QR-КОДЫ БАР ЕРЕКШЕ ҚҰРАН ЖАРЫҚ КӨРДІ

Жер бетінде ең көп оқылатын кітапты білесіз бе? Ол — Құран кәрім. Олжер жүзінде үш миллиардтан астам данамен таралған. Күн сайын миллиондаған адамдар тарапынан оқылып тұратын теңдессіз кітап. Сіз осы оқырмандардыңқатарында барсыз ба? Үйіңізде жан жолдасыңызға айналған Құран бар ма? Бар болса, оны тұрақты оқып тұрасыз ба, әлде сөреде шаң басып яки төрде ілулі тұра ма?Ал егер әлі күнге дейін Құранды оқи алмайтын болсаңыз, уайымдамаңыз, сіз үшін жақсы жаңалығымыз бар.
Құран оқи алатын және жаңадан үйреніп жүргендер үшін қуанышты жаңалығымыз — қасиетті Рамазан айының қарсаңында елімізде тұңғыш рет ерекше Құран кітабы жарыққа шықты. Бұған дейін басылған Құран кітаптарынан қандай артықшылықтары бар десеңіз, санамалап шығайық:
Біріншіден, бұл Құран Мәдина басылымына негізделіп дайындалған әрі оқуға анағұрлым ыңғайлы. Оқырманның көзі сүрінбейтіндейең оңтайлы арабша шрифт таңдалған. Құранды жаңадан үйренушілер үшін тіптен жеңіл.
Екіншіден, бұл Құранда QR код технологиясы іске қосылған. Бұл осы Құран кәрімнің ең басты ерекшелігі деуге болады. Иә, біз заманның соңғы технологиясын тиімді қолдансақ, әрқашан ұтарымыз анық. Құранның әр бетінде (жоғарғы және төменгі жағында) QR код берілген. Алдымен смартфон не планшеттіңоперациялық жүйесіне қарай Play Market және Apple Store-дан QR код reader бағдарламасын жүктеп аласыз. Одан кейін жоғарыдағы немесе төмендегі кодты аталмыш бағдарламамен сканерлеу арқылы ашып, арабша-қазақша аудио нұсқасын тыңдай аласыз. Құранның арабша аудиосын оқитын Ислам әлемінде «тәжуидтің атасы» деген атпен танылған, әйгіліхафыз Махмуд Халил әл-Хусари. Оқылған аудиоға ілесе отыра тәжуидіңізді пысықтап, тіл сүрінетін қиын сөздердің дұрыс оқылуын үйрене аласыз. Ал төменгі жақтағы QR кодаяттардың қазақша аудио нұсқасын тыңдауға мүмкіндік береді. Оны оқитын–белгілі диктор, радиожурналист Мұхамедали Болатұлы.
Үшіншіден, араб әріптері бір-бірінің үстіне мінгестірілмей, анық әрі айқын жазылған. Бұл Құран оқитын әрі жаттайтын кісілердің есте сақтау қабілетініңартуына әрі жылдамдауына септігін тигізеді ойлаймыз.
Төртіншіден, Құранға тиісті тәжуид ережелері қамтылған. Атап айтар болсақ, мәдтің барлық түрлері, сукунды нун мен тәнуинге қатысты ережелер, сәжде аяттары, пара, уақф және хизбті білдіретін белгілер т.б. анық көрсетілген. Сондай-ақ, қазақ оқырмандарына жеңіл болуы үшін бет саны мен сүрелердің атаулары арабша-қазақша таңбаланды.
Міне, ғылым жетістіктері арқылы жарыққа шығарылған Құран кәрімнің сипаттамасы осы. Біздің мақсатымыз — Құран кәрімді күнделікті оқуға құлшындыру, ұлы пәрменді ұғынуға ұмтылатындар үшін қолайлы мүмкіндік жасау.
Әрбір мұсылман Құранды өзі ғана үйреніп қоймай, оны өзгелерге де үйретуге міндетті. Себебі, пайғамбарымыз (с.а.у) хадис-шәріпте: «Сіздердің ең жақсыларыңыз — Құранды үйреніп әрі басқаларға үйреткендеріңіз», — деген. Құрансыз өмір — мәнсіз, аятсыз өмір — дәмсіз екендігін ұғынуымыз керек. Себебі Құран оқылмаған отбасынан береке, ел мен жерден ынтымақ күту бекершілік. Мұны Алла елшісі (с.а.у) «Үйлеріңізде Құран Кәрімді көп оқыңыздар. Себебі, Құран оқылмаған үйде жақсылық, береке аз болады. Ондай үй қиыншылықтан көз ашпайды» деп ескертен.
Қандайда бір үйде Құран оқылса, аспаннан періштелер еніп, шайтандар жанұшыра қашады. Жанұяға жақсылық пен тыныштық орнап, жамандықтың ауылы аулақтайды.
Қарайған жүректерге нұр беретін кітаптың пайдалануға қолайлы нұсқасының жарыққа шыққанын қуана хабарлаймыз. Тапсырыс беріп, құмарта оқып, шаңырағыңыздың нұрын арттырыңыз. Жақын-жұрағатқа, дос-жаранға жаңа Құранды сыйға тарту арқылы рухани күйзелістен серпілтіп, көңілдеріне шипа сыйлаңыз.
Жалпы мұсылман қауымы Құран оқудың қасиетін жақсы түсініп, қасиетті Рамазан айында берілетінмол сауапқа Алланың кітабын оқу арқылы қол жеткізуі қажет. Ендеше келіңіздер, қасиетті кітапты оқиық.

Мирас Кесебаев