ҚР Еңбек министрі Мәдина Әбілқасымова Павлодар облысының әлеуметтік сала қызметкерлерімен кездесті

Үкімет мүшелерінің облысқа жасаған жұмыс сапары аясында ҚР еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова әлеуметтік сала қызметкерлерімен кездесті. Министр атап өткендей, жаңа экономикалық даму жағдайында жұмыспен қамту жаңашыл әдістерді қолдануды талап етеді.

– Қазіргі кезде технологиялық жаңғырту жүруде. Нәтижесінде артық кадрлар босайды, жаңа талап қойылады. Қазірдің өзінде кадрларды қалай даярлаймыз, мамандарды қайта оқытуды қалай жүргізетінімізді ойлауымыз керек. Бұл мәселе кезек күттірмейді, — деді Мәдина Әбілқасымова.

Жалпы еңбек және әлеуметтік қорғау министрі облыста жұмыспен қамту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырылуын оң бағалады. Десек те, адамдарды біліктілігіне қарай қайта даярлауға көмек көрсету қажеттілігіне назар аударды.

— Біздің жұмыспен қамту орталықтары адамдарды шектеулі мамандықтар тізімі бойынша даярлайды. Жоғары білімі мен біліктілігі бар адам өз деңгейіне қарай мамандықты үйренгісі келеді. Өкінішке орай, орталықтарымызда көбінесе тігінші, электрик немесе шаштараз секілді мамандықтарға ғана оқытады. Бұл Мемлекет басшының біздің алдымызға қойған міндетіне сәйкес келмейді, — деп атады Мәдина Әбілқасымова.

Бүгінде министрлік мемлекеттік бағдарлама аясында мамандықтар тізімін ұлғайту мүмкіндігін қарастыруда. Жұмыспен қамту орталықтарына келсек, келесі жылы орталықтар жаңа қызметтермен толығады. Айталық, орталық қызметіне электрондық еңбек кітапшалары мен еңбек шарттары енетін болады. Өз кезегінде, қатысушылар әлеуметтік саладағы жұмысты жетілдіру мақсатындағы ұсыныстар айтты.

Мысалы, Ертіс ауылдық жұмыспен қамту орталығының директоры Дамир Бейсембинов оңтүстік өңірлерден көшіп келгендер коммуналдық баспана алғанның өзінде де субсидия төлеуді тоқтатпауды ұсынды. Орталық директорының пікірінше, осылайша көшіп келушілерге деген қосымша қолдау көрсетілетін еді.

 

Әлихан Рахметоллаұлы