тұрғындар, әсіресе, студент жастар көп жүретін (Тараз өңірлік университетінің оқу корпустары жақын орналасқан) көшенің бас жағына Қосы батырдың қандай тұлға болғаны жазылған   ескерткіш — тақта орнату бар болатын.
«Көз қорқақ, қол батыр», — деген. Батыр ұрпақтары жыл басында ескерткіш-тақтаны өз күштерімен орнатуға шешім қабылдап, іске кірісті. Алдымен, лайықты жер таңдалып,  Тараз қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімінің ескерткіш-тақта орнатуға берген рұқсаты алынды. Жақсы істің қолға алынғанынан хабарланған Байзақ пен Шу ауданындағы, Тараз қаласындағы ғана емес, Алматы облысының Іле ауданының Жетіген аймағындағы екі ауылда тұратын батыр ұрпақтары қажетті материалдар сатып алуға, құрылысын жүргізуге жұмсалатын қаржы жиналуына атсалысты. Ескерткіш тақта орнатуда негізгі жұмыстарды Рашид Қойлыбаев, Сейітжан Желдікбаев, Есберген Базарқұлов, Құрал Арықбаевтар атқарды. Аз ғана уақыт ішінде ескерткіш – тақта орнатылатын мүйіс тазалыққа келтіріп, қырлы тас төселіп, қысы — жазы көгеріп тұратын бірнеше түп бозарша отырғызылды. Жұрт көп жүретін бұл жер жақсы жарықтандырылған, түнде де күндізгідей болып тұрады. Қор мүшелері ескерткіш тақта орнатумен іс бітті санаудан аулақ, алдағы уақытта да айналасының тазалығын, ағаш көшеттерінің уақытылы суарылуын қадағаламақ. Міне, осы жайлардың бәрін айта келе, сөзін түйіндеген  Болат Үсенбаев  іс-шараны ашық деп жариялады.
Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил, Тараз қалалық әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақыт Тоқсанбаева, Байзақ ауданының  Құрметті азаматы Назым Қуанышбаева кезекпен құттықтау сөздер сөйледі, батыр ұрпақтарының  игі іс атқарғандықтарын атап айтып, алғыстарын арнады.
Ескерткіш жамылғысын ашу, бата беру құрметі қор құрылғаннан бері жұмысына атсалысып келе жатқандардың ең жасы үлкені ретінде осы жолдардың авторына тиді. «Қосы батыр» қоры Шу аудандық бөлімшесінің төрағасы Балықбай Көпжановтың іс-шараға арнайы келіп, қатысқаны мұндағы ағайындарды риза етті. Іс-шараға қатысушыларға «Мәди би» кафесінде  құдайы тамақ берілді.

Тұрсынхан ТОЛҚЫНБАЙҰЛЫ,
ардагер-журналист, Байзақ ауданының Құрметті азаматы.